Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақынжанды ұстаз еді

Ақынжанды ұстаз еді

Ақиінді ойласам, сол шағын ауылдың әдемі суреттері, балалалық шағым ойға оралады. Төрт сыныпты осы шағын ауылдағы баста­уыш мектепте оқыдым. Ақиін сұлу Сырдың жағасында орналасқан сол кездегі «Қараөзек» кеңшарының бөлімшесі болатын. Бөлімше орталығы демесең, кеңшар орталығынан кем емес еді. Орталық бір көшесі болатын. Оның бойында екі дүкен, мектеп, медпункт, пош­та, тұрғын үйлер қаз-қатар орналасқан. Аршыған жұмыртқадай әдемі, шағын ауыл еді. Атауы да өзінің орналасқан орнына байланысты қойылған. Сұлу Сырдың бір иінінде тұрғасын. Онда дария арнасы шірей толып ағатын. Оның бойымен күндіз-түні үлкенді-кішілі кемелер жүзетін. Осыны бүгінгі балаларға айтсаң ертегідей көреді.

Шағын ғана ауылымыздың көрікті болуын аталарымыз сол кездегі кеңшар директоры, Кеңес Одағының батыры Нағи Ілиясовтың есімімен байланыстыратын. Іскер азамат кеңшар ғана емес, бөлімше орталығының жақсы болуына жарқын істер жасаған.

Бастауыш мектептегі төрт сыныпқа бір ғана мұғалім сабақ берді. 1-3 сынып түске дейін, 2-4 сынып түстен кейін оқитын. Төрт бірдей сыныпқа сабақ беру ұстаздан біліктілік пен білімді талап ететіні ақиқат жайт. Баста­уыш сынып мұғалімі Қожабек Қоянбаев өз ісінің шебері, нағыз ұстаз еді. Сабақ түсіндіргенде бірінші төменгі сыныптан бастайтын. Одан кейінгі дәрісті олардан сәл ересектеулерге беретін. Сабақ барысында ұшқан шыбынның ызыңы естілмейді. Сабақ сұраған кезде де жоғарыдағыдай тәртіп қолданылатын. Сабақты жете түсінбеген жағдайда әр оқу­шымен жеке жұмыс жүргізеді. Аудандық халық ағарту бөлімінен алыс ауылға келген комиссия Қожабек Қоянбаевтың сабағына кіріп, мақтап кететін. Ол кездің комиссия­сының талабы жоғары болғанын бүгінде көзі тірі аға ұрпақ өкілдері жақсы біледі. Ағайдың жазулары тасқа басқандай айшықты еді. Көптеген шәкірттері алғашқы ұстазға ұқсап әдемі жа­зуға тырысатын. 3-4 сынып оқығанда ағай­дың өлең жазатын ақын екенінен де хабардар болдық. Мақалалары мен өлеңдері жергілікті «Еңбек туы» газетінен түспейтін. Осы жолдардың авторын да кезінде Қожабек ағай өлең өлкесіне қарай бағыттаған еді.

Ақынжанды ұстаз жайлы тарқатып айтатын болсақ, ол 1927 жылы Қызылорда облысы Тереңөзек ауданының Қызылөзек ауылында дүниеге келген. 1949 жылы Қызылорда педагогикалық училищесін бітіргеннен кейін еңбек жолын туған ауылында бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған. №175 жеті жылдық, сегіз жылдық орталау, орта болып мектеп атауы өзгергенімен бастауыш сынып мұғалімі білікті ұстаз Қожабек Қоянбаев өзінің байырғы қызметін жалғастыра берді. Абзал жан бір ғана білім ұясында 45 жыл мұғалімдік қызмет атқарып, құрмет демалысына шықты.

Қожабек ағай ақындығына қоса дауы­сы керемет әнші де болатын. Әсіресе Шәм­шінің әндерін айрықша шабытпен айтатын. Қансонарда аңға шығатын аңшылығы да бар еді. Жергілікті жердің тарихын зерттеп, жазып жүретін. Шәкірттерінің көпшілігі ағайдай жан-жақты болуды армандайтын. Қ.Қоянбаев жанам деген жүрекке от берген рухани дүниесі бай ұстаз еді. Аяулы жан еліміздің егемендігін көріп, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет атанғанына куә болып марқайып жүретін. 2004 жылы 77 жасында дүние салды.
«Орнында бар оңалар» дегендей, 2015 жылы ұлағатты ұстаздың немерелері «Атаның асыл жырлары» атты өлеңдер жинағын жарық­қа шығарды.

– Өмірімнің осы шағына дейін өзгеге өрнекті болмаса да өзіме өлең сияқты дүниелерді жтнақтап, дәп­тер боларлықтай жырлар жаздым. Көпшілігі ұқып­сыздықтан, жүйелеп сақтамағандықтан жоғалып кетті. 1977 жылдың қыркүйегінен бастап, ойымда жүргендерін, әр жерде жазылып қалғандарын, аудандық, облыстық газетке басылғандарын, жаңа жазылғандарын осы дәптерге түсірдім. Ендеше бұлар менің төл қолжазба шығармаларым, – деген жазба қалдырыпты ұлағатты ұстаз. Немерелері осы дәптер негізінде жинақ шығарған.
– Бұл кітапта аяулы атам Қ.Қоянбаевтың өзінің өмірлік тәжірибесінен, парасат биігі­нен, әділдік пен шындықты, өмірдің мәні мен маңызын шебер өре білген жүрек жарды жырларын оқимыз. Оның айтпақ ойларының астарынан ұға алған адамға кемері кең, таусылмас рухани қазына табуға болады, – дейді немересі Маржан Қожабекова.

Ұлағатты ұстаз штаттан тыс тілші болып отыз жылдан астам уақыт атсалысқан, аудандық газетке осы мақаланы жариялай отырып, бірнеше жүрек жарды жырларын қоса бергенді жөн көрдік.


Ана
Қырау шалған сүмбіл толқын шаштарын,
Әжім басқан кең маңдайдың астарын.
Немерелер арасында ана отыр,
Ұрпақтары өңкей, өрім жас жалын.

Ойлы көзбен көпті көрген талайғы,
Сүйсінеді қызығына қарайды.
Қарайды да, егде жүрек жасарып,
Өзін өмір иесіне санайды.

Рас, ана-өмір, бақыт тіршілік,
Ана егеді өмірге сән, гүл шыбық,
Ана жанын мәңгілік қыс баспасын,
Дүние жарқын, болсын нұрлы, гүл тынық.

Сондықтан да ана өмірдің батыры,
Ана – өмірдің білгірі, ақылы.
Әлдилеген Абайдайын сөз шыңын,
Ана – дана, ана – өмірдің ақыны.

Қандай нұрлы болса көркем келбетің,
Өзің ана гүлдентуші жер бетін.
Айтар едім ана өздерің болмасаң,
Болар еді дүние нәрсіз, жер жетім.

Бір дән жерде қалмасын

Ел ырзығы, мол несібе, бақ та ырыс,
Пісіп, толып ару дидар ақ күріш,
Сыр бойында қызды күйі еңбектің,
Басталды да дәнге жорық-тасқынды іс.

Қолға қолдар, күшке күштер жалғасып,
Саналарда жалын, жігер алмасып,
Әр жүректен, орын алды мына ұран:
Жүйріктер кім, кәне оз да алға шық!

Әр толқынды ерен күшпен елемей,
Мұхиттарда жүйіткіп жүзген кемедей.
Комбайндар дестелерден үйді тау,
Жер-Анамен бір жаралған денедей.

Қарқынды іске қызған жерде алаудай,
Күн қарайды көк түсінен көз алмай.
Қырмандарда шаттық күлкі, сан жұмыс,
Қызығы мол, жиылған жұрт базардай.

Астық-бақыт арайлаған ақ таңдар,
Астық толған дастарханға ақ нандар.
Алтын дәндей кемелденіп ер жеткен,
Қуана кеп өмірге есік ашқандар!

Бар дидарға күлкі ойнатқан осы дән,
Дән күшімен көріктенген осы маң.
Дән күшімен ләззат алған адамдар,
Мына дархан өмір атты досынан.

Жыл ерекше, жыл ерекше биылғы,
Жеңетін сәт келді ерте қиынды.
Арна тойға, диқан қауым ер халық,
Еңбегіңді, ерлігіңді, сыйыңды.

Шиқан бұлақ

Бір жер бар қырда дейтін Шиқан бұлақ
Шиқан-шың, шөккен нардай жатыр сұлап.
Табиғат неткен шебер шың төсінен,
Мөп-мөлдір бұлақ аққан су сылдырап.
Үлкен жол осы шыңды орай өткен,
Су-сусын шөлдегенге болған көптен.
Секілді су шыққан жер шиқан жара,
Ел содан Шиқан бұлақ атап кеткен.
Көрсеңіз көктемде сіз Шиқан көркін,
Көмкеріп қызыл гүлден киіп бөркін.
Тұрады атырапқа күле қарап,
Секілді аймақ қызы, Шиқан төркін.
Жайылып өңірінде мыңдаған қой,
Кербез шың ортасында көтеріп бой,
Еңісте ақ боз үйлер қатар түзеп,
Жатады сауық-сайран күнде етіп той.
Көктемде гүл бүршігін жарған шақта,
Кетеді өңір ұқсап жасыл баққа.
Бойында бал-бұлақтың мал мамырлап,
Күмбірлеп күй шалқиды нәрлі аймақта.
Көктеммен жазда өңірдің жері жасыл,
Май басқан саулық тоқты, төлі-асыл.
Шәрбаттай салқын суды сіміре ішіп,
Бөбектей жас шалғынға салады асыр.
Шиқанның су жүретін сай-саласы,
Бал жусан көмкерілген малдың асы.
Ақ мөлдір бұлақ суы секілді нақ,
Шәрбаттай сан отардың шайханасы.
Шиқанды демейді ешкім жер нашары,
Бал суы шөл қандырып, нәрді ашады.
Шиқанның аласарған көп қырқасы,
Батыста Мыңбұлаққа жалғасады.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ 
18 тамыз 2020 ж. 620 0