ТУҒАН ЖЕРГЕ ТАҒЗЫМ
Жағасында асыр салып ойнаған, қасиетті суына шомылған “Ақиінді” 47 жылдан бері көрмеген екенмін. Балдәурен балалықтың балғын ізі қалған қасиетті мекенге баруды бірнеше жылдан бері жоспарлап жүргенмін. Осыдан бір жыл бұрын кезінде құрығы құтты жылқышы болған Асқар ауылы аумағының әрбір талы мен оймақтай жерінің шежіресіне қанық Тұрсынбек Сұлтанұлымен бірге “Ақиін” тұсындағы тарихы терең “Талдыкөлге” барғанбыз. Арғы бетке өтуге Сырдың суы “УАЗ” дөңгелегінен асып кететін болғандықтан “Талдыкөл” атырабының тарихымен ғана таныстық. Сапарымызды о баста “Талдыкөлден” бастауымызда тегін емес еді. Қарақойлы руының биі болған Жылқыбай бабамыздың қорымы осы жерде. Оған іргелес “Нұранқожа” медресесінің жарым жартылай сақталған орны бар. Ашаршылық жылдарда жергілікті халықты асыраған алтын өзек “Онділдәнің” да орны сайрап жатыр. Бұл маң – қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов “қырғи тілді” деп баға берген Асқар ақынның ата қонысы.
Қарақойлыда атымтай жомарт атанған Басқынбайдың мыңғыртып мал ұстаған қора қопсысының, еккен бау-бақшасының орны жақсы сақталған. Атақты жерлесіміз, ҚазССР Әділет министрі болған Бегайдар Жүсіповтың жарық дүниеге келіп, бал дәурен балалығының куәсі туған үйінің орны бар. Бұл туралы аудандық “Тіршілік тынысы” газетінің 2018 жылдың 26 маусымдағы №47 санында “Тарихы терең “Талдыкөл”” деген мақалада егжей-тегжейлі жазғанбыз.
“Талдыкөл” мен “Ақиін” құстың қос қанаты тәрізді қасиетті Сырдың екі жағалауында бір-біріне қарама қарсы орналасқан. Асқар ауылының үстімен жүріп, “Талдыкөл” арқылы “Ақиінге” дариямен өту мүмкін болмағандықтан биыл ол жаққа “Қараөзек”, “Қаракөл” бұрынғы облыстық жүйке жүйесі емханасы арқылы баруды жоспарладық. “Іздегенге сұраған” дегендей соңғы төрт жылдан бері соңғы елді-мекеннің тұрғындары бұдан 44 жыл бұрын тарап кеткен туған ауылына барып, әруақтарға құран бағыштап, құдайы ас береді екен. Иә, туған жер кім-кімге де қымбат. Құдайы асқа Астанадан, Түркістан облысынан, Қызылордадан, Тереңөзектен және Талдыаралдан 100-ге тарта ауылдың бұрынғы тұрғындары келді. Осы облыстық жүйке жүйелері емханасы орналасқан ауылдың, “Ақиіннің” және “Төрттамның” тағдырлары тамырлас. Алдымен “Ақиін” ауылына тоқталайық. Ол кезінде “Қаракөл” қой совхозының екінші бөлімшесінің орталығы болған шағын ғана, аршыған жұмыртқадай әдемі ауыл еді. Оның орталық көшесінде №136 Н.К.Крупская атындағы сегізжылдық мектеп, бірнеше дүкен, байланыс бөлімшесі, медпункт орналасқан болатын. Ауыл сұлу Сырдың бір иінінде тұрғандықтан “Ақиін” деп аталған. Шаруашылыққа Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясов жетекшілік еткен кезеңде кеңшар да, бөлімше де жақсы дамыды. Малды асылдандыру үшін америкалық “Симментал” бұқалар да алынды. “Ақиінге” сыртпен қатынас көбіне су жолы арқылы болды. Сырдария өзенінің “Қараөзек” саласы толып аққандықтан оның бойымен жүк таситын баржалар, әсем кемелер, шағын катерлер жүзетін. Ауылдың табиғаты да керемет еді.
1966 жылдың күзінде мектеп өртеніп, келер жылы облыстық жүйке жүйелері емханасы орналасқан ауыл орталығынан жаңа сегізжылдық мектеп салынды. Оны тұрғызған Әбілмәжін, Жайық Дармолдаев атты прорабтар еді. Осы мектепке менің әкем Балтабай Нұрсейітов 10 шақты жыл басшылық етті. Ол да жаңа мектептің салынуының басы-қасында болып, жетекшілік жасады. Ал, прораб Жайықтың ұлы Қарақұл Дармолдаев қазір “Қаракөл” ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы. Кезінде әкесі құрылыс салса, бүгінде баласы ауылда жарқын істердің өрістеуіне мұрындық болып жүр.
“Ақиінның” тумасы бокстан Қазақ ССР чемпионатының күміс жүлдегері, жоғары білімді мал маманы Қайырбек Жүсіп ағам айтқан мына бір аңыз әңгіменің облыстық жүйке жүйелері емхана орналасқан ауылға қатысы бар. Ақыл есі ауытқыған адамдарды емдейтін осы емхананың 1927 жылы құрылды деген нақты дерегімен қатар, оның негізі патшалы Ресей кезінен қаланды деген болжам бар. Ол бойынша Ресей патшасының, әлде губернатордың тұла бойы алтынға малынған жалғыз қызының ақыл есінде ауытқу пайда болады. Оны жұрттан оқшаулап, отарбамен “Қараөзек” бекетіне жеткізеді. Сонан кейін аталмыш емхана орналасқан жерге әкеліп, дәрігер мен жеке күтушісінің қамқорлығында болады. Емхананың алғашқы негізі осылай қаланған. Оның шаруашылық істеріне жергілікті тұрғындар да атсалысқан көрінеді. “Әкең жынды болса, байлап бақ” дейді халық нақылы. Ақыл есі ауытқыған адамдарды осылайша оқшаулау ежелден келе жатқан ереже.
“Ақиінның” тумасы бокстан Қазақ ССР чемпионатының күміс жүлдегері, жоғары білімді мал маманы Қайырбек Жүсіп ағам айтқан мына бір аңыз әңгіменің облыстық жүйке жүйелері емхана орналасқан ауылға қатысы бар. Ақыл есі ауытқыған адамдарды емдейтін осы емхананың 1927 жылы құрылды деген нақты дерегімен қатар, оның негізі патшалы Ресей кезінен қаланды деген болжам бар. Ол бойынша Ресей патшасының, әлде губернатордың тұла бойы алтынға малынған жалғыз қызының ақыл есінде ауытқу пайда болады. Оны жұрттан оқшаулап, отарбамен “Қараөзек” бекетіне жеткізеді. Сонан кейін аталмыш емхана орналасқан жерге әкеліп, дәрігер мен жеке күтушісінің қамқорлығында болады. Емхананың алғашқы негізі осылай қаланған. Оның шаруашылық істеріне жергілікті тұрғындар да атсалысқан көрінеді. “Әкең жынды болса, байлап бақ” дейді халық нақылы. Ақыл есі ауытқыған адамдарды осылайша оқшаулау ежелден келе жатқан ереже.
– Менің әкем Салмырза емхана тарағанша бас дәрігердің шаруашылық жөніндегі орынбасары болды. Біздің емхана республикалық дәрежедегі емдеу орны еді. Одақтық денсаулық сақтау министрлігінің Қаулысымен 1975 жылы аталмыш мекемелер облыс орталығына көшірілді. Біздің емханада Гонопольский деген еврей азаматы бас дәрігер болып қызмет етті. Қазір Израильде тұрады. Сол кісі 1992 жылы республикалық “Казахстанская правда” газетіне мақала жазды. Сонда ол “Қараөзек” бойындағы емхана бұрын науқастарды касторка майымен емдесе, ең алғаш “аминазим” дәрісі америкалықтардан да бұрын осы емдеу орынында қолданылды. Жақсы нәтиже берді” деп жазады. Яғни бұл “Қараөзек” бойындағы емхананың одақ бойынша маңызды болғанын білдіреді, – дейді Нұрлан Сәменов.
Мұнда бас дәрігер болып еңбек еткен бірталай жергілікті мамандар жоғары қызметке өсіп кетті. Мысалы, Дина Айсина Тереңөзек аудандық денсаулық сақтау бөлімінің бас дәрігері, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болды. Кейін облыстық дәрежеде лауазымдық қызметтер атқарды. Д.Айсинаның орынбасары болған Әшкен Бапанов Қызылорда облыстық жүйке жүйелер ауруханасын басқарды. Сол ауылға келін болып түсіп, еңбек жолын фельдшерліктен бастаған Алмагүл Бақтиярова апамыз “Қызылөзек” ауылдық кеңесінің төрайымы, аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, тағы басқа жоғары лауазымды қызметтер атқарды, Сырдария ауданының Құрметті азаматы. Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері. Сондай-ақ “Ақиін” бастауыш мектебінде оқыған Ұлмекен Жанәлиева бүгінде аудан әйелдерінің жетекшісі, Сырдария ауданының Құрметті азаматы.
Ауыл болмаса да “Қараөзек” бойындағы емхананың орны бар жерде берілген асқа жан-жақтан бұрын осында тұрған көптеген әулеттердің ұрпақтары келді. Наурызбаевтар, Қозбағаровтар, Рақымжановтар, Молданазаровтар, Мақашевтар, Бапановтар, Асановтар, Иманғалиевтар, Төлтаевтар және тағы да басқа көптеген әулеттердің отбастары. Туған жерін аңсап жиналған жұртшылықтың арасында бола алмай өкініште қалған жандар да бар. Ол бізбен бір сыныпта оқыған Ғалия Олжабайқызы Шарипова. Бізден бір сынып кейін оқыған Роза Мақашева қарындасымыз Ғалияны интернет арқылы іздеп тапқан екен. Ғ.Шарипова мектеп бітіргеннен кейін Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданында ауылшаруашылық техникумында оқыды. Бұл арнаулы оқу орнын үздік аяқтаған соң Украинаның Белая Церковь қаласының жоғарғы оқу орнын бітірді. Сол қалада украиналық поляк азаматқа тұрмысқа шықты. Қазір ол соғыс өрті өршіп жатқан Донбаста тұрады екен. Сондықтан кездесуге келе алмады. Бірақ интернет арқылы елге деген ыстық сәлемін жолдапты. Кездесуде Бидайбай, Жарқынай, Ізен атты кластастарымды көріп марқайып қалдым. Ұйымдастырушылар Болат Дүйсенбаев, Роза Мақашева және Серік Ділдаханұлына алғысымыз зор.
Кездесуден кейін Жалғасбай Мырзатаев, Ерназар Молданазар, Қасқырбай Мақашев ағаларымыз бастап кіндік қанымыз тамған, балдәурен балалық шағымыз өткен “Ақиінге” бардық. Сонадайдан дария жағасындағы жалғыз ағаш көзге оттай басылды. Бұл бізге көрші тұрған Қасқырбай ағаның үйінің жанында өскен ағаш еді. Соған қарап үйінділердің орнынан өз үйлеріміздің орнын анықтадық. Талдың түбінде тұрып естелік суретке түстік. Осы аумаққа келіп-кетіп жүрген ағалар бұрынғыдай емес дарияда су көбейгенін айтады. Жағалауда табын-табын сиыр жайылып жүр. Бұл біздің жүрегімізге жақын ыстық мекенде тіршіліктің жоғалмағанын, жалғасып жатқанын көрсетеді.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі