Анамды дертінен айықтырды

Көрші ауданда еңбек еткеніммен, аудандағы ахуалды назардан тыс қалдырмадым. Себебі, анам Ұлбосын Жақапбаева өткен айда науқастанып, аудандық ауруханаға түскен болатын. Дәрігерлер анамның пневмониямен ауырғандығын айтты. Бірнеше күн дәрігерлер бақылауында болып, анам дертінен айықты. Үнемі анам бірінші Алла тағаланың, екінші дәрігерлердің арқасында отбасына оралғандығын айтып отырады. Сындарлы сәтте табандылық танытып, әрбір науқастың өмірі үшін күрескен провизорлық стационар дәрігері Гүлзат Тыныштықбаева және барша медицина қызметкерлеріне ерекше алғысым шексіз!
Дәл қазіргі уақытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен Үкіметтің жедел қолға алған шаралардың арқасында індеттің таралуы бәсеңдеді. Карантин талаптарын сақтау керектігін ескергеніміз жөн. Күнделікті санитарлық ережелерді мұқият орындаған абзал. Барынша үрейге бой алдырмай, індет жұқтырудан қорғанайық. Алдағы уақытта карантин талаптарын жеңілдету кезең-кезеңімен жүзеге аспақ. Сондықтан біздер босаңсуға әлі ерте екендігін ұмытпайық.
Жайна Дайрабайқызы,
мәдениет саласының қызметкері