Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өсек, өтірік, мақтаншақ...

Өсек, өтірік, мақтаншақ...

Ұлы Абай өз шығармалары арқылы әділет пен шындықтың ара-жігін ажыратып, қоғам өмірінің қозғаушы күшіне айналды. Адами құндылық құрылымдарын қалыптастырған ғұлама – өз заманының реформаторы. Өркениет көшіне ілескен хәкімнің еңбектері тірліктің тамырынан нәр алып, ғаламдық болмысты айшықтайды.

Абай Құнабайұлының поэзиясы – дәуір жылнамасында адам баласының тәрбиелік һәм танымдық жол бастаушысы. Қазақтың ой кеңістігінде көрініс тапқан адам мінезінің негізгі элементтерін ұлы ойшыл шебер суреттей білген. Яғни, сан мыңдаған адамның дұрыс бағытта өмір сүруіне негіз болатын пәлсапалық зерттеулер жүргізеді. Бір ғана «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде адам болу тұрғысынан пайым-парасатын дәлелдейді. Негізінде біз өлеңдегі «Өсек, өтірік, мақтаншақ» сөзінің байыбына бара алып жүрміз бе? Бәлкім қоғамдағы өз орнымызды жоғалтып алған шығармыз. Асылында адам алдындағы парызына дақ түсірмеген Абайдың «Өсек, өтірік, мақтаншақ» сөздеріне тоқталуы бекер емес.

Хәкімнің ағартушылық бағытта жазылған «Ғылым таппай мақтанба» өлеңі 1886 жылы жарыққа шыққан. Тағылымға толы шығармада ұлы ойшыл адамзат баласы үшін білім мен ғылымның, рухани құндылықтың маңыздылығын дәріптейді.

Тұлға ретінде қалыптасқан әрбір адамның бойында сан түрлі мінездер жиынтығы болады. Қайталанбас өмірлік қағидалары арқылы көпшілік ортада танылады. Замана тоғысында түрліше құбылған адамның ойында барлық жағынан қалыптасуға бейім сезім мүшесі дамиды. Абай жетінші қара сөзінде: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі – білсем екен демектік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «Ол немене?», «Бұл немене?» деп, «Ол неге үйтеді?», «Бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген» деп баға береді.

Ақиқатында сан тараудан тұратын адами болмыстың ішінде жалған әңгіме мен пайдасыз өсек құмарлық жан аздыратыны сөзсіз. Қазіргі қоғамда кісі артынан ғайбаттау, асыра сілтеу белең алғаны қай заман? Шындыққа көз жеткізбейінше сөзшең болудың өзі әбес­тік. Адам әлеуметтік ортада өмір сүргеннен кейін арада теңсіздік орын алады. Ортақ байланыс болғанымен, өзара тепе-теңдік орын алмайды. Сондықтан дінде «Біреудің сыртынан жағымсыз, жарамсыз сөз айту, демек бір адамның бойындағы кемшіліктердің басқа біреуге оның сыртынан айтылуы «ғайбат» делінеді. Негізінен «Ғайбат айту – үлкен күнәлардың бірі» саналады. Адамдар біреуді жамандау немесе сыртынан сөз ету күнәнің үлкені екенін біле тұра жағымсыз пиғылын танытады. Өсектің артында дәйек пен дәлел көрініс таппай, оның өміршеңдігі жоғалмайды.

Жақын мен жора-жолдас, ағайын-туыс, өзіңіз білмейтін екінші бір адам артынан жаман сөз айту – пайым-парасатыңыздан хабар береді. Адамның көңіліне қарау, ренжітпеу – парыз. Болмашыдан қалған көңілге кірбің түскен жағдайда адамның оңалуы қиын. Кімде болса пейілінің дұрыстығынан кісіге жағады. Өздігінен кісі артынан ғайбаттау өз ортаңда қадіріңді қашырады. Абай отыз алтыншы қара сөзінде: «Осы күнде менің көрген кісілерім ұялмақ түгіл, қызармайды да. «Ол істен мен ұятты болдым дедім ғой, енді нең бар?» дейді. Иә болмаса: «Жә, жә, оған мен-ақ ұятты болайын, сен өзің де сүйтіп пе едің?» дейді. Немесе «Пәленше де, түгенше де тірі жүр ғой, пәлен қылған, түген қылған, менікі оның қасында несі сөз, пәлендей, түгендей мәнісі бар емес пе еді?» деп, ұялтамын десең, жап-жай дауын сабап отырады. Осыны ұялған кісі дейміз бе, ұялмаған кісі дейміз бе? Ұялған десек, хадис анау, жақсылардан қалған сөз анау. Осындай адамның иманы бар дейміз бе, жоқ дейміз бе?!

«Адамның өзі жетпеген жеріне сөзі жетеді» деген қазақта тәмсіл бар. Сондықтан үй сыртында кісі бар екенін ұмытпаған абзал. Негізінде тектіден туған ұрпақ текті сөйлейді. Күндестікпен күнін өткізгеннің артынан есті адам ермейді. Бір киелі сөз мың кісінің көңілін жадыратқаны керемет. Қай кезде де кісі артынан сөйлемес бұрын ақылға жүгінген жақсы. Өсекпен өрілген сөзді тек шындық тоқтата алады. Сөйлемес сөздің атасы өлер тұста айналаға байыппен қараған дұрыс. Абаймен үндесіп, төл шәкіртіне айналған Шәкірім Құдайбердіұлы «Есті адам тілін тия алады. Бірақ ешкім ойын тия алмайды» дейді. Расында ой елегінен өткізіп барып, көпшілік ортада байыппен сөйлеген кімге болса да пайдалы.

Ұлы Абай адамзат баласына залал кел­тіретін бес дұшпанның бірі өтірік хақында көп ой айтқан. Хәкім өзінің қара сөздерінде өтірік турасында адамзат баласына өсиет қалдырған.
«Бал тамған өтіріктен, қан тамған шын­дық артық» демекші, Абай мұрасын зейініне тоқыған әрбір қазақ күнәлі іске бармаса керек-ті.

Бірде Абай үйінде отырып, өзінің досы Бөгештен: – «Дауасыз не? Арзан не? Қымбат не?» деп сұраған екен. Сонда досы: «Дауасыз – кәрілік, арзан – өтірік, қымбат – шындық», – деп жауап береді. Бүгінгі арзан дүниеге қызыққан қоғам бейнесі аянышты. Шәкірім айтқандай, «Өтіріктен тілін тия алмаған адам арамдықтан ындынын тия алмас». Өзі өтірікші бола тұрып, өзгенің сөзіне сенбейтін кей адамның қарекетіне көз жұма қараймыз. Он күнәнің тоғызы тілден келетінін барлығымыз жақсы білеміз. Жалған сөйлеудің артында асқан жауапкершілік жатыр.

Жалпы алғанда Пайғамбарымыздың (с.а.у) қызы Үмму Күлсім (р.а) жеткізген хадисте: «Мен Пайғамбарымыздан (с.а.у) өтірік айтуды үш жерден артық рұқсат бергенін естімедім» деген:
Яғни, бір адам екі жақты жарастыру мақсатымен айтса (яғни келіспей қалған екі тарапты), бір адам соғыс кезінде (айла үшін) айтса, күйеуі әйелімен сөйлескен кезде және әйелі күйеуімен тілдескен кезде», ерлі-зайыптылар арадағы көркем қатынасты сақтау үшін өтірік айтса болады. Ал одан басқа ниет көзделсе, онда өтіріктің қай түрі болмасын – дұрыс емес деген екен. Күнделікті өмірде сан түрлі өтірікке бой алдырған адам бойында адами қасиет жоғалады. Көркем мінезді болу үшін үнемі жалған сөйлемеу парыз. Пайда үшін кісі алдында құнымызды түсірмей, өтірік сөз өрге баспайтындығын ұғынайық.

Хәкім Абай жиырма бірінші қара сөзінде адам бойындағы мақтаншақтықты қасиетті талдайды. Мақтаншақтық қасиеттің ара-жігін көрсетіп, барлық адамды надандыққа бармауға шақырады. Жарамсыз қылықтан арылып, мінезді түзеуге өсиет айтады. Ғұламаның әр сөзінен ғибрат ала отырып, мақтаншақтыққа жол бермеген абзал.

Заман көшіне ілескен адам жанының азуы – бәсекелестік пен мақтаншақтықтың көрініс табуында. «Мақтаныш барлық адамға тән: айырмасы мұны олардың қай жерде және қашан көрсетуінде ғана» дейді халық даналығында. Жан азбас үшін өзін өмір сүрген ортада азаматтық болмыс­ты ұстанған жөн. Жатқа мақтану емес, көптен алғыс алу тектілік. Мақтаншақтықпен алған мадақтың құны төмен. Ар-намысты сақтау, адамгершілік тұрғысынан ойлау – көрегенділік. Жарлының алдында өктемдік жүргізіп, өзіне мақтан іздеудің артында надандық жатыр. Сондықтан мақтаныш жете ойланбаудан әрі өзін-өзі білмеуден болатындығын әрбір адам білсе керек-ті.

Қоғамда жақсы атпен танылу үшін ұлы Абай айтқан бес нәрсеге асық болайық, ағайын!
15 тамыз 2020 ж. 961 0