Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жыр оқуды әкімдер жалғастырды

Жыр оқуды әкімдер жалғастырды

Өткен жылы қазақтың дана Абайының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында 9 жастағы мектеп оқушысы Ләйлім-Шырақ өлең оқу эстафетасын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған болатын. Бұл бастаманы Мемлекет басшысы зор қуанышпен қабыл алып, хәкім Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінен үзінді оқыды.
Міне, осыдан бастау алған өлең оқу эстафетасы еліміздің түкпір-түкпіріне жетіп, бас ақынның өлеңін жатқа оқушылар көбейді. Тіптен алыс-жақын шетелдерден де ақынның өлеңін жатқа оқып, сәлем жолдаушылар қатары жеткілікті болды.
Мұндай игі бастама биылғы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойында лайықты жалғасын тауып, қазақстандықтар хәкімнің баға жетпес мұраларын ұлықтауда. Соның бір айғағы ретінде жыл басында облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов эстафетаны сырбойылық жастардан қабыл алып, Абайдың «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» өлеңінен үзінді оқыды. Мерейтой жылын осындай игі іспен бастап, оны министр, спорт саңлағы және қала, аудан әкімдеріне жолдаған еді. Тиісінше, өлең оқу эстафетасын аудан әкімі Руслан Рүстемов қабыл алып, «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» өлеңін оқып, «Фейсбук» әлеуметтік желісіне жариялады. Бүгінде оны 3357 адам қарап, 62 адам бөліскен және 215 адам ұнату белгісін басқан.
Аудан әкімінің эстафетасын аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев жалғастырып, ақынның «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап» өлеңінен үзінді оқыды. Эстафетаны Nur Otan партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Еркебұлан Жақыпқа, аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы Ақтөре Ибрагимұлына және бірқатар басшыға жолдады. Сондай-ақ хәкімнің өлеңін оқуды аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Лекеров та жалғастырып, «Желсіз түнде жарық-ай» өлеңін оқыды және абзал азаматтар Алмас Серекеев пен Серік Пірімбетовке жолдады.
Ауыл әкімдері де игі іске үн қосты. Абай өлеңін Айдарлы ауылының әкімі Айбол Ержанов, Аманкелді ауылының әкімі Құрманғали Құлымбетов, Шаған ауылының әкімі Ұлбала Абдраманова, А.Тоқмағамбетов ауылының әкімі Ғабдолла Алданазаров оқып, әлеуметтік желіге бөлісті. Мұндай игі шара алдағы уақытта да жалғасын табатынына сеніміміз кәміл.

Е.ЖАППАРБЕК
22 ақпан 2020 ж. 542 0