Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Балалар шамшырағын жаққан

Балалар шамшырағын жаққан

Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық екені айқын. Дана халқымыз «мұғалім  мамандығы – барлық  мамандықтыңанасы»  деп бекер айтпаса керек-ті. Өйткені ұстаз  алдынан  тәрбиеалмайтын  жан  жоқ. Әр баланың бойында мұғалім жаққан шамшырақ өмірлік азық болады. Бұл ретте алғашқы ұстаздың шәкірттерге берген білімі – тылсым өмірді тануға жасаған алғашқы қадамы. Жас шыбықты қалай исең, солай өсетіні секілді алғашқы ұстаздың бала болашағына айрықша септігі тиетіні сөзсіз. Бұл жаңа үй тұрғызар алдында іргетасын мықтап қалаумен пара-пар. Расында, баланың шамшырағын дұрыс жаға білген аяулы ұстазға құрмет мол, ілтипат ерекше.

Алғашқы ұстаз туралы бекер айтып отырған жоқпыз. Себебі өткен ғасыр еншісінде сабақ берген, сапалы білім, саналы тәрбие үйреткен ұстаздардың шоқтығы әрқашан биік тұрады. Солардың қатарында саналы ғұмырын бала оқытуға арнаған Сейсенкүл Баймашеваны ерекше атауға болады. Бүгінде ол кісіден тәлім-тәрбие алғандар ел ағасы, ел анасы болып, ұстаз ұлағатын жалғап келеді.

Сейсенкүл Баймашқызы 1929 жыл­дың 15 сәуірінде Қараөзек стансасында қарапайым отбасында дүние дидарын ашқан. Оның әкесі Баймаш – сол кезеңдегі «Түркістан – Сібір» магистралды теміржолын салуға қатысқан теміржолшы. С.Баймашева дүниеге келген кезең таршылық, жоқшылық, нәубетті жылдармен қа­тар келген. Зобалаң жылдарында әркім хал-қадірінше тіршілік ке­шті. Міне осындай зұлматты жылдарды бейнетпен артта қалдырып, еңбекпен есейеді. Зобалаңның арты сұрапыл соғысқа ұласты. Бұл кезеңді де бойжеткен бастан кешірген. Сұм соғыстың қасіреті қазақ даласын айналып өткен жоқ. Десе де қан майдан Ұлы Жеңіспен аяқталып, соғыстан кейінгі кезеңдерде ел-халықтың әлеуетін арттыру саясаты қолға алынды. Міне осы шақта, яғни 1947 жылы Сейсенкүл Баймашева Қызылорда педагогикалық училищесіне «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандығы бойынша оқуға түседі. Одан кейін Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда пе­дагогикалық институтында аталған мамандыққа сәйкес жоғары білім алған.

Жоғарыда айтқандай, соғыстан кейінгі кезеңде ауыл тіршілігі тұралап қалған. Ел еңсесін енді тіктеп жатқан шақ. Мектептердің де материалдық-техникалық базасы бүгінгідей жабдық­талмаған. Алайда ұстанымы мықты ұстаздар шәкірттерге сабақ беруде қолдан қажетті дүние жасап, білім берген. Осындай уақытта жоғары оқу орнын бітірген жас маман еңбек жолын «Жаңарық» жетіжылдық мектебінде бастаған. Алғаш рет алғашқы ұстаз атанған жан білім ошағында жүріп тәжірибе жинақтайды. Ұлағатты, тәжірибелі ұстаздардың тәлімін көреді. Бала бағбаны болуда шыдам­дылық, төзім керек екенін, «Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» екенін ұғады, түсі­неді. Жетіжылдық мектептен кейін Сейсенкүл Баймашқызы 1949-1952 жылдары Тереңөзек (қазіргі Сырдария) ауданына қарасты С.Сейфуллин ауылындағы «1 май» мектебінде ұстаз­дық қызмет етті. Бұл елді мекенде де шәкірт тәрбиелеп, ұстаздық жолда өз қолтаңбасын қалдырды.

Білікті ұстаз 1952 жылы «Пар­тияның ХХІ съезі» атындағы (қазір­гі Тереңөзек кентіне қарасты О.Мәлі­баев елді мекені) ауылында орналасқан №131 Қызылдихан орта мектебіне ауысқан. Отыз жылдан аса уақыт бі­­лім шаңырағында бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етіп, талай шәкірттерге «Әліппені» ұстатып, білім нәрімен сусындатқан. Жұмыс барысында ұқыпты маман ретінде танылып, әріптестер арасында сыйлы болған. Мектеп қабырғасында бастауыш сынып мұғалімдерін айтқан­да оның алғы қатарында Сейсенкүл Баймашқызы айтылады екен. Өйткені ол кісінің ұстаздық қызметте тәжірибесі мол болған. Мұны сол кезеңдерде алғаш жұмысқа қабылданып, өнегесін көрген бүгінгі ардагер-ұстаздар растайды.

«Мен 1973 жылдың қаңтар айында осы елді мекенге келін болып түстім. Ал сол жылдың наурызынан бастап №131 орта мектепке жұмысқа қабылдандым. Осы кезде мені құшақ жая қарсы алған ұстаздардың ішінде Сейсенкүл апай болды. Ол кісі «Жас маман жұмысқа тұрды» деп қуанып, мұғалімдермен таныстырып, сол күні ерекше ықылас көрсетті. Содан кейін жұмыс барысында өз көмегін аямады. Білмегендерімізді үйретті. Сейсенкүл апай өте ұқыпты, ісіне тиянақты болатын. Және де көпшіл еді. Сол қасиеттерімен ұстазды барлығы құрметтейтін. Біз апаймен көрші де болдық. Жұмысқа тұрған кезімде мектептен бөлек, үйіне де жолдасым екеумізді қонақ етіп шақырды. Үнемі жанашырлық танытып жүретін. Менің ол кісіге деген құрметім зор» дейді ардагер-ұстаз Ұлбосын Ералиева.

Ал ардагер-ұстаз Алтын Нұртаева «1975 жылы А.Тоқмағамбетов ауы­лындағы мектептен №131 Қызыл­дихан орта мектебіне ауысып келдім. Бастауыш сыныптарға сабақ беремін. Сол уақыттарда біз Сейсенкүл Баймашева, Патыма Күшікбаева, Зылиха апайлардың тәлім-тәрбиесін көріп, өнеге тұттық. Ол кісілердің білім берудегі тәжірибесі мол. Оның үстіне Сейсенкүл апайдың жазуы тайға таңба басқандай еді. Ол кісі бізге өз тәжірибесімен бөлісетін. Үлгі алдық. Үлкендігін көрсетті. Мектепте ұстаздар бөлмесіне Сейсенкүл апай келгенде орын беріп, бос уақыттарында сұрақтарымызды қо­йып алатынбыз. Сейсенкүл апай бас­тауыш сыныптарға сабақ беріп те, үй шаруасын да қатар тындыратын. Арасында «Қалай жақсы келін атанамыз?», «Нанды қалай тәтті етіп пісіреміз?» дегенді сұрап аламыз. Ол кісілер үнемі ақыл-кеңесін айтып оты­­ратын құрметті кісілер еді» деп еске алады.

Бүкіл әлемді жаулап алуды көксе­ген Ескендір Зұлқарнайын: «Мен ұстазыма әкемнен кем қарыздар емес­пін. Әкемнен өмірді алсам, Аристотельден сол өмірге керектінің бәрін алдым» деген екен. Сол айтқандай, бастауышта қолына қалам ұстатып, әріп танытқан ұстазға шәкірттері өмір бойы қарыздар екені сөзсіз. Осы ретте ұлағатты ұстаздан тәлім алған шәкірттерін атап өткен жөн. Аталмыш білім ордасын 1956 оқу жылы мектеп табалдырығын аттаған Еділ Асанов, Райс Медетбаев, Рабиға Сә­дуа­қасова, Өлмес Сүлейменова, Дари­ға Алдабергенова, Сәрсенкүл Жаңа­баева, Рая Пірмағанбетова және тағы басқалары, ұстаз ұлағатын көрген. Сәрсембай Қожанов, Алтынбек Балжанов, Жарбол Ұлтанбеков, Бауыржан Бекма­ғанбетов және басқалары бүгінде ел ағалары, ел аналары атанған.

С.Баймашеваның тәлімін алғандар белсенді, үлгілі оқушылар қатарында болған. Оны бүгінде әралуан салада жемісті еңбек етіп жүрген, сондай-ақ бейнетінің зейнетін көріп отырған шәкірттері естелік ретінде айтады.

«Менің әкем ферма меңгерушісі болды. Жұмыс барысымен көбіне фермада болатын. Сондықтан біз нағашы ағамыз Қыдырбай деген кісінің үйінде жатып оқыдық. Мектепті алғаш аттағанымызда бізге Сейсенкүл апай сабақ берді. Өте білімді кісі еді. Мінезі ұстамды, сабырлы, бір мінезді. Сабақ бергенде талапшыл болатын. Нағыз ұстаз деген атаққа лайық еді. Мектептегі табандылығы, өзін-өзі ұстауы көпке үлгі болды. Міне осындай кісінің алдынан өтіп, тәрбиесін көргеннен кейін ұстаз болуға деген ынтам артты. Сейсенкүл апай өзінің саналы ғұмырын ұстаздық қызметке арнады. Содан болса керек мен де білім саласында отыз жылдан аса еңбек етіп, бала оқыттым. Көптеген жетістіктерге жеттім. Бұған Сейсенкүл апай берген тәлім-тәрбие әсер етті десем артық айтқандық болмас» дейді алғашқы шәкірттерінің бірі Рабиға Сәдуақасова.

Ұлағатты ұстаздың есімі сол шақтағы мектеп қабырғасындағы білім алушы оқушылардың бәріне жақсы таныс. Олай дейтініміз, аталған мектепте білім алған өнер майталманы, мәдениет саласының үздігі Сандыбай Сәдуақасов та ол кісіні ерекше құрметтеп, үлгі тұтқанын айтады. «Мектепте Сейсенкүл апай бізге сабақ берген жоқ. Бірақ ол кісінің оқушыларға деген ықыласын білетінбіз. Нағыз ұстаз деген атаққа лайық еді. Өзін-өзі ұстауы, мұғалім ретіндегі тұлғасы жастарға үлгі болды. Біз де ол кісіден өнеге алатынбыз» дейді мәдениет саласының ардагері.

Ардақты ұстаз Сейсенкүл Баймаш­қызы 1979 жылы зейнет демалысына шыққан. Тәжірибелі бастауыш сынып мұғалімі зейнетке шықса да 1983 жылға дейін мектеп қабырғасында оқушыларды тәрбиеледі. Осы салада білікті ұстаз жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беру жолында қырық жылдай мерейлі еңбек етті. Сол еңбегі еленіп ҚР Білім және ғылым министрінің, облыстық, аудандық білім басқармасы басшы­сының «Құрмет» грамотасымен және көптеген Алғыс хаттармен мара­патталған. Ол кісі 2000 жылы 4 маусымда дүниеден өткен.

Құрметті ұстаз саналы ғұмырында өзгенің де, өзінің де уақытын аялаған. Бала оқытумен қатар ол кісі үй шаруасында тап-тұйнақтай тындыратын болған. Жұбайы Жаңақұл Ақназаров екеуі төрт ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді. Олардың бәрі де жоғары білімді. Үлкен ұл Нұрлан Есмағанбетов – ардагер-ұстаз. Еңбек жолын аудандағы №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектепте бас­тап, аудандық атқару комитетінде бөлім басшысы қызметін атқарған. Кейіннен Алматыға көшіп, облыстық мұғалімдердің білім жетілдіру институтында оқытушы болып, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отыр.Екі қызы София мен Гүлнар ұлағат иесінің ұстаздық жолын жалғаған. Сонымен қатар екі келіні Орынкүл мен Ләззат та қадірлі мамандықты таңдап, бала оқытуда тәжірибелі ұстаз атанған. Кіші келіні Ләззат Палымбетова – ұстаздар әулетінің қызы. Қазір білікті ұстаз еңбек еткен №131 Т.Қозыбаев атындағы орта мектептің директоры қызметін абыроймен атқарып келеді.

– Апамыз гүл өсіруді өте жақсы кө­ретін. Көктем басталса болды, бақ­шадан шықпайды. Ауласында еккен бау-бақшасы жайқалып, алма, алмұрттың әр түрлі сорттарынан жыл сайын жақсы өнім алады. Жұбайы мен балаларының жағдайын жасаумен қатар, үйден арылмайтын, жұбайына келетін меймандарды да күту апайдың мойнында болды. Барлығын өзі жүріп тындыратын еді, – дейді әулеттің үлкен келіні, алматылық ардагер-ұстаз Орынкүл Мұратова.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдар­ла­ма­лық мақаласында әрбір адам туған жерге еңбегі сіңген тұлғаларды тануы тиістігі айтылған. Міне осы негізде бала бағбаны болып, талай шәкірттерді тылсым дүние сырымен таныстырған, білім нәрін сепкен ұлағатты ұстазды кейінгі буын біліп өсуі тиіс. Сондықтан ұлағаты бүгінгі күнге дейін жалғасып, есімі аталғанда нағыз ұстаз екені білінетін ұстазға өскелең ұрпақтың кұрметі мол болуы қажет.

Ердос БЕРКІНБАЕВ
06 маусым 2020 ж. 728 0