Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақын тұтынған асадал

Ақын тұтынған асадал

Күллі қазаққа жол көрсетуші ғұлама ақын Абай Құнан­байұлының мол мұрасы халқымыздың әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін көтерумен ерекше­ленеді. Оның шығармаларынан әр адамның көкірек көзін ашуға, пайым-парасатын жетілдіруге, қадір-қасиетін бағалауға деген ұмтылысын байқауға болады. Қазіргі кезеңде Абайдың шығармаларымен қатар өзі қолданған бұйымдары, тұрмыстық заттары да құнды жәдігер саналады. Осы орайда аудандық тарихи-өлкетану музейі қорындағы дана ақын Абай тұтынған асадал (шкаф) жайлы сөз етпекпіз.

Тарихы сонау ХХ ғасырдан бастау алатын ұлы ақын тұтынған асадал-шкафтың Жетісу асып Сыр еліне қалай жеткендігі туралы тарқатып айтайық.

Заманында Құнанбай қажы қа­зақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтың атасы Әуезді еліне діни бағытта білім беру үшін шақырғаны тарихтан белгілі. Осы кісімен бірге Сыр елінен діни білімі бар бірнеше жас еріп барыпты. Солардың ішін­де бүгінгі ауданға қарасты Ақжарма елді мекеніндегі «Азат» деген жерден Дәрібай есімді жігіт болған. Арқаға барғанда сырбойылық діндар жігіт Құнанбай әулетінен шыққан, әкесінің есімі белгісіз Тұрған есімді қызбен тіл табысып, бас қосады. Қос ғашық елге келіп, отау құрып, үйлі-жайлы болады. Олардан Құлжан, Тасжан, Қосжан есімді ұлдар, Патыма, Зейнеп, Зере, Гүлсім есімді қыздар тарайды. Қазақы салт бойынша тұрмысқа шыққан қыз балалы-шағалы болып, қолдары өз аузына жеткенде өз еліне төркіндеп баратын болған. Сол үрдіспен Арқаның қызы еліне баруға қамданып, өзімен бірге ұлдарының ішіндегі болымдысы Тасжанды ертіп кетеді. Өз жұртына төркіндеп барған­да Абайдың дүниеден озған кезі екен.

Тұрған ағайын-туыспен көрісіп, ел жағдайына қанық болады. Сол арада төркін жұртына ұлы Тасжанның алғырлығы ұнаса керек. Сыр еліне қайтар шақта оған арнайы «жиен сыбаға» деп нағашысы Абайдың кітап сөресін сыйлапты. Абай тұтынған дүние осылай елге жетеді. Алайда, біршама уақыттан кейін кітап сөресін сыйға алған Тасжан өмірден озған.

Анасы Тұрған қызы Зеренің есімін Абайдың әжесінің құрметіне қойған. Ол осы Ақжарма топырағында туған Бабай ишанға тұрмысқа шығады. Сол кезде анасы Тасжанға берілген нағашы жұрттың кітап сөресін қыз жасауына қосып беріп жіберген.
1905 жылы Бабай ишан Балталы Найман руының Бегімбай, Қара­ман, Нысанбай, Емжар секілді игі жақ­сыларының шақыруымен А.Тоқ­­ма­ғамбетов ауылына келеді. Елді мекеннің арқа тұсындағы қазір­гі «Бабай ишан» деген жерге қоныс­танған. Сол жерге халық күшімен мешіт салынып, ишан діни сабақ береді. Бабай ишан мен Зереден Иман, Әбдіәли, Қалымбет, Абдулла есімді ұлдар, Қалжан, Әсия, Балжан, Қадиша, Үмбіш есімді қыздар тарайды.

Кешегі Кеңестік кезеңнің байлар мен молдаларға қырғидай тиген зобалаңы бұл әулетті де айналып өтпесе керек. 1929 жылы аталған жүйенің тауқыметі тиіп, Бабай ишан әулеті бұл жерден Тәжікстанға көшуге мәжбүр болады. Көшер кезде тек алып жүруге ыңғайлы дүние-мүліктерін жиыстырып, қалғанын осындағы азаматтарға аманаттап кетіпті. Сөз етіп отырған кітап сөресін ауыл азаматы Тумыш алып қалған көрінеді.

1942 жылы Әсияның ұрпақтары Ах­метбек, Мамадияр, Әбдіраман А.Тоқмағамбетов ауылына қайта көшіп келеді. Елге келісімен Әсия әке-шешесінің Тумышқа аманаттап кеткен дүниелері, оның ішінде Семейден келген асадалды қайтарып алады. Ғасырдан аса тарихы бар бұл дүниені 2006 жылы Ұлы Отан соғысының ардагері, Зеренің немересі 80 жастағы Ахметбек Іскендіров музей қорына тапсырады. Музейде тұрған бұл жәдігердің биіктігі – 1 метр, ені 50 см. Заманында белгілі тұлғалар тұтынушыға лайық етіп орыс ше­берлерінің жасағаны көрініп тұр. Алғашқы кезде қызыл-қоңыр бояумен сырланса, кейіннен ақ эмальмен сырланып, шкаф түрін өзгерткен.

Ұлы Абайдың 175 жылдығын мерекелеу аясында өтіп жатқан шаралар жастардың патриоттық сезімдерін оятып, өмірге, өнерге деген көзқарастарын жаңа қырынан ашуда. Осы ретте музей қорындағы Абай тұтынған асадал экспозиция төрінен орын алып, арнайы тақырыптық көрмелер жасақталып, келуші қонақтар мен аудан жастарына насихатталуда. Сонымен қатар музей қызметкерлері осы құнды жәдігер жайлы зерттеп, бұқаралық ақпарат құралдарына жариялап, қалың оқырманды құнды деректермен қанықтыруда. Ата-баба аманатын ардақтау – баршаға парыз!

Салтанат ҚУАНДЫҚОВА,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері

11 тамыз 2020 ж. 767 0