Алланың өзі де рас, сөзі де рас
Абайдың әкесі Құнанбай – жан сарайын шариғат жолымен тазартуды мұрат тұтқан, жүрек қалауымен хақ жолын таңдаған діншіл жан. Қажылық парызын өтеген, Меккеде тәкия үйін салып, сауап жиған иманы кәміл адам.
Қазақы халықтық тәрбиенің үлгісі, ертегіші аңыз ана – Зере, дәретсіз бала емізбеген Ұлжан анадан дарыған табиғат сыйлаған дарын қанмен берілген тек тазалығы Абайды көпке үлгі, елге сыйлы етті. Бұл жерде дала даналығы, тек тазалығын сақтау, сұрыптау заңдылығын білген текті әулеттің ел таныған ұрпағының дүниеге келуі – бірінші фактор.
Назар аударатын фактордың екіншісі – Ислам ғұламаларының барлығы дерлік Алланы тану өзін-өзі танудан бастау алатындығын айтудан жалыққан емес. Бұл ешқандай дау тудырмайтын дәлелденген қағида. Абай ғасырлар өткен сайын беделін үстем ететін жайттың бірі – өзін-өзі таныған, өзін тани отырып, Алланы тануға жол табуы болса керек.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты ой-толғауында ұлт болып ұйысуға жол ашатын құндылықтарды айқындап бере отырып, «Абайды тану – өзін-өзі тану үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдылық беруі – кемелділіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз – осы» – деп ұлтқа үлгі болар жолды ұсынды.
Үш жыл Ахмет Риза имам медресесінен бастау алған білім шығыс шайырлары, батыс білгірлерін өздігінен оқып, өзін-өзі жетілдіруі кемелденуге баспалдақ болғаны анық. Ақын Байкөкше, Көкбай, сыбызғышы Қиясбай, әнші Мұқа, ертекші Баймағамбет, өз балалары, інілерімен қалыптастырған даланың әдеби, мәдени мектебі ойға ой қосып, кемелдену сатысымен үнемі өрлеуге жол ашты.
Алла өзінің жолын ұстаған жандардың дәрежесін үстем етіп қояды емес пе?! Ендеше, Абай дүйім жұрт алдында беделінің үстем болуы Алланың қалауымен болған болар, сірә!
Сонау Кеңес заманы кезеңінде-ақ Абайды поэзия пайғамбарына теңеушілер, әуелі оның дін насихатшысы екендігін айтқысы келгендігінен болар. Әйтпесе, пайғамбарлық адам беретін атақ емес, пайғамбарлық Алладан, Алла таңдауы, һәм қалауы.
Ақын – Пайғамбарлардан кейінгі Алланың сөзін халқына жеткізуші құдірет иесі. Ақын Алла аяны арқылы сөз сөйлейді. Сондықтан болар кез келген қазақ ұйқас құрап, сөз жазғанымен, нағыз өлең жаза алмасы анық.
Ал Абайдың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деуі Жаратушының ақынның ауызына сөз салуы, Алла сөзін сөйлегендігінен. Абай сөзі жылдар өткен сайын жаңғырып, жаңарып, дін Ислам дамыған сайын, дінді мойындайтындар көбейген сайын Абайды түсінуге тырысатындар артып келеді.
Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінің тобықтай түйіні қасиетті Құран Кәріммен, хадис шәрифтермен үндес келетіндігін зерделеп, зерттеген жанға түсіну аса қиындық келтіре қоймайды.
Адамның, әсіресе ел тізгінін ұстаған азаматтардың қанағат деген серігі болуы керек. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) «...Алла кімде-кім қолда барын қанағат қылып, ешкімге зәрулік танытпаса, Алла оның көңілін тоқ қылады» – деген Хасим ибн Хазим жеткізген хадисті хәкім Абай:
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым ойлап қой –
Бес асыл іс көнсеңіз, – қазақы тілмен түсінікті етіп тұжырым жасайды. Адамзаттың барға қанағат етпей, ашкөздікке салынуының салдарынан жер бетінде экономикалық, экологиялық тепе-теңдік бұзылып, қандай зардап шегіп жатқанын бүкіл әлем көріп-біліп отыр.
Құран Кәрімнің Нәжім сүресіндегі: «Олар қылған істері келешекте көрінеді. Соған орай толық сый көреді немесе жаза тартады. Бәрінің соңғы барар жері Тәңір алды» – деген аятты ақын Абай:
Патша Құдай сыйындым,
Тура баста өзіңе, – деген өлеңінде Жаратушысына сыйынудан бастай келіп:
О да Құдай пендесі,
Түспей кетер деймісің
Тәңірінің құрған тезіне? – деп Құран сөзін қазақы қалыппен түсінікті етіп аударады. Кез келген пенде Алла алдында бұл өмірде жасаған жақсы, жаман амалдары үшін есеп беретінін айтып кеткен жан Абайдай-ақ болар, сірә!
Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.ғ.с) бастап, әулие-әмбиелер мен әлем мойындаған Мәуләнә Жалаладдин Руми сынды Алланың сүйікті құлдарымен ойы мен түсінігі түйіскен Абайдың да Ислам әлеміндегі орны айшықтала түсері анық. Қазақ топырағынан текті әулеттен өсіп-өніп, өзін-өзі танып, қайран елі қазағын қайрап Алла тануды, ілім үйрену арқылы надандықтан арылуға үндеген ақынның да Ислам әлеміндегі дәрежесін, орнын танып білу – кейінгілер үшін үлгі, насихат.
«Ғылым таппай мақтанба», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деп жырлаған ақынның ғылым үйренуге үндеуін, шақыруын біздің қазақ жадына алып, орындаған болса, әлдеқашан әлемдегі көшбасшы елдердің қатарына еніп кеткен болар едік.
Бүкіл әлемнің Жаратушысы Алладан оның сүйікті құлы әрі елшісі Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбарға Хыра тауына алғаш түскен «Әл-Аләқ» сүресінің аяттары «Раббыңның атымен оқы!» – деп басталса, хакім Абай «тал бесіктен жер бесікке дейін» ілім алуды өлеңмен де, қара сөзбен де тасқа қашағандай етіп жазып кетті.
Дүние есігін ашқанына 175 жыл толып отырған Ұлы Абай ЮНЕСКО шеңберінде қалып қоймауы керек.
Ислам дінінің Отаны араб елі болғанымен, ислам ілімінің өркен жайып гүлденуі Түркі жұртында болғанын ешкім жоққа шығара қоймас. Түбі түркілік қазақ қоғамының Ұлы перзенті Абай (Ибраһим) Құнанбайұлын ислам дінінің насихатшысы, теология ілімінің білгірі деп тану осы айтулы жылы атқарылар шаралардың бір бағыты болса, нұр үстіне нұр болар еді.
Жұмабай Байзақұлы,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі