Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Cырдың іскер қызы

Cырдың іскер қызы

«Туған жердің жері де көрікті, елі де сүйікті» деп бекер айтылмаса керек-ті. Ақиқатында, тамыры тереңнен тартқан қасиетті ауыл топырағынан талай перзент түлеп ұшты. Ұлттық санаға сілкініс жасаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде тұлғалар есімі қайта жаңғырып келеді. Тарихы сан тарауға тармақталған Тереңөзек нағыз таланттар өлкесіне айналды. Бүгін біз туған жерге туын тігіп, өз кәсібін жандандырған Сырдың іскер қызы жай­лы қалам тербемекпіз.

Осыдан жиырма жылға жуық уақыт бұрын Манат Алмашева бизнестің қыр-сырын меңгеруге бел буады. Бола­шағын әріден ойлаған кәсіпкер қолда бар қаржысын әлеуеті зор шаруаға жұмсайды. С.Асфендияров атындағы Алматы мемлекеттік медициналық инс­ти­тутының Шымкент қаласындағы филиа­лындағы «Фармация» факультетін провизор мамандығы бойынша тәмамдаған маман дәріхана бизнесін жандандыруды қолға алады. Негізінен тереңөзектік Манат Тамабайқызы 1989-2001 жылдар аралығында Тереңөзек кентінде орналасқан №7 орталық дәріханада провизор-технолог, провизор-аналитик, менгерушісінің орынбасары қызметтерін абыроймен атқарады.

Он жылдан аса уақытта дәріхана саласында мол тә­жірибе жинаған ол дәрі-дәрмекпен ха­лық­ты қамтамасыз ете бас­тайды. Жеке кәсіпкердің алғашқы дәрі­ханасы Қызылорда қаласындағы «Сәу­лет» мөлтек ауданында ашылған. Со­дан бері күні-түні шағын бизнесті кеңей­ту үшін Манат Тамабайқызы барын салады. 2006 жылы қайта ашыл­ған «Ансар М» ЖШС құрамында 15 дәріха­налар желісі халыққа қызмет көр­сетуде. Бүгінде қала орталығымен қатар, Тереңөзек, Жалағаш, Шиелі, Жаңақорған, Қармақшы аудандарында дәріхана қызметі оңтайлы үйлестірілуде.

Барлық дәріхана желісін дер кезін­де дәрі-дәрмекпен қам­та­масыз ету мақса­тында 2018 жылы Қы­зылорда қаласында ха­лықаралық стан­дарт­қа сай (GDP-Good Distribution Praktic) дәрі-дәрмек қоймасы мен «Lab Service compani» ЖШС офисінің арнайы ғима­раты салынған. Қазіргі таңда облыс орталығында орналасқан 4 дәріхана халықаралық стандартқа сай (GPP) ережесін орындаса, Тереңөзек және Жалағаш ауданындағы дәріханалар сынақтан өтуге дайындық үстінде.

Сырдария ауданының тумасы Манат Алмашева әлемді дүрбелеңге салған пандемиямен күресте халыққа қол ұшын беруде. Тәжірибелі, іскер басшы сындарлы сәтте дәрі тапшылығын болдырмау мақсатында тиісті шараларды қолға алды. Коронавирус инфекциясына қарсы дәрі-дәрмек қорына бақылау жасап, қиындықты еңсеруге күш салып келеді. Сонымен бірге эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру бағытында меди­циналық құрал-жабдықтармен қам­­­та­масыз етуде.

Манат Алмашева облыс көлемінде кәсіпкерлік саласының дамуына зор үлес қосып келеді. 2018 жылы Қазақ­стан кәсіпкер әйелдері ассоциациясы Қызылорда облысы филиалының дирек­торы болып сайланды. Сондай-ақ «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы­ның Қызылорда филиалының өңірлік кеңесінің мүшесі.

Жүзге жуық қызметкері бар компания тарапынан мұқтаж жандарға қайырымдылық жасалып келеді. Облыс және республика көлемінде жоғарғы марапатқа ие болған Манат Тамабайқызы – екі перзенттің анасы. Осы күні қос перзенті отбасылық бизнесті өркендету үшін анасына қолға­быс етуде.

Айта кету керек, кәсіпкер қысылтаяң кезеңде туған жеріне көмек көрсетуде. Дәріханалар желісін қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге өз үлесін қосуда. Осындай сындарлы сәтте дәріханалардың жұмысын үйлестіре білген Манат Тамабайқызы өз тәжірибесіне сүйенеді. Біз де белсенді кәсіпкердің алдағы қызметіне сәттілік тілейміз.

Балтабай ОРДАБЕКОВ 
04 тамыз 2020 ж. 809 0