Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Карантин талаптарын сақтау – дертті жеңудің төте жолы

Карантин талаптарын сақтау – дертті жеңудің төте жолы

Жан сақтау бөлімшесі қызметінің қиындығын көп азаматтар жақсы біледі. Бөлімше мамандары өмір мен өлім арпалысын көзбен көріп, адам жанын ажалдан арашалау үшін бар күш-жігерін салады. Біздің қарбаласқа толы жұмысымыз коронавирус індеті өршігенде тіптен қиындап кетті. Талай науқастың қиналғанын көрдік.

Науқастардың ауа жетпей мазасызданған күйін көру оңай емес. Ет пен сүйектен жаралған пенде болғаннан кейін бәрін жүрекпен қабылдаймыз. Адам жанын аман алып қалу үшін барлық білімімізді, тәжірибемізді жұмсаудамыз.

Жақында жасы елуден асқан науқас өкпесінің қабынуынан ауа жетіспей біздің бөлімшеге келді. Оттегі баллонының көмегімен жанын аман алып қалдық. Бірнеше күннен кейін беті бері қарады. Қажетті ем-домның барлығын жасадық.

Науқастардың ем-шарасы үшін жанашыр азаматтар біздің салаға көп көмек көрсетуде. Мұның бәрі бір қарағанда жәй нәрсе болғанымен, түпкі мәнінде бір адамға ғана емес, бір отбасыға, бәрімізге қуаныш сыйлайды. Қаншама адам әкесімен, анасымен, баласымен, бауырымен қайта қауышып, алғыстарын білдіруде. Сол себепті осы кезеңдерде адамдардың бір-біріне жанашырлық танытуы індетке қарсы тұруға айтарлықтай әсер етеді. Бұл біздің жұмысымызға да серпін беруде.

Біз соңғы үш айда күлкісіз күндерді, ұйқысыз түндерді бастан өткердік. Қазір эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді. Десе де, сақтық шараларына әлі де аса мән беру қажетпіз. Карантин талаптарын сақтау – дертті жеңудің төте жолы. Сондықтан аудан тұрғындарын сақтық шараларын ұстануға шақырамын. Бір-бірімізге жанашырлық танытып, індетті жеңіп шығайық!

Дастан СӘДІРҚОЖАЕВ,
аудандық аурухананың реаниматолог дәрігері

03 тамыз 2020 ж. 280 0