Ел болып қайғырып, көңіл айтамыз

Ел Президенті жақында жариялаған үндеуінде жұқпалы аурулардан жан тапсырған отандастарымыз үшін 13 шілдені – Ұлттық аза тұту күні деп жариялады. Қара жамылып отырған отбасылар қайғыларын ұмытып кетпесе де, жүректері аздап жылынғындай күй кешкені анық. Біз өтпелі қиын кезеңді бір-бірімізді қолдасақ қана жеңеміз. Карантин талаптары халық денсаулығы үшін екені санамызда сақталуы қажет.
Осы бір ауыр күндердің қашан бітіп, қалыпты өмір сүруге көшуіміз сіз бен бізге байланысты. Айналамызда індеттен басын көтере алмай жатқан жандар көп. Көзкөрген, талай жақсыларды жер қойнына тапсырып жатырмыз. Осының бәрі әрбірімізге ауыр. Бүгін ел болып аза тұтып, жұрт болып жақындарын жоғалтқандарға көңіл айтамыз. Ел басына түскен ауыртпашылықты сезіне отырып, мен де әр қазақты сақтық шараларын сақтауға, қорғануға шақырамын. Енді жауапкершілікті сезінбеуге болмайды.
Мұса КЕЛДІБАЙҰЛЫ,
Тереңөзек кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы