Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Манат Садықова, №1 провизорлық стационар дәрігері: Күндіз-түні еңбек етудеміз

Манат Садықова, №1 провизорлық стационар дәрігері: Күндіз-түні еңбек етудеміз

Қауіпті індетке шалдыққан Науқастарды бақылауға алып, күн-түн демей ем-шара жүргізіп отырған ақ халатты абзал жандарды бүгінгі күннің батыры деуге әбден лайық. Олардың жанкешті еңбегін тұрғындар жақсы біледі. Адам жанының арашашысы – дәрігерлердің қызметі туралы аудандық аурухана жанынан ашылған №1 провизорлық стационар дәрігер Манат Садықовамен сұхбаттасқан едік.

– Манат Рүстемқызы, ауданда екі бірдей провизорлық стационар ашылғанын білеміз. Қазіргі ахуалға байланысты қызмет қалай үйлес­тірілуде?

– Еліміздің әр аумағына дендеп кірген індетпен күресте алдыңғы шепте жүрген дәрігерлердің қызметі бір сәтке де дамылдаған емес. Осы жылдың 28 наурыз күні аудандық ауруханың бұрынғы гинекология бөлімшесінен ашылған провизорлық стационарға 30 төсек орын қойылды. Сонан соң жағдайдың күрделене түсуіне байланысты екінші провизорлық стационар бұрынғы балалар бөлімшесінен тағы ашылды. Ол да 30 төсек орынға лайықталған. Қазіргі жағдай біршама тұрақталды.

– Провизорлық стационарға қандай науқастар жатқызылады, орын жетіспеушілік бар ма?

– Провизорлық стационарға көбіне үйінде жатып қалған, әлсіреген, флюродан өтіп, өкпесі қабынғандар жатқызылады. Алғашқы күні науқастан сынама алынып, оның нәтижесі белгілі болғаннан соң ем жалғасады. Қазір облыс орталығындағы сынама тексеретін орталық тәулік бойы жұмыс істейді. Сондықтан нәтижені ұзақ күтпейміз. Қорытындысына қарап, коронавирусқа шалдыққандар арнайы бөлімшеге ауыс­тырылады. Теріс нәтиже көрсеткендер хаттамаға сәйкес бізде емделеді. Бөлімшеде орын жетіспеушілік мәселесі мен кадр тапшылығы жоқ. Қазір екі провизорлық стационарда 34 науқас емделуде. Қажет болған жағдайда қосымша төсек орын дайындау жоспарланды. Бұл бағытта ауданның денсаулық сақтау саласының арнайы жос­пары бар.

– Науқастарды дертінен айық­тыру үшін дәрі-дәрмек қажет. Ауруханада дәрі тапшылығы немесе оттегі баллондарының же­тіс­пеушілігі бар ма?

– Науқастар арнайы хаттама бойынша емделеді. Бүгінде қажетті дәрі-дәрмектің бәрі бар. Қазір созылмалы дерті бар, бұрын есепте тұратын науқастар пневмонияға шалдығуда. Ағзаның әлсіреуі қант диабетімен ауыратындарға, жүрек, қан қысымына шалдыққандарға оңай тиіп жатқан жоқ. Сондықтан біздер негізгі ауруларын да емдеуге басымдық беріп жатырмыз. Осы ретте есепте тұратын азаматтарды өз денсаулықтарын күтуге, дәрігер кеңесін уақытылы орындауға шақырамыз.

Аудандағы белгілі кәсіпкерлердің демеу­шілігінің арқасында оттегі баллондары келуде. Арнайы аппаратқа да қол жеткізілді. Тәуліктің кез келген уақытында «Квант» мекемесінен оттегі баллондары толтырылып әкелінеді, ол үшін арнайы көлікті аудан әкімдігі бөліп қойған. «Квант» серіктестігімен келісім шартқа отырған облыстық мәслихат депутаты, белгілі кәсіпкер Расул Есеновке алғысымыз шексіз. Ал аудандық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов ауруханаға 10 оттегі баллонын алып берді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші бұл екі азамат жерлестерінің мақтанышы, қиналғанның жанынан табылатын нағыз қамқоршысы.

– Байқағанымыздай ақ халатты абзал жандар күндіз-түні ауруханада науқастардың жанында жүр. Олардың жанкешті еңбегіне жағдай жасалып отыр ма?

– Иә, біздер отбасымызға оралмай науқастардың жанындамыз. Екі про­визорлық стационарда еңбек етіп келе жатқан медбикелер мен кіші буын медицина қызметкерлерінің еңбегін көзіміз көріп отыр. Олардың өз өмірлеріне қауіп төнсе де науқастардың қасында. Науқастарға аурухана жағдай жасады, ал мамандардың уақытылы тамақтануына аудандық әкімдік тарапынан үлкен қолдау жасалды. Бір мезгіл ыстық тамақ мәселесін шешкен басшылыққа айтар ризашылығымыз мол.

– Елімізге қайтадан енген карантин шараларының нәтижесінде аурушаңдық көрсеткіші төмендейді деп күтілуде. Шын мәнінде солай ма? Тұрғындарға дәрігер ретінде қандай кеңес бересіз?

– Карантин шаралары айтарлықтай нәтижесін беріп келеді. Қазір жағдайы жақсарғандар үйлеріне шығарылуда. Өлім-жітім де азайды. Ал дәрігер ре­тінде айтпағым, тұрғындар сақтық шараларын қатаң ұстау керек. Ең бастысы сыртқа шыққанда бетперде тағу қажет. Көпшілік жиналатын орындарға бармау – індетті жұқтырмаудың және таратпау­дың кепілі. Науқас адамның оқшаулануына, жеке гигиеналық талаптарды сақтауына, үй ішіне дезинфекциялық шараларын жа­­сау­ға дағдыланғанымыз дұрыс. Сондай-ақ бала­лардың қауіпсіздігіне баса мән беруге кеңес беремін. Оқушылардың үйде болғандары жөн. Жұқпалы індеттің тез таралуы осы қарапайым ережелерді сақ­тамаудың салдары екенін мойындауымыз керек. Сіздің денсаулығыңызға алаңдаған дәрігердің еңбегі еш кетпесін десеңіз үйде болыңыз. Бұл өзіңіз үшін де, өзгелер үшін де аса қажет.

– Тұрғындардың денсаулығын сақтауда еткен еңбектеріңіз үшін мың алғыс, тезірек соңғы науқас айығып, үйіне қайтуына, сіздердің де өз отбасыларыңызға тезірек оралуларыңызға тілектестігімізді біл­діреміз.

– Рақмет.

Сұхбаттасқан Бибісара ЖАНӘЛІ

28 шілде 2020 ж. 948 0