Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жылқыбай Құттыбаев кім болған?

Жылқыбай Құттыбаев кім болған?

Аудан орталығы саналатын Тереңөзек кенті күн сайын ажарланып келеді. Орталық алаңнан бастап, саябақтар, аллея, әсем гүлге толы гүлзарлар кент көркіне көрік қосып тұрғандай.

Бүгінгі «Кент көшелері» айдарымен берілетін мақалаға Жылқыбай Құттыбаев атындағы көше арқау болады. Кенттегі бұл есімді алған көше аудандық ономастикалық комиссияның 2011 жылғы 7 шілдедегі №2 ұйғарымымен осы атаумен қайта аталған. Жылқыбай Құттыбаев көшесі орталықтағы Аманкелді Иманов көшесінен басталып, Дінмұхаммед Қонаев, Әбділдә Тәжібаев, Серікбай Жәкеев атындағы көшелермен қиылысып, «Майжарма» каналына дейін жалғасады. Көшенің байырғы тұрғындарының бірі бүгінде зейнет демалысындағы ардагер-дәрігер Шынтас Зетов ағамыз көше тұрғындары туралы былай дейді:

– Мен осы көшеде көп жылдан бері тұрамын. Көршіміз Ұлы Отан соғысының ардагері Зал Мырзахметов ағамыз марқұм болды. Сонымен қатар ауданның білім саласында өлшеусіз қызмет еткен ҚазССР-не еңбегі сіңген мұғалім Сақыбек Алданазаров та осы көше тұрғыны. Ұлағатты ұстаз бірнеше жыл аудандық білім бөлімін, 30 жыл ауданның бірнеше мектебін басқарды. Көше тұрғындарының ұйымшылдығына бас көз болып жүретін ұстаз Сәрсенбай Ерғалиев, құқық қорғау саласында қызмет еткен Орынбасар Сейіловтың ағалық қамқорлығын көрдік. Ортамызда жүрген өнертапқыш Абат Сейіловтың да өнегелі өмірі ұрпаққа мұра болып қала береді. Қазір баяғы адамдардың көбі өмірден өтті. Дегенмен олардың салған іздері осында сайрап жатыр. Көрші татулығы, бір-бірімен сыйластығы, ізеттілік пен қамқорлық сияқты асыл қасиеттерді олардың ұрпақтары жалғастырып келеді, – дейді ақ халатты абзал жан Шынтас Ізетұлы.
Жылқыбай Құттыбаевтың есімі Қазалы уездік милициясының бастығы болған Серікбай Жәкеевпен қатар айтылады. Одақ кезінде Ішкі істер министрі болған М.Есболатовтың «Тыныштық күзетінде» деп аталатын мақаласында мынадай үзінді бар:

«...Алпыс жыл ішінде республика Ішкі істер органдарының көптеген қызметкерлері өздерінің ерлігімен және батылдығымен халық сүйіспеншілігіне бөленді. Солардың бірі – Қазалы уездік милициясының бастығы Серікбай Жәкеев. 1925 жылы бандылардың бастығы Ақмырза оның кеудесіне пышақ салып, жаралап кеткен болатын. Жас чекист жазылып шыққан соң 1929 жылы комсомол мүшесі Жылқыбай Құттыбаевпен бірігіп Ақмырзаны қолға түсірген» – деп жазады.

Тағы бір деректі мысалға келтірсек, М.Жұмаділдаевтың «Тереңөзек тарихы» атты кітабында: «...1930 жылы Қарақұмда тереңөзектік Жылқыбай Құттыбаев қастан­дықпен өлтірілді. 1967 жылғы 22 тамызда Тереңөзек кентіндегі саябақта Жәкеев пен Құттыбаевқа ескерткіш орнатылды» делінген. Ал Оразбек Бодықовтың «Қарақұм трагедия­сы» атты кітабында Қарақұмда байлар мен қарақшылар қолынан қаза тапқан С.Жәкеев пен Ж.Құттыбаевтың ерлігі шынайы суреттелген. Оларды Жосалы арқылы келген поездан түсіріп, жерлеуге қатысқан сол кездегі пио­­нер Қ.Бекжанов былай деген екен: «Бәріміз темір жол вокзалына барып қарсы алдық. Станция бастығы Ягунин поездың қай уақытта келетінін хабарлаған болуы керек, жұрттың бәрі жиналды. Қазіргі қойылған жері – үшінші қойылған жер», – дейді.

Ішкі істер органында қызмет етіп, қызмет барысында ерлік көрсетіп, бандымен күрескен милиционер Ж.Құттыбаевтың батылдығы ұрпаққа үлгі болып қала береді. Орталық саябақ ішінде орнатылған ескерткішке кейінгі толқын тағзым етіп, бүгінде рухына бас июді жерлестері дәстүрге айналдырды.

Бибісара ЖАНӘЛІ
21 шілде 2020 ж. 462 0