Халық сүйіспеншілігіне бөленген
Кенттің Серікбай Жәкеев көшесі маған ерекше ыстық. Өйткені бал дәурен балалығым мен жастық шағым осында өтті. Бұл көшенің көңілімнің түкпірінен орын алғаны сондай, о дүниелік болған ата-анамның көзіндей көремін. Сол жермен жүрсем, қымбат асылдарым алдымнан шыға келетіндей сезімде боламын.
Бұрын бұл көше пролетариат көсемі Карл Маркс атында еді. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін көшеге Серікбай Жәкеевтің есімі берілді. Бұл азаматтың кім болғанын жас ұрпақ білуге тиіс.
Серікбай Жәкеев ішкі істер органында қызмет жасап, жаулармен күресте ерлікпен қаза тапқан. Бұл өткен ғасырдың отызыншы жылдары болған оқиға. Серікбай Жәкеев сенімді серігі Жылқыбай Құттыбаевпен бірге ерлігімен және батылдығымен халық сүйіспеншілігіне бөленген. Жаулары қос арысты аңдып жүріп, мерт еткен. Бірі 24 жасында, екіншісі 20 жасында қыршын кеткен.
Есіл ерлерге аудан орталығындағы саябақта жастардың қолдауымен 1967 жылы ескерткіш қырлы тас салынған. Ескерткіштің биіктігі 6 метр, оның тұғыры бетоннан құйылған. Тұғырының үстіне металдан жасалған пирамида тәріздес қырлы тас орнатылған. Аудан жастарының мәдени шаралары осы ескерткіш маңында ұйымдастырылады. Қазақстан Қарулы Күштері қатарына азаматтық борышын өтеушілер де ескерткішке тағзым етуді дағдыға айналдырған. Ескерткіш кент әкімдігімен және №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицей оқушыларының күтіміне алынған.
Сондай-ақ С.Жәкеев көшесі биыл құрылғанына ғасыр толып жатқан ауданның білім ордаларының қара шаңырағы №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейге жақын орналасқан. Бұл көше Ұлы Жеңістің 50 жылдығы және Жылқыбай Құттыбаев атындағы көшемен қиылысады. С.Жәкеев атындағы көшеде Сырдария ауданының Құрметті азаматтары Хайролла Әбенұлы, Сергей Тоқсанбаев секілді ардагерлер тұрады.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ