Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауыр күндер артта қалсын

Ауыр күндер артта қалсын

Әлемді алаңдатқан панде­мия Қазақстанды айналып өт­педі. Осы­ған орай Мемлекет басшы­сы­ның ше­шімімен 13 шілде коронави­рус ін­детінен қайтыс болған азаматтарды еске алу – Жалпы Ұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

– «Әр қазақ менің жалғызым» дегендей, әр азаматымыздың қазасы менің жүрегіме қатты батады. Мынау алапат індет арамыздан талай асылдарымызды жұлып әкетуде. Бүгінде қара жамылып отырған азаматтардың қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Сол үшін 13 шілдені – Ұлттық аза тұту күні деп жариялаймын, – деген болатын Ел Президенті.

Осыған орай кеше Нұр-Сұлтан қаласы уақытымен 12.00-де респуб­лика бойынша коронавирус пандемиясының құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алу жарияланды. Жалпыұлттық аза тұту күніне орай Қасым-Жомарт Тоқаев індеттен қаза болған азаматтарды Ақорда резиденциясы алдында құрмет­пен еске алды. Сонымен қатар рәсімге Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Президент Әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошанов, Денсаулық министрі Алексей Цой қатысты.

Сондай-ақ осы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев коронавирус індетінен қаза бол­ғандардың туыстары мен жақын­дарына көңіл айтты. Қазақстанның Тұңғыш Президенті бү­гінде еліміз бұрын-соңды болмаған күрделі ахуалмен бетпе-бет келіп отырғанына назар аударып, қауіпті індет салдарынан адам шығыны орын алғанына қынжылыс білдірген.

«Мемлекет басшысының шешімімен 13 шілде коронавирус індетінен қайтыс болған азаматтарды еске алу ­– Ұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Алапат дерт біздің адамдарымыздың өмірін қиып әкетуде. Бұл бәріміздің қабырғамызды қайыстырып отыр. Әрбір кісі өлімінің артында қара жамылған біраз адамның ­– әкелер мен аналардың, қыздарымыз бен ұлдарымыздың, дос-жарандарымыздың қайғы-қасіреті тұр. Мезгілсіз қаза болғандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Біз береке-бірлік пен тұтастықтың арқасында талай сынақтан сүрінбей өттік. Бұл қиындықты да ел болып еңсереміз деп сенемін» делінген көңіл айтуда.

Атап өту керек, жалпыұлттық аза тұту күніне орай үнсіздікпен еске алу рәсімі Сыр өңірінде де ұйымдастырылды. Марқұмдарды 1 минуттық үнсіздікпен еске алу рәсіміне облыс әкімі, әкімнің орынбасарлары, аппаратының басшысы, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, полиция қызметкерлері, дәрігерлер және ардагер-ұстаздар, кәсіподақ және жастар ұйымының төрағалары қатысты.

Мемлекеттік органның, Қорқыт-ата атын­дағы университеттің өкілдері, полиция қызмет­керлері мен дәрігерлер қаза болған адамдарды құрметтеу мен еске алу белгісі ретінде киімдеріне қаралы таспа тақты.

Жалпыұлттық аза тұту күніне байланысты қабылданған шешімдерге орай Сырдария ауданында да бірқатар шаралар ұйымдастырылды. Оның ішінде мемлекеттік органдардың туы төмен түсірілді және мекеме қызметкерлері марқұмдарды үнсіздікпен еске алды. Сондай-ақ ауданның зиялы қауым өкілдерінің, ардагерлердің, қоғамдық кеңес мүшелерінің, жастардың жалпыұлттық аза тұту күні жөнінде пікірлері әлеуметтік желіде және аудандық басылым сайтында жарияланды.


Шаһарбек Нұрсейітов 

14 шілде 2020 ж. 578 0