Астана – арайлы, тамсантқан талайды
Көгінде күн күлімдеген, төсі гүлмен көмкерілген, айбарлы көк туы желбіреген – әсем қала Нұр-Сұлтан. Ақ тілек пен ақ ниеттің тоғысқан, киелі мекені деп бекер айтпаса керек. Сайын далалы Сарыарқамыздың төрінде бой көтерген әсем шаһардың іргесінің қаланып, еңселі келбет түзеп, бүгінде әлем таныған бас қалаға айналуы қазақ үшін мақтаныш. Арман қала Астанада біздің жерлестерімізде бар.
Сыр елінің тумасы Ерболат Нұрсейітов алып шаһарда тұрады. Ол 1962 жылы Тереңөзек ауданында дүниеге келген. Осыдан бірнеше жыл бұрын қызмет бабымен Есіл жағасындағы еңселі шаһарға ауысқан болатын. Еңбек жолын туған жерде салық саласында қызмет атқарудан бастаған ол облыстық Экономикалық жемқорлықпен күрес департаментінде жоғары лауазымдарда қызмет атқарған. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласында заңгерлік қызметпен айналысады. Құдай қосқан жары Роза Мұстафаева қаржы саласында қызмет етеді. Қызылорда облыстық Қазынашылық департаментінде қызмет атқарып, қазір бас қаладағы Қазынашылық департаментте бас қазынашы болып жұмыс жасайды. Отбасында үш ұл тәрбиелеп, үш немере сүйіп отыр. Тұла бойы тұңғышы Азатбек – нотариус, Бақытбек – заңгер.Үйдің кенжесі Бақмұхаммед таэквондошы. Ел намысын қорғап жүрген спортшы, халықаралық сайыстардың жеңімпазы. Бір шаңырақта қос келінді біріктіріп отырған берекелі отбасы. Аида мен Салтанат іңгәләған сәби күтіп отырған жайы бар.
Нұрсейітовтер отбасы өздері туып-өскен Сыр өңірінен жыраққа, яғни бас қалаға қоныс аударғанымен олар үнемі елмен жиі хабарласып, ағайын-туыспен байланысып отырады. Ерболат ағаның жары Роза апа өте қонақжай, барынша ақкөңіл. Ауылдан туған-туыс Елордаға бара қалса, Ерболат ағаның үйіне соқпай кетпейді. "Елден кетсе де, естен кетпейді" деген осы шығар. Туған жердің жаңалығын сұрап, жетістіктерін біліп қуанып отырады.
Бұл отбасының үлкен кісілері де елге маңдай терін төккен жандар. Анасы Айжамал Айтмағанбетова ұлағатты ұстаз болған. Кенттегі №35 мектепте кезінде математика пәнінен сабақ берді. Әкесі Бектұрған Нұрсейітов те мұғалім болған ардақты азамат. Ол кісі орыс тілі пәнінің мұғалімі. Қос ұстаз ауданның қоғамдық өміріне белсене араласқан, мәдени-көпшілік шаралардың бел ортасында жүрген.
Олардың "Қозы Көрпеш – Баян Сұлу" спектаклін сомдап, елдің ыстық ықыласына бөленгенін байырғы жұрт жақсы біледі. Атақты журналист Ахат Жанаев Қозының бейнесін сомдаса, Баян Сұлудың ролін Айжамал апай, Бектұрған аға Қодар болып ойнады. Актерлік шеберлігі үшін "актерлер" көрерменнің ыстық ықыласына бөленген болатын.
Ал қазіргі таңда атасы мен әжесінің жолын немерелері жалғастырып келеді. Бақмұхаммед, Айша, Айзере, Мәдіқожа да өнерден құр алақан емес. Мектепте оқу озаты болумен қатар, Нұр-Сұлтан қаласындағы жоғарғы дәрежедегі өнер орталығы – Мөлдір Мұқанованың шәкірттері. "Жақсыға қай жердеде бір кісілік орын бар" демейме. Осы күні Ерболат ағаның әулеті бас қаланың тыныс-тіршілігімен біте қайнасып кетті.
– Қазақстанның тәуелсіз жылдарындағы жетістіктерінің бірі – ол еліміздің жаңа ордасы Астананың салынуы болды. Жаңа Астана халқымыздың тарихында жаңа қоғам, экономика құруға және жаңа белестерді бағындыруға жол ашты. Әсем қаланың керемет келбеті күннен-күнге құлпыра түсуде. Құдды бір іскер ісмердің қолынан шыққан түкті кілем іспеттес. Зәулім ғимарат, аллея көрік үстіне көрік қосып, әсем қаланың келбетін одан әрі айшықтай түскендей. Әр аймақтың қалаға жасаған тартуы да бар. Біздің Қызылорда қаласының тартуы "Құлагер" мөлтек ауданында орналасқан. Онда үш зымыран бейнеленген. Осы керемет көрініске қарап, көз алдыңа Байқоңыр келеді. Сол сияқты әр облыстың менталитетіне сай тарту жасалған. Туған жердің орны қашанда бөлек. Жылына кем дегенде екі-үш рет туған елдің түтінімен, топырағын иіскеп кеткенге не жетсін, шіркін, – дейді Ерболат Нұрсейітов аға елге деген сағынышпен.
– Адамның міндетті түрде алдына қойған мақсаты орындалады. Сол мақсатқа жету үшін талаптанасың, еңбектенесің, ізденіс үстінде боласың, аянбай алға жетуге өрлейсің. Шүкіршілік, сабырлылық, қарапайымдылық болса үлкен үміт ақталатыны анық. Еліміз өркендеп, гүлдену үстінде. Бас қаламызда өмір сүріп жатқанымызға қуанамыз. Күннен-күнге сұлуланып, келбетіне көз тоймай бара жатыр. Астананың қысының қаһары сынып, жазы жайма шуаққа айналып келе жатқандай. Ол да болса әсем қаланың тұрғындарының пейілі болса керек. Еңсесі биік Елордамыздың болашағы жарқын болғай, – дейді Роза Мұстафаева ақ тілегін ақтарып.
Елорданың өркендеуі еліміздің өркендеуінің белгісі. Ендеше бас қаланың жаңадан қаланып жатқан іргетасының берік, мемлекетіміздің болағашы жарқын болып, халқымның Ақ ордасы көркейіп, биіктерден көріне бергейсің!
Фатима МАРАТҚЫЗЫ