Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Екі ішектегі ел шежіресі

Екі ішектегі ел шежіресі

Румидің әйгілі «Сыбызғы жырын» бәріміз жақсы білеміз. Жас қамысты өткір кездігімен қиып алып сыбызғы жасаған зарлық (қойшы) одан шыққан мұңды әуенді өзінің ішкі құсасы деп ойлады. Иә, ол шынымен айырылу зары еді. Бірақ қойшының емес, діңінен айырылған, түп-тамырынан кесіліп, Отанынан ажырап кетіп бара жатқан жас қамыстың жанайқайы еді.

Әрине сыбызғы бізге жат аспап емес. Оның философиясына бойлауда қазақ дүниетанымы қадым замандардан бері қадау-қадау еңбектер қалдырып, қара қамыстан шыққан қазыналы сазды қадірлеп келеді. Десек те, біздің болмысымызды бүтіндей ашып беретін бірден-бір аспап домбыра дер едік. Түбі бір түр­кі жұртының тарихы түгел тәпсірленген қолымыздағы қу тақтайда қазақтың тұтас тағ­дыры жатыр. Ұлы даланың төсінде азаттығы үшін арпа­лыс­қан алашқа қатысты ірі оқи­ғалардың барлығы сол қызыл арша домбыраның шанағында қатталды. Бабалар қалдырған бай мұраның көбі жас ұрпаққа осы тоғыз перненің тылсым тілімен жетті!

Домбыра – ел шежіресін екі шегіне сыйғызған шешен, тоғыз пернесіне тоқайластырған ділмар!

Осыдан бірер жыл бұрын Ұлттық домбыра күніне арналған алғашқы шараның шымылдығын ашып тұрып Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Домбыра – қазақтың жаны, рухы, тарихы, салт-дәстүрі, бүкіл бітім-болмысы деп айтуға болады. Ол Ұлы Даланың төсінде ерте заманнан бері халқымызбен бірге жасап келе жатыр. Бір кездері Майтөбенің тұсынан домбыраның суреті бар Таңбалы тас табылғанын бәріміз білеміз. Ғалымдар ол сурет берісі 4 мың, арысы 6 мың жыл бұрын бедерленгенін дәлелдеп отыр.

Арал маңында домбыра ұс­таған адам­ның мүсіні біздің дәуірімізден IV ғасырдың мұра­сы болыпты. Ал Алтайдан та­был­ған ата домбыра біздің дә­уірі­мізден V ғасырға тиесілі. Ал­­тай­дан Атырауға дейін бү­кіл Қазақстанның даласы 4-5 мың жылдан бері осы домбы­раның үнін естіп келе жатыр. Ол бар қазақтың бір екенін, қа­нымыздың да, жанымыздың да бір екенін дәлелдейтін өте нақ­ты нәрсе. Мойнына көне түркі таң­басымен «жұпар күй әуені біз­ді сүйсіндіреді» деп жазылған ас­пап сонау Күлтегін заманынан бері келе жатыр. Одан бергі қилы заман­дардың бәрі домбыраның кө­мейі­нен күй болып төгіліп, тарих­тан сыр шертеді» деуі тегін емес.

Біз домбыра қасиетін то­лық сезіне білгеніміз дұрыс. Дом­быра арналы аспап қана емес, байлығына баға жетпес биік құндылығымыз, заманалар мен ұлы әдебиеттерді, қуат­ты империялар мен жасам­паз қолбасшыларды, небір клас­сикалық музыкалар мен таң­ғажайып тарихи тұлғаларды тудырған киелі құбылыс!

Домбыра дәуірі қайта жаң­ғырып келеді. Тарлан тарихтың, жасампаз бүгін мен жарқын болашақтың көкжиектерін үй­лесімді сабақтастыратын ұлт жады­ның тұғырнамасы осы төл ас­па­бымызды төрге шығарумен тікелей байланысты болып отыр.

Біз домбырамызға дербес күн сыйлау арқылы даңқты баба­ла­рымыздың жолын жалғас­тырған ұлағаты кемел, мұрағаты мол ұрпақ екенімізді дәлелдеп отырмыз!

Киелі аспабымыздың кемел келешекке керуен тартып бара жатқан бай көші бізді барымызды бағалауға, жоғымызды түгендеуге біріктіретіндей. Сол жолда ұлттық бет-бейнемізге кір шалдырмай, қасиетті қара домбырамызды ешкімнің аяғына таптатпай, мыңдаған ән-күйіміздің құндағына құрметпен қарай бергеніміз жөн!

Кешегіміз бен келешегімізді жалғаған, діліміз бен тілімізге пана болған, салт-дәстүріміз бен тарихи санамызды шендес­тірген домбырамыз дәуірлей бергей!

Алты мың жылдық тарихы бар алаш аспабының ұлықтау арқылы біз мыңжылдықтардың мұрасын зерделеуге, қазақ тарихына қатысты құндылықтарды қайта екшеуге ерекше бетбұрыс алдық!

Қадағаң, Қадыр Мырза Әлінің домбыра туралы айтқан ақыл сөздері көп. Оның ішінде қанатты мәтелге айналып, қалың қазақ жатқа айтатын екі өлеңінің орны біз үшін әрқашан ерекше.

Оның бірі — «Екі шектің бірін қатты, бірін сәл-сәл кем бұра,

Нағыз қазақ – қазақ емес, на­ғыз қазақ – домбыра» деп келетін керемет өлеңі де, екін­шісі:

«Ақын қазақ азаптың,

Бәрін тастап көшіпті.

Іздеймін деп азаттық,

Тауын тастап көшіпті.

Бәрін тастап осы күн,

Жеткен ұлы мұратқа.

Домбыра мен бесігін,

Тастамаған бірақ та!» деген «Домбыра мен бесік» өлеңі.



Домбыра – дала заңын жазған ағаш қалам!

Күй – көшпелі түркі жұрты­ның Конс­титуциясы! Қазақтың күйі арқылы елге ел қосылды, айырылған жұрт зарлы әуен арқылы бір-бірін жоқтап аңы­рады! Қазақ даласы бірін бірі күй арқылы ұғынды, өткенге дом­бырадан төгілген кесек-кесек күр­делі музыкалар ақылы үңілді.

Домбыра – дала дастанын жазған дара данышпан!

Сөзіміздің басында сыбызғы сырын бекер айтпадық. Біз кері­сінше, қазақ басынан кешкен қызық-қуаныш та, қайғы-қасі­рет те домбыра пернесінде деп түсі­неміз! Сол жердегі сыбызғы қай­ғысы қазақтың қайғысы дер едік. Біз де сыбызғы сияқты сол домбырамыздан, түп-тамырымыздан небір кесапат кесірлі қоғамның үздіксіз соққыларынан ажырап қала жаздап әзер әлімізді жиған ұлтпыз!..

Домбыраның мұңы қазақтың қайғы­сынан алшақ деуге келмей­ді!

Біз жүріп өткен жолдардың бәрінде домбыраның асқақ дауысы, арғымақ тұлпарларымыздың тұяқ дүбірі, жау­жүрек батырларымыз бен даңқты хандарымыздың ерлік істері сайрап жатыр.

Домбыраны түртіп қалсаңыз түркі рухы атойлап атқа қона­тын­дығы сон­дықтан!

Мирас АСАН,
05 шілде 2020 ж. 408 0