Нұр-Сұлтаннан сәлем!
Еліміз үшін айтулы мерекелердің бірі саналатын Елорда күнін асыға күтетін қазақстандықтардың бірімін. Ұзақ жыл денсаулық саласында еңбек етіп, бейнетімнің зейнетіне жеткеніме шүкіршілік етемін. Енді міне, немерелерімнің ортасында аман-есен күй кешудемін.
Балаларымның бірі бірнеше жылдан бері жұмыс бабымен еліміздің бас қаласы Нұр-Сұлтанға қоныс аударды. Жастарға қолдау білдіріп, үлкен қалаға қоныстануына қарсылығымды білдірмедім. Қазір мемлекетіміздің бір отбасы ретінде өз баспаналарында тұрып, жұмысын істеп жатыр. Балалары да өсіп, өнуде.
Біздер жылына бір рет Елордаға келіп, қыдырып кетеміз. Сарыарқаның саф ауасымен демалып, қаланы аралап, мәдени-көпшілік жерлерді тамашалаймыз. Жыл сайын емес, ай сайын, тіпті күн сайын өзгеріп кететін керемет қаланың ажарына таң қаласың. Биік-биік ғимараттар алыстан көз тартады. Әсіресе, түнгі Нұр-Сұлтан тіпті ғажап. Түрлі түсті жарықшамдармен безендірілген көшенің келбетіне көзің тояды. Мереке қарсаңында қала тіпті ертегідегідей өзгереді. Аспанға атқылаған субұрқақтар тынысыңды ашып, көңіліңе қуаныш ұялатады. Мерекелік шараны өткізуге атсалысатын өнер адамдары ашық аспан астында ән салып, би билейді.
Биыл мұндай дәстүр қалада болмауы мүмкін. Оған себеп те жоқ емес. Елді алаңдатқан қиын жағдай барлық мерекенің өтуіне кедергісін келтірді. Дегенмен, тұрғындарды бірінші кезекте той тойлау емес, індеттен сақтану жолдары ойлантады. Ешкім бей-берекет көшеге шығуға, қыдыруға асықпайды. Себебі ел-халыққа ең бастысы бас амандығы маңызды. Сондықтан әрбір отбасы өз кіші Отанында, бала-шағасының ортасында болғаны дұрыс. Уақытша ауыртпалықты біріккенде ғана жеңетінімізді ел Президентінің өзі де айтты. Сондықтан карантин талабын ортақ міндет ретінде ұғынуымыз керек.
Мейрамкүл МАХАНОВА,
еңбек ардагері