Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тасымалдаушы Күлжан

Тасымалдаушы Күлжан

Баспасөз – халықтың үні. Оны оқысаң түрлі маңызды жаңалықтарға қанығып, рухани азық аласың. Сондықтан редакция мен оқырман арасын жалғайтын алтын арқау – газет тасымалдаушылары десек, артық айтқандық емес.

«Сыр Медиа» ЖШС құрылғаннан кейін жұмыс тиімділігіне орай 2016 жылдан бас­тап әрбір аудандық газет редакциясы жанынан жергілікті бес басылымды тарататын пош­та бөлімшесі ашылды.
Әрбір ауылдан тасымалдаушылар жұмысқа тартылды. Алғашқылардың қатарында еңбекке орналасқандардың бірі – Нағи Ілиясов ауылдық округінің пошта тасымалдаушысы Күлжан Қалыбай. Ол осы ауылдың тумасы. Қызылорда политехникумының гидромелиорация факультетін 1984 жылы бітіріп, бұрынғы ҚазССР 50 жылдығы атындағы (қазіргі «Мағжан және К» ЖШС) шаруашылықтың мелиоративтік тобында нормалаушы болып еңбек еткен. Сонан кейін ауылдың Әділбек есімді азаматына тұрмысқа шығып, бала тәрбиесімен айналысқан.

– Балаларым есейді. Үйде бос отырғанмын. Ауыл әкімдігі пошта тасымалдаушы қызметін ұсынды. Ойланбастан келістім. Өйткені бала күнімнен газет-журнал оқуды жанымдай жақсы көремін, – дейді К.Сұлтанғазықызы.
Аудан бойынша екі облыстық, «Ақмешіт ап­талығы», «Ақмешіт жастары» және жергілікті «Тір­шілік тынысы» газетінің Шағаннан кейінгі ең оқырманы көп ауыл осы – Н.Ілиясов. Мұнда оқырман саны бастапқы кезде 400-ге тарта болса, қазіргі кезде баспасөзге жазылу 520-ға жетті.

– «Мағжан және К» ЖШС, ауыл әкімдігі рухани азық баспасөзге жазылуға ерекше мән береді. Мысалы шаруашылық ұжымы басқа басылымдармен қатар 200 дана «Тіршілік тынысы» газетіне жазылды. Сонымен бірге осы басылымға 10 ардагерді тегін жаздырды, – дейді К.Қалыбай.

Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын К.Сұл­тан­ғазықызы жергілікті басылымдардың газетке жазушылардың қолына уақытылы тиюіне және ауылда оқырмандар санын көбейтуге белсенді атсалысып келеді. Қарапайым тасымалдаушының еңбегі бағаланып, биылғы жылдың 8 наурызында «Мағжан және К» ЖШС мен ауыл әкімдігінің сыйлығына ие болды. Оған пошта тасымалдаушысы дән риза.

Әділбек пен Күлжан 3 ұл тәрбиелеп өсір­ді. Ұлдарының алды немере сүйгізіп отыр. Ұлдарының үшеуі де жоғары білімді азаматтар.

Күнара ауданнан келетін жергілікті басылымды күтіп алып, оқырманға тарату оның сүйікті кәсібі. Ол осы ауылдың түлегі болғандықтан, әрбір тұрғынмен етене таныс. «Өзі бір күндік, сөзі мың күндік» баспасөз таратуда елгезектік танытып жүрген жанға зор денсаулық, шаңырағына шаттық тілейміз.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ
27 маусым 2020 ж. 454 0