Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Демалысың қалай, балақай?

Демалысың қалай, балақай?

Қазақтың ақыны Жұмағали Саинның "Жаз жайнатып, күн күлдіріп, біз лагерьге барамыз. Асыл жібек гүл үстінде, аунап ойнақ саламыз" деп басталатын әнді біздің замандастарымыз кезінде ерекше жақсы көріп жырлады. Сондай-ақ бұл кезекті оқу жылын аяқтап, жазғы демалысқа шыққан, алдағы қызықты каникул күнінде тынығу лагеріне асыққан балақайдың көңілді әні.

Иә, қазір елдегі ахуалдың күрделене түсуі балдырғандардың жазғы демалысына да әсер етті. Демалысқа асыққан балақайлар карантин режиміне амалсыз бағынып, ата-аналардың бақылауынан шықпауы тиіс. Алдын ала жоспарланған лагерьдегі демалысты үйдің ауласына ауыстырған балалар биылғы жазды қалай өткізуде? Біз кездесіп, жолыққан балалардың пікірі сан түрлі.

Мақсат ТАҢАТАРОВ, оқушы:

– Қызылорда қаласында тұрамын. Тереңөзекке ата мен әжемнің үйіне келдім. Ата-анам жылдағы дәстүрмен ауылда демалғанымды жөн көреді. Әрі атама қолғабыс етіп, шаруаға көмектесемін. Атамның айтқан әңгімелерін тыңдап, өзіммен қатар туыстарыммен демалысты өткізудемін. Иә, бұрынғыдай лагерьге бармаймыз. Оның себебі жұқпалы індеттің таралуы. Біздер кішкентай емеспіз. Түсінеміз. Вирустың таралуы жағдайды қиындатып жіберді. Арасында каналға барып, шомыламыз. Көп уақытымыз үй тірлігіне көмектесуге кетеді. Үлкендер жұмыста болған соң, кішкентайларға қарайлаймыз. Әзірге біздің каникул осылай өтіп жатыр. Кім біледі, мүмкін жағдай жақсарса, әлі де уақыт бар. Демалысымыз басқаша жалғасатын шығар.

Жантөре АМАНҚОС, №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицей оқушысы:

– Жыл сайын жазғы демалыс басталысымен тоғызқұмалақтан түрлі жарыстарға шығып, әрі сергіп, әрі шыңдалатынбыз. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі үлкен қалаларда чемпионаттар мен турнирлер өтетін. Қазір мұның барлығы тоқтады. Жоспарланған жарыстар кейінге қалдырылды. Әрине, түсінеміз. Дегенмен жаттықтырушымыз дайындықты тоқтатқан жоқ. Кез келген уақытта жағдай жақсарса, жарысқа шығуымыз мүмкін. Әзірге күнделікті демалыс достарыммен ойын алаңдарында өтуде. Командаға бөлініп, баскетбол, волейбол, үстел теннисі, футбол сияқты ойындар ойнаймыз. Бір мезгіл кітап оқуға да көңіл бөлеміз. Енді жоғарғы сыныпқа көшкендіктен, алдымызда үлкен сынақ бар. Оны да естен шығаруға болмайды.

Ақжан НҰРМАХАН, бастауыш сынып оқушысы:

– Биыл бастауыш сыныпты бітіріп, бесіншіге өттім. Қызықты каникул күндері зулап өтіп жатыр. Жақында біздің отбасымызда үлкен қуаныш болды. Дүниеге Мереке есімді сіңлім келді. Қазір ағаммен бірге анама бөпемді қарауға көмектесіп жүрмін. Анамды бір мезгіл демалдырып, шәйын дайындаймын. Кішкентайды таза ауаға шығарып, серуендейміз. Таңертеңнен кешке дейін уақыттың қалай зымырап бара жатқанын да сезбей қаламыз. Демалыс орындарына баруға ата-анам әзірге рұқсат етпей отыр. Өткен жылы "Жалын" тынығу лагерінде тынықтым. Жаңа достарыммен әлі күнге дейін хабарласып тұрамын. Биыл да лагерьде қайта қауышамыз деп келіскенбіз. Мүмкін демалыс аяқталамын дегенше лагерь де ашылып қалар.

Жазғы демалыстың басталғанына енді ғана бір ай болып қалды. Алда екі ай уақыт бар. Ата-анаммен пойызға мініп, үлкен қалаларға саяхаттауды армандаймын. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қаласында тұратын туыстарымның үйіне қыдырып барсақ тіпті керемет болар еді.

Балалардың ой-пікірі осылайша өрбіді. Олардың армандары да сан алуан. Шын мәнінде барлық ата-ана баласының демалысын мағыналы етіп өткенін қалайды. Дегенмен вирус қаупінің дендегені соншалық, жоспарлы демалысты өткізуге мұрша бермей отыр. Сондықтан бала-шағаның денсаулығы үшін балалардың үйде болғаны маңызды.

Бибісара ЖАНӘЛІ
20 маусым 2020 ж. 380 0