ҰБТ: ұйымдастыру кезеңінде өзгеріс бар
Мемлекет дамуындағы ең басты іргелі қадамдардың бірі – білім сапасын жақсарту, жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде жаңа технология жетістіктерін кеңінен пайдалану, ұлттық тәрбиемен сусындату арқылы бәсекеге дағдыландыру. Осы орайда, еліміздің үздіксіз білім беру жүйесінде қазіргі заман талаптарына жауап беретін, білім, білік дағдылары жоғары деңгейде қалыптасқан озық ойлы дарынды тұлға тәрбиелеу жолында ұстаздар қауымына үлкен жауапкершілік пен жаңа міндеттер жүктелуде. Бұл тұста, ұлттық бірыңғай тестілеудің алар орны бөлек. Он бір жылдық білімнің нәтижесін көрсететін ҰБТ-ға әрбір кезеңге байланысты өзгерістер еніп келеді. биылғы жылғы ұлттық бірыңғай тестілеудің ерекшелігіне байланысты аудандық білім бөлімінің басшысы Қалихан Омаровпен сұхбат құрған едік.
– Қалихан Бердіханұлы, сұхбатымызды 2019-2020 оқу жылында аудан бойынша қанша оқушы ҰБТ-ға барады деген сауалдан бастайық?
– Биылғы оқу жылын аудан бойынша 341 оқушы бітіреді. Оның 273-і (80 процент) ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ниет білдіріп отыр. Ал қалған 68 оқушының 37-і қаңтар айындағы ҰБТ қорытындысымен жоғары оқу орындарына ақылы негізде тапсырса, 31-і арнаулы оқу орындарына түсуді жоспарлап отыр. Биылғы оқу жылында талапкерлердің 45-і «Алтын белгіге», 19 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер. Айта кетейін, өткен оқу жылында ауданда 307 оқушы мектеп бітіріп, 204 оқушы ҰБТ-ға қатысты.
– Мектеп бітірушілердің тестілеуге дайындық барысы қалай?
– Пандемияға байланысты енгізілген төтенше жағдай кезеңінде білім ұйымдарында оқушыларды оқыту ІҮ тоқсанда қашықтан жүргізілді. Соған орай биылғы оқу жылында 9, 11 сынып оқушыларына қорытынды аттестаттау болмайды. Ал аттестатқа оқушылардың жылдық бағасы түсіріледі. Бүгінде талапкерлердің ҰБТ-ға дайындық жұмыстары бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес жүргізілуде. 11 сынып оқушылары қашықтан дайындалуда және Ұлттық тестілеу орталығының онлайн тесттеріне қатысып жатыр. Ауданда қаңтар айында 341 мектеп бітірушінің 282-і ҰБТ-ға қатысып, орташа балл 87,3 құрады. Бітірушілердің ай сайынғы аралық білім деңгейлері тестілеу пунктерінде онлайн түріндегі тестілеудің нәтижелері бойынша сарапталып отырады. Мамыр айында тапсырған ҰБТ қорытындысы бойынша орта есеппен мүмкін болған 140 балдың 97,1 балын жинады.
– Биылғы ҰБТ-да өзгерістер бар ма?
– Өткен жылғыдай талапкерлер жоғары оқу орнына түсу үшін ҰБТ-ны жылына 4 рет тапсырады. Ал коронавирус инфекциясына байланысты орын алған алған карантин кезінде ҰБТ ережесі өзгермейді, тек ұйымдастыру кезеңінде өзгеріс бар. Атап айтқанда, оқушылар тест пунктіне бетпердемен (2 рет ауыстырады), дезинфекциялық құралдармен келеді. Ата-аналар мектеп ауласында күтпейді, үйлерінде онлайн режимде бақылап отырады. Ал талапкерлер тыйым салынған құралдармен ҰБТ-ға кіргізілмейді.
– Аудан талапкерлері ҰБТ-ны қашан тапсырады?
– Биылғы жылдың наурыз айында өткізілуі тиіс ұлттық бірыңғай тестілеу маусым айының алғашқы онкүндігінде өткізіледі. Биылғы ерекше жағдайға байланысты тасымал кезінде көліктерде, емтихан тапсыратын аудиторияларда оқушылардың ара қашықтығы талаптарға сай қатаң сақталады. Сол себепті де ауданда 273 оқушы ҰБТ-ны екі кезеңде тапсыру жоспарлануда. Жалпы, өткен жылы ҰБТ-ның орташа көрсеткіш 88 балды көрсетіп, мемлекеттік грант бойынша бірінші орыннан көріндік. Бұл жетістікті биыл да қайталап, түлектерді толық оқумен қамту мақсатында жұмыстар жүргізілуде.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан
Е.БЕРКІНБАЕВ