Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БҮЛДІРШІНДЕР ҮШ ТІЛ БІЛЕДІ

БҮЛДІРШІНДЕР ҮШ ТІЛ БІЛЕДІ


 Қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Алтын ұя» балабақшасында «Біз үш тілде сөйлей білеміз» атты үш тілде ойын сабағы өткізілді.
        Ағылшын тілі маманы Ақмарал Тілеубаева «Ақжелкен» ересек тобының бүлдіршіндері арасында ойын технологиясы мен флипчарт әдісін пайдалана отырып, «Emotion» тақырыбында оқу қызметін ұйымдастырды.
       Оқу қызметі барысында түрлі-түсті қарындаштар, аудиодиск, әліппе-дәптері, жұмыс-дәптері қажетті құрал-жабдықтары мен компоненттер қолданылды.
       Шарада бүлдіршіндер үш тілде сәлемдесу әнін айтты. Маман жаңа тақырыпты бастамас бұрын, өткен тақырып бойынша «Менің Қазақстаным» тақырыбында қысқаша әңгіме жүргізіп, «Emotion» тақырыбымен таныстырды.
       Балалар «Менің көңіл-күйім» ойыны барысында интербелсенді тақтаға назар аударып, түсініктерін үш тілде жеткізді. «Суретті аяқта» деп аталатын тапсырманы да балалар тиянақты орындап шықты.
      Үшінші тапсырмада флипчарт әдісін пайдаланып, түсіп қалған сандарды сәйкестендіріп жазды. Шарада алған көңіл-күйлерін ғажайып смайликтер арқылы көрсетті.
       Қызықты тапсырмалар орындату арқылы 5-6 жастағы балалардың орыс және ағылшын тілдерін үйренуге деген қызығушылықтарын тудырып, олардың оқу қызметіне белсенді қатысуына мүмкіндік жасалды. Мектеп жасына дейінгі кезең – тілдерді үйренуге ең қолайлы кезең. Өйткені бала зейін қоюға, логикалық ойлауға қабілетті.
       Осыдан да үш тілде оқытуды мектепке дейін бастау қажет. Бұл тілдерді ары қарай үйренуде сөздердің лексикалық қорын құруға мүмкіндік береді.  
    Ж. АЕКЕНОВА
07 желтоқсан 2017 ж. 2 332 0