Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Үлкен экраннан қорқатынмын...

Үлкен экраннан қорқатынмын...

Сырдария аудандық мәдениет үйінің қызметкерлерін бүгінде аудан тұрғындары жақсы таниды. Себебі елде мекендерге арнайы концерт қойып, көрермен ықыласына бөленіп жүр. Ал көп адам біле бермейтін сахна сыртындағы қызметкерлердің еңбегі саланың дамуына айтарлықтай үлес қосуда.
Шәрбану Шыңғабайқызы – кентте орналасқан бұрынғы «Арман» кинотеатрының қызметкері болып еңбек етті. Оның ерке ұлы үнемі сол жерден кино көруге асығатын. Анасы кішкентай екенін айтса да баласының арманын орындайтын. Небәрі 5-6 жастағы бала кино көруге қызықса да, үлкен экран қосылып фильм басталғанда одан қорқатын еді. Осылайша өмір зулап өтіп жатты. Әлгі кинодан қорқатын жігіт ер жетіп, мектепке барды. Кейін жоғарғы оқу орнына кино саласы мамандығына түсті. Иә, бала күнінде үлкен экраннан үркіген жігіт – бүгінде нағыз таспагер.
Сәбит Мұқановтың құрметіне қойылған оның есімі аудан жұртшылығына танымал. Аудандық мәдениет үйінің жанынан құрылған «Дала дидары» мәдени-үгіт бригадасының жетекшісі – Сәбит Мұхитұлы – бала күнінен арман болған таспагер мамандығын өнердің қарашаңырағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясынан алды. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, профессор Г.Әбілдина, белгілі таспагер Х.Қыдыралиев, Р.Косай, Г.Александровна секілді кино саласының кәсіби мамандарынан дәріс алған ол туған жерді түлетуді мақсат тұтты. Студент кезінен-ақ еңбекке араласты. Елімізге танымал режиссер Ақан Сатаевтың «SATAYFILM» және қарашаңырақ «Қазақфильм» киностудияларында «Анаға апарар жол» секілді кинотуындыда өз қолтаңбасын қалдырды.
– «Таспагер» деген мамандық негізінен суреткер секілді ғой. Тың дүниені, әдемі көріністі түсіріп аласың. Бұл өнер маған тегіннен тегін келген емес. Себебі әкем өзінің нағашысы белгілі жазушы, аудармашы Жұмабай Есбатыровқа «Тұңғышымның есімін өзің қой» деп қолқа салғанда, ол кісі «Досым Сәбит Мұқановтай азамат болсын» деп, осы есімді ырымдап қойған екен. Содан болса керек мен өнер мен мәдениетке жақын болғаным. Сәбит Мұқановтар сөзбен, әдеби тілмен суреттесе, мен сол суреттің нағыз бейнесін таспалаймын. Оның үстіне әкем де осы өнерге жақын. Бала күнім кинотеатрда өтті. Бұның бәрі менің болашақтағы жаныма жақын мамандықты таңдауға өз әсерін тигізді, – дейді өнер қызметкері.
Сәбит Наурызбаевтың туындыларын біздің басылым оқырман назарына ұсынып, қолдау білдіруде. Себебі «елім» деп келген азаматқа қоғам әрқашан қолдау білдіреді.
– Бүгінде аудандық мәдениет үйінде еңбек етіп жүрмін. Таныстарым айтады «өнердің ордасы үлкен шаһарға кетпейсің бе» деп. Бірақ өнер мен үшін жер талғамайды. Кішкентай ауылда отырып та талантыңды шыңдай аласың. Еңбек демалысымды сыртта өткізгенді ұнатамын. Басқа елдерге сапарға шығып, олардың өнерімен, мәдениетімен танысуға тырысамын. Бұл бір жағынан маған ләззат сыйласа, екінші жағынан жақсы туынды жасауға мүмкіндік береді. Сондықтан талантың болса, ең алдымен туған жеріңді, ауылыңды көркейтуге үлесіңді қос дер едім,– дейді жас маман.
«Жастардың бәрі Сәбит секілді ойлай алса ғой» дейді екенсің өнер иесінің бұл пікіріне. Патриот, елжанды, елін сүйген азаматтың болашақтағы арманы асқақ. Ол тағы да сол туған елінен шыққан елге танымал жандар жайлы фильм түсіргісі келеді. Әрине бұл уақытта оның бұл арманының орындалуына қол қысқа. Дегенмен армандар орындалады ғой...

Майя ҚОЖАБАЙ 
23 мамыр 2020 ж. 579 0