Гуманитарлық көмек көрсетуде

Қазіргі таңда қауіптің беті қайтарылғанымен мақтааралдықтардың тұрғын жайын су басып, қиын жағдайға душар болып отыр. Осындайда мызғымас бірлікті ту еткен қазақстандықтар су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетіп, қажетті азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз етуде. Мұндай игі іске Сыр жұртшылығы, оның ішінде сырдариялықтар да үн қосты.
Облыс әкімдігі тарапынан ұйымдастырылған жұмыстардың нәтижесінде қоғам белсенділері, кәсіпкерлер мен ерікті жастар «Сыр жұртынан Мақтааралға көмек» ұранымен Түркістан облысына гуманитарлық көмек жеткізуде. Қайырымдылық көмекке аудан жұртшылығы, оның ішінде аудан жастары ерекше ынта танытып, қажетті азық-түлік қорын Мақтаарал ауданына жөнелтуде. Бұл сырдариялықтардың осындай қиын кезеңде мақтааралдықтарға демеу болып, қиындықты бірігіп еңсереміз дегенінің белгісі. Айта кетейік, осы күнге дейін сырдариялықтар Түркістан облысына 9 көлікпен 43 тонна гуманитарлық көмек жіберді. Оның ішінде күріш, қант, макарон өнімдері, жем, киім-кешек, көрпе-төсек және екі ірі қара малы бар. Гуманитарлық көмек көрсету жұмыстары әлі де жалғасуда.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ