Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қолдауды анық сезіндік

Қолдауды анық сезіндік

Биылғы жыл Аманкелді ауылы үшін сындарлы, сынақты жыл болды. Әлемді жайлаған індет елді мекенді айналып өткен жоқ. Ауылдың 26 азаматы коронавирус жұқтырып, тұрғындар әбіржіп, алаңдап қалдық. Бірақ күрделі жағдайға байланысты аудан әкімдігі тарапынан дер кезінде нақты шешімдер қабылданып, жағдай қатаң бақылауға алынды.
Індет жұқтырушы алғашқы тұрғын тіркелген күннен бастап аудан әкімі Руслан Рүстемов екі күннің бірінде ауылға келіп, жағдаймен танысып, мамандармен пікірлесіп, ерекше көңіл бөлді. Тосқауыл бекетінде де болып, ауыл әкімдігіне карантиндік талаптарды сақтауды тапсырды. Елге сөзі өтімді ақсақалдар мен ерікті жастар арқылы түсіндірме жұмыстарын ұйымдастыру қажеттігін айтты. Нәтижесінде жағдай тұрақталып, тұрғындар оқшаулану керектігін түсінді.
Әрине, дертті өршітетін де, өшіретін де өзіміз. Егер аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес ауылдағы жағдай қатаң бақылауға алынып, науқастармен қарым-қатынаста болған азаматтар жіті зерттеліп, карантиндік талаптар орындалмағанда жағдай бұ­дан да күрделеніп кетер еді. Сондықтан талап пен тәртіпті орындаған тұрғындарға, ортақ абырой үшін күндіз-түні еңбек еткен барша азаматтарға алғыс айтамыз.
Қысылтаяң шақта аз қамтамасыз етілген отбасыларға әлеуметтік көмек ауадай қажет. Сынақты кезеңде жомарт азаматтар ауылдағы мұқтаж отбасыларға азық-түлік үлестіріп, қайырымдылық көмек көрсетті. Оның ішінде Nur Otan партиясының #Bizbirgemiz акциясы арқылы үйлестірілген игі шаралардың орны ерекше. Ауыл халқының атынан Аманкелді ауылына бағытталған материалдық, моральдық көмек үшін алғыс айтамын. Аудан әкімі Руслан Рүстемов бастаған жергілікті билік өкілдерінің ел-халық үшін атқарып жатқан жұмысы жемісті болғай!

Мырзағали Кенбаев,
Аманкелді ауылдық ардагерлер және
Қоғамдық кеңес төрағасы
12 мамыр 2020 ж. 653 0