Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұрғындарды негізсіз үйден шықпауға шақырамын

Тұрғындарды негізсіз үйден шықпауға шақырамын

COVID-19-ға байланысты аудан әкімі Руслан Рүстемов фейсбук әулеуметтік желісіндегі ресми парақшасында жазба жариялады.

– Құрметті жерлестер!
Өздеріңіз білетіндей, COVID-19-ға байланысты бұған дейін де бірнеше рет жазба жарияладым. Талап пен тәртіпке бағынып, біздің пікірімізді қолдап жатқан әлеуметтік желі белсенділеріне шынайы алғысымды айтамын. Біз үшін әрбір тұрғынның денсаулығы аса маңызды.
Елімізде төтенше жағдай жарияланғанына бір айдан астам уақыт өтті. Сынақты кезеңді тек бірлікпен еңсереріміз белгілі. Осыған орай, карантиндік шектеу шараларын қатаң сақтау бағытында сала мамандары күндіз-түні жұмыс істеуде. Мамандар еңбегінің арқасында қауіпті індет біршама сейілді. Өңірімізде де алғашқы науқастар жазылып, ауруханадан шықты. Бірақ, індет біржолата артта қалған жоқ. Ауданда тіркелген 26 жағдай біз үшін сабақ болуы керек.
Біздің бүгінгі мақсатымыз – Аманкелді ауылдық округіндегі жағдайды өзге ауылдарда болдырмау. Сол себепті барлық елді мекеннің кіреберісіне тосқауыл бекеттері қойылды. Өзім де күнделікті тосқауыл бекеттерін аралап жүрмін. Осы ретте, бір мәселеге ерекше назар аударғым келеді. Ол тұрғындардың негізсіз көшеде жүруі. Оқшаулану керектігі қаншама рет айтылып, ескертілсе де, бейқамдық танытып жүргендер бар. Бұл меніңше тәртіп бұзу ғана емес, жауапсыздық. Әр азамат жауапкершілікті сезініп, тәртіпке бағынғанда ғана індеттің таралуы тоқтайды.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Амантайұлы Біртанов: «Инфекция – өте жұқпалы. Адамдардың кей санатын ауыр жағдайларға әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан эпидемияға төтеп беріп, төмендетіп алған соң, үнемі карантинде отырмау үшін мұнымен өмір сүріп үйрену керек. Сондықтан біз мамыр айының соңына дейін шамамен 3500 жағдай болады деп ойлаймыз. Содан кейін басқа санды тіркей бастаймыз, қазір нақты бірдеңе айту қиын. Жапонияда, Сингапурде эпидемия қайта басталды. Болжам жасау қиын, Қазақстанда нақты былай болады деп болжай алмаймыз. Бұған уақыт керек, карантин мамырда созылуы мүмкін. Мамыр қауіпті кезең деп есептейміз», - деген болатын.
Осыған байланысты аудан тұрғындарын аса шұғыл мәселе туындамаса негізсіз үйден шықпауға шақырамын. «Елдің тағдыры – менің қолымда!» деп ойлайтын уақыт келді. Үйде болыңыз, елді сақтаңыз! Мұндай кезеңде тәуекелге бел байлауға болмайды. Қоғам алдындағы жауапсыздық мәңгілік өкінішке ұласуы мүмкін. Сондықтан карантин уақыты ертерек аяқсалсын десек, мейілінше тәртіпке бағынуымыз қажет, – делінген жазбада.
23 сәуір 2020 ж. 371 0