Тіршілік тынысы Сырдария аудандық қоғамдық-саяси газет

PDF нұсқалар мұрағаты

№ 39 газет

26 мамыр 2020 ж.

№ 38 газет

23 мамыр 2020 ж.

№ 37 газет

19 мамыр 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031
» » Мүрсәлдің құдығы

Мүрсәлдің құдығы

Соғыс бітіп, етек-жеңін жинаған Ұялы ауылы тұрғындарының әл-ауқаты, тұрмысы әлі де оңала қоймаған кез. Әйтеуір соғыстың жеңіспен аяқталғанына мәз. Менің балалық шағым Қызылтудың Ұялы колхозында өтті.
Қазақ қашанда суға жарыған ба? Жасыратын несі бар, әлі күнге дейін қазағы шоғырланған ауылдың сөз етері – алдымен судың тапшылығы...  Судан тарыққан кезді өмірде ұмытпаспын. Өзім­нің қатарлас құрбыларым Шәй­мұрат, Рәшида, Сәрсенбай, Күлшәра, Олжабай және тағы басқалар, әйтеуір бір топ болып иығымызға ілген иінағаш­пен екі шелекті салақтатып ауыл құдықта­рын кезумен уақыт өтетін... Су көзі бі­те­луге жақын, сыздықтап қана жина­латын шалшық суы бар құдықтан лай су­ды шелегімізге толтырып үйге қай­татынбыз...
Үстінде жамау-жамау ескі шапаны бар, басындағы жаулығының астынан самай шашы бұрқыраған, беті әжімге толы шүйкедей кемпірден қатты қор­қатынбыз. Екі көзін тарс жұмып, қол­дарын әрлі-берлі сілтеп өз-өзімен сөйлеп отырғаны. Біз де тасбақаның жүрісімен құдыққа тая­на бергенде-ақ:
– Әй, жүгермектер, құдықтан аулақ кетіңдер, Мүрсәлім қазған құдық, жола­маңдар! – деп айқай салады.
Қолындағы таяғымен тұра салып қуады-ай келіп, құдыққа жолатпайды. Кемпірдің көңілін таба білетін ауыл тұрғындары түнделетіп айдың жа­ры­ғымен бос бөшкелерін таза тұнық суға тол­­тырып қарық болып жатқаны.
Ауыл балалары кемпірдің шәлкес мінезіне қарай оны «жынды кемпір» атайды. Жақ сүйегі қан сөлсіз, көз жанарынан нұры тайған, бет әлпетінен адам шошырлық мүсәпір жан кейде ешкіммен жұмысы жоқ, томаға-тұйық, үн-түнсіз құдық басында ертеден кешке дейін отырады да қояды. Бала болсақ та аяймыз. Жақындауға батпаймыз...
Басына ораған түбіт шәлісі желкесіне қарай сырғып кеткен, ақ шашы күн көзімен ойнап тұрғандай, алыстан көріп келеміз. Құдықтың маңайына қатқан мұзды қолындағы сүйменмен кектене, ашумен ұрғылап жүр. Қатып жатқан мұз қабыршықтары атылған оқша әр жаққа сүйменнің күшімен емес, қайратына мінген кемпірдің іштегі ызасының кү­шімен ұшып жатқандай. «Жынды кем­пір» атанған жанның әлденеге кектенген ішкі жан дүниесін біз де түсінгендей болдық. «Соғысқа барса, талай фашисті жайратар еді», деген Әмештің даусын естіді ме:
– Әй жүгермектер, келіңдер, су көп жиналыпты. Айналасын мұзбалақ қыл­май, төкпей-шашпай алыңдар. Құ­дықтың берекесін кетірмеңдер. Мүр­сәлім аман-есен келсе, оған не дейміз? – деді жұмсақ үнмен.
Мейі­рімді, жылы сөзден қуаттанған, екі шелекті тұнық суға шүпілдеткен қалпыммен есікті ашар-ашпастан түс көргендей болған оқиғаны анама айтып бердім.
9 мамыр. Ауыл мектебінің сахна төрінде қызыл шұғамен жабылған үстел, айналасында ауыл басшылары мен мұғалімдер. Салтанатты жиынды партия ұйымының жетекшісі әрі мектеп директоры Нұрмақ Жүнісов соғыстың жеңіспен аяқталуына қазақ халқының зор үлес қосқанын, тылдағы қарттар мен әйелдердің, балалардың еңбектерін үлкен тебіреніспен жеткізді. Соғыстан қайт­паған ерлердің бала-шағасына тиісті үкі­мет тарапынан жәрдемақы төле­неті­нін, оны өзі бақылауға алатынын жеткізді.
Ұялы ауылдық кеңесін басқарып отырған С.Балмұқанов қолындағы ескілеу дәптердегі соғысқа кеткен жауынгерлер мен соғыста қаза тапқандардың аты-жөндерін оқыды. Аяулы есімдерді естігенде зал іші күңіреніп, талай жан көз жастарына ие бола алмады. Іш құса болып жүрген ата-әжелердің: «Балам қайда, жалғызымнан айырылдым, жастай жесірліктің зардабын тарт­тым, Құдайға не жаздым?..» дегендей мазмұндағы сөздері құйқа тамырымызды шымырлатып, бала жүрегімізге инедей шаншылады. Шағын ауылдағы әр отбасының соғыстан оралмаған азаматтарының ішінде Мүрсәлдің есімі аталды.
Дене бітімі ірі Мүрсәл өз қатарынан озық, білімді, мейірімді болып өседі. Адамға жақын, қайырымды еді. Ел қамын ойлаған Мүрсәл соғысқа аттанарда ауылдастарына құдық қазып береді. Елін қорғауда ерлікпен қаза тапты. Ер – ел есінде. Ортамызда Мүрсәлдің анасы отыр. Оны қолынан жетектеп сахна төріне шығардық. Соғыстың алғашқы айларында жұбайынан, кейін інісінен, баласы Мүрсәлден айырылған кейуананы құшағымызға алдық. Беті бал-бұл жанған кейуана:
– Құдайға шүкір! Мүрсәлім тіріліп келгендей күй кешіп тұрмын. Мүрсәлімді еске алдыңдар. Мен көрген бейнетті ешкімнің басына бермесін, – деп, суалып қалған көзінің жасын шапанының жеңімен сүрткілей берді.
Мүрсәлдей қазақтың мыңдаған боз­да­ғы түтін түтетіп, шаңырақ құрмай, сә­би иісін иіскеу бақыты бұйырмай, жат жер­дің топырағын жастанып жатқанына да – 75 жыл.
Бүгінде Ұялының бетке ұстар азаматы, КСРО-ның спорт шебері Ахметжан Қазымбетовтің әкесі Қалижан аға Мүр­сәл­дің құдығын тереңірек қаздырып, ай­наласын қоршатқызды. Талайлардың таңдайын жібіткен Мүрсәлдің құдығы ұялылықтардың есінен шыға қоймас...
О дүниеге өзімен жүрек жарасын алып кеткен аналарға, жар құшағын жесірліктің қамытына айырбастаған ақ орамалды жандарға тағы да тағзым!
 
Роза ЖҮНІС,
Қазақстан Республикасының ардагер журналисі,
 
10 мамыр 2020 ж. 34 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам