Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақ еліне алғысым шексіз

Қазақ еліне алғысым шексіз

Елімізде соңғы жылдары қазақ тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілдерінің саны айтарлықтай көбейген. Бұл біздің басты жетістігіміз. Осы орайда қазақы дәстүр мен ана тілімізді еркін меңгерген Альбика Ильясовамен мереке қарсаңында жолыққан едік. Қазақ еліне деген ерекше құрметін байқаған соң оқырман назарына ұсынуды жөн санадық.
Альбика 1991 жылдан бері Шаған ауы¬лын мекендеді. 1966 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келіп, сол жерде мектеп бітірген. Кейін кәсіптік колледжде «қаржыгер» маман¬дығын игеріп шығады. Түрлі сауда дүкендерінде сатушы болып еңбек етті. Тұрмысқа шығып, бала сүйді. Ата-анасы – шешен ұлтының өкілдері. Ал бүгінде өзі мекен ететін Наурыз көшесінің тұрғындары бұл кісіні ерекше құрметтейді. Себебі ауылмен бірге қазақы дәстүрді берік ұстанып, кез келген адаммен тез табысатын жақсы қасиеті бар. Мерекелік шара мен арнайы концерттерден қалмайтын Альбика өнерден де кем емес. Ән салады, би де билейді. Керек десеңіз, қазақ ақындарының шығармасын жатқа айтады.
Отбасында 4 бала тәрбиелеп отыр¬ған көпбалалы ана жолдасынан ерте айырылды. Осы сәтте оны қолдаушылар жанынан табылды. «Отбасымыздың асыраушысынан айырылып, қайғыдан қан жұтқан сәтте мен қазақ бауырларымнан ерекше қолдауды көрдім, мейірімділікті сездім. Бұл мен үшін үлкен сенім ұялатты. Сол себепті ұлтқа деген құрметім ерекше» – дейді Альбика. Бүгінде Шаған ауылдық «Балбөбек» бабалақшасында жұмыс істейді. Балалары да ер жетіп, анасына қамқорлық танытып жүр.
–Ата кәсібіміз – мал шаруашы¬лығымен айналысып келеміз. Үлкен екі ұлым шаруашылыққа ие, одан кейінгі жалғыз қызым тұрмыста, немелерім бар. Кенжем Исмайыл «Болашақ» колледжінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығында оқиды. Қазақша білім алғанын қаладым. Бұл өз Отанымызға деген құрметіміз деп білемін. Өзге ұлт өкілі болсақ та ауылдың азаматтары ешқашан бізді бөліп-жарған емес. Ауылдың шаңын жұтып, топырағына аунап өскен соң бір нанды бөлісіп келеміз. Әрқашанда қазақ еліне деген ризашылығымыз зор. Осындай алаңсыз, бейбіт күндеріміз үшін мың алғыс, – дейді көпбалалы ана.
Шындығында да тағдыр тауқыметімен атамекенінен жырақ кеткен талай азаматтар бар. Олар біздің елге пана іздеп келді. Біз де кеңпейілділігімізді көрсетіп, құшақ жая қарсы алдық, төрімізден орын бердік. Ата-дәстүрін ұмыт қалдырмаудың жолын көрсеттік. Соның арқасында олар елге құрметін көрсетіп, қазақ тілінде сөйлейді және ұлттық құндылықтарымызды дәріптейді. Бұл тәуелсіздіктің жемісі.

Майя ҚОЖАБАЙ
01 мамыр 2020 ж. 1 030 0