Өнерлі жігіт
Біз телефон арқылы сөйлестік. Ол өзін Орынбек деп таныстырды. Мен де өзімді таныстырып, негізгі шаруама көштім. Әңгіме барысында кейіпкерімді жақыннан тануға тырыстым.
Қазақ тілінде еш мүдірместен сөйлеген Орынбек – негізінен корей ұлтының азаматы. Оның есімін нағашысы қойған. Орынбектің анасы – қазақтың қызы. Жалғаскүл Дарушханқызы – Тереңөзектің тумасы. Корей ұлтының азаматы Сергей Синге тұрмысқа шығып, дүниеге 6 перзент әкелген көп балалы ана. Орынбек – ата-анасының төртінші перзенті. Ол бала күнінен ән өнерімен машықтанып, түрлі аспапта ойнауды үйренеді. Әрі қарай оқырман қауымға Орынбек Син жайында тарқатып айтатын боламыз.
Қазақтың ұлттық аспабы домбыраны жетік меңгерген Жас жігіттің негізгі мамандығы музыкант. Туа бітті таланты арқылы кішкентайынан қазақтың халық әндерін орындайды. Ауылдағы мектепте оқып жүріп, Жаяу Мұсаның «Ақ сиса» әнімен алғаш сахнаға шыққан. Қазіргі таңда Қалжан ахун ауылында тұратын Орынбек Сергейұлы Қызылорда қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы жоғарғы колледжінің 4 курсында оқиды. Оның қазақ тілінде еркін сөйлеуі ұлттар арасындағы жарасымдылықты айшықтайды. Бүгінде «Сыр-Орда» триосын құрған жас талант Әділжан Кәрібаев пен Сайлау Мадиярмен бірге өнер көрсетіп жүр. Екі жыл бұрын құрылған трио мүшелері баян, домбыра, гитара аспаптарын жандарына серік еткен. Бүгінде жас таланттар ұлт өнерін жан-жақты дамытуға зор үлес қосуғамүдделі.
– Мен бала күнімнен музыкамен айналысып келемін. Ұлтым корей болса да, қазақтың халық әндерін айтқанды жақсы көремін. Шындығында, корей тілін мүлде білмеймін. Ана сүтімен дарыған қазақ тілін ерекше құрметтеймін. Мені өнерге баулыған ұстаздарым жетерлік. Негізігі мамандығым – музыкалық білім беру. Күнделіктіқабілетімді шыңдап, ұстаздарымнан вокал бойынша дәріс аламын. Түрлі байқаулардың жеңімпазы атанып, қайырымдылық концерттерге қатысып келемін, – дейді өнерпаз жігіт.
Ал домбыра тартуды өнердегі ағасы Ербол Сағынбайұлынан үйренген. Алдағы уақытта қазақ күйлерін меңгеріп, үлкен сахнаға алып шығуға ниетті. Анасы Жалғаскүл мен әкесі Сергей өнерлі ұлын әрқашан мақтан етеді. Себебі ұлдары нағыз елжанды, мейірімді, адагершілігі мол азамат болып өсіп келеді. Бар өмірін музыкамен байланыстырған өнерлі жігітті ауылдастары мақтан тұтады.
Жас өнерпаз бос уақытын музыкаға арнайды. Сонымен бірге поэзияда өзіндік орнын қалыптастыруға барын салуда. Бір кездері өлең шығарып, қазақсөздерін зердесіне тоқыған. Болашақтабиік белестерді бағындыруды мақсат тұтқан жас өнерпаз өнер әлемінде жетекшілік жасайтын продюсері болғанын қалайды. Жеке продюсердің қолдауымен өз қарым-қабілетін одан әрі аша түсуді көздейді. Себебі қазіргі нарықтық заманда музыкалық білімді жетілдіріп ғана қоймай, жаңа бағытты ұстану маңызды.
Бүгінде «Сыр-Орда» триосына жетекшілік жасайтын Орынбек Сергейұлы қазақ мәдениетін жоғары бағалайды. Қазақ халқының дүниетамында этикалық ұғым ретінде бірлік сөзі маңызды рөл атқаратындығын біледі. Ата-бабасының тарихи Отаны қазақ елінің қасиетін тереңнен ұғынған талантты әнші болашағынан зор үміт күттіреді. Ұлты корей болғанымен, жаны қазақ Орынбек би жанрымен де айналысады. Ұлттық билерді өз нақышында орындайтын олкөпшілікті ерекше өнерімен таңқалдырудан жалыққан емес. Үнемі үлкендердің батасын алып, балалардың көңілін аулаған өнерпаз ұлт музыкасын жандандыруды жалғастыра бермек. Бір сөзбен айтқанда, әнші, биші, ақын, түрлі аспаптың құлағында ойнайтын Орынбектің жұлдызды шағы әлі алда.
«Жігіттің жақсысы нағашыдан» дегендей, Орынбектің есімін қазақша қойғандықтан оның жаман болуы мүмкін емес. Оның қазақ өнерін биікке шығаратынына сенім мол.
Балтабай ОРДАБЕКОВ