Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Алтын босағаның киесі

Алтын босағаның киесі

«Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген ата-бабамыз ежелден ұл-қызды еңбекке баулыған, тәрбиелеген. Әсіресе, ер баланы отбасының қолқанаты деп санаған. Ұлға төрт-түлік малды бағып-күтуге, ел-жерді танып білуге, қараңғы мезгілде аспандағы жұлдыздарға қарап бағыт алуға, елі мен суы бар жерді дөп басып табуға үйретуге мән берген. «сегіз қырлы, бір сырлы» болуға баулыған ер балаға сан түрлі өнерді меңгерткен.
генді бойына сіңірген бала жастайынан отбасына деген жауапкершілікті сезініп, оны өз бетімен өмір сүруге дайындаған. Әкенің міндеті ретінде жеті атасын үйретуді қолға алып, рудың, елдің мүддесін қорғауға бауылған.
Ұрпақ тәрбиесінде қыз баланың да орны бөлек. «Қыз өссе – елдің көркі» дегендей, қызды анасы өзіне жақын тартып, оны болашақ ана, өзге босағанын келіні ретінде қарап, анасы өз бойындағы бар асылын берген. Отбасында қызды жат жұрттық деп босағаға отырғызбай, төрден орын берген. Жаны нәзік болса да қызды төзімді болуға, әдептілікке, сыпайылыққа үйреткен.
Қазір заманның ағымына қарай ұлттық тәрбиенің осал тұстары көбірек көрініс беріп жүр. Бұлай айтуға негіз болған күнделікті қоғамдағы көрініс.
Бірде таныс ағайынымның отбасында болып, науқастанып қалған кісінің хал-жағдайын білуге бардым. Сонда төсек тартып жатқан кейуана қазіргі замандағы кеңшілікті, баршылықты айтып, оның да тәрбиеге кері әсер етіп жатқанын айтты. Әсіресе, босағаны аттаған жас келін барды көтере алмай, өзінің міндетін атқаруға қиынсынып, уақытты оздырмай қарашаңырақтан бөлек шығып кетуге асығатыны көңілге кірбің ұялататыны қынжылтады. Сондағы ата-енені күтіп бағу, олардың жағдайын жасау ол үшін «құлдықта» жүрумен пара-пар. Әри­не көпке топырақ шашудан аулақпыз. Ибалы, инабатты келіндер де бар шығар. Дегенмен көбінде осындай «келсап» келіндер жағы басым екені жасырын емес.
Қазір байқасаңыз екі ененің басы қосылса болды, келіндерін айтудан жалық­пайды. Ал келіндер кездесе кетсе, керісінше, енелерін жамандап, күллі дүниеде одан асқан жаман адам жоқ тәрізді көрінеді. Сонда кемшілікті әр­кім өзінен іздеуден гөрі, өзгеге ысырып тастау ең оңай нәрсе деп жүру кімге керек деген еріксіз ой келеді.
Тағы бірде отау құрған­дарына бір жылға да толмаған жас отбасы ажырасудың алдында тұрды. Келіннің бойына біткен баланы да ескерместен, екі жақтың аузынан ақ ит кіріп, көк ит шықты. Жас­тарды татуластырудың орнына құдандалы бол­ғандар ақырында алыс-берістерін тізбектеп, разы еместіктерін айтты. Сабырға келуге асықпаған отбасылар күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылды. Сонда жас келін түскен отбасында жасы сексеннен асқан кейуана болатын. Ұрыс керісте қарт кісінің пікірін білу ешкімнің ойына келмеген. Бір күні есіктен ентіге кірген қыздың анасы кейуананың алдына келіп, жөн сұрайды. «Сіз не айтсаңыз, сол болады. Қызым дұрыс емес болса, алып кетемін, ал арада басқа нәрсе болса, босағада қалады» депті.
Сонда көпті көрген қарт ана: «Қызың сенен кетті, бізге жетті. Ендігі оның сүйегі де біздікі. Ата-анасының қасында болған кездегідей енді болмайды. Келін келіндігін жасау керек. Үйренісіп кеткенше қиын болады. Бірақ әйел қырық жанды емес пе№! Жақсы әйел ерін төрге сүйрейді, жаман әйел көрге сүйрейді. Төзімді болуды бәлкім түсіндірмеген шығарсыз. Ендігі тәрбиесі біздің қолымызда. «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деген аталы сөзді ұғындырып, осыларды отбасы ету – біздің мақсатымыз. Ешкім бұлардың ажырағанын қаламайды. Бейбіт күнде жетім өскен баланы қайдан көрдің. Болашағын ойлап, балаларды тату­лас­тырайық» деп ана ақ батасын береді. Содан бері бұл отбасында бір де бір ұрыс болмады. Бірінен кейін бірі дүниеге келген бүлдіршіндер көз қуанышқа айналып, бүгінде бір қауым ел болды.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, «Мен болсам қартайдым. Орнымнан тұруға да шамам жоқ. Үйде әрлі-бері жүргендердің кім екенін де ажырата алмаймын. Құлындарым-ау, келін басына орамал тағып, қызымыздан айырмашылығын сездіріп жүрмей ме екен» деген сөзді де естідік. Бұл әңгімеден келіндеріміздің басына орамал тағуды да қойғанын аңғару қиын емес. Орамалдың киесін ұмытқан келіндерге не ғибрат айтар едіңіз?

Бибісара ЖАНӘЛІ
25 сәуір 2020 ж. 695 0