Әлемге келген індеттен, бір Алла өзі сақтасын!

Уа, Құдайым, оңдасын,
Еш жамандық болмасын!
Жаратқан Алла жар болып,
Бізді әркез қолдасын!
Халық аман, ел тыныш боп,
Бейбіт өмір орнасын!
Бейбітшілік ордасын,
Періштелер қорғасын!
Тіккен туы қазақтың,
Күнге сәлем жолдасын!
Қапа болып қария
Қалың ойға шомбасын!
Бесіктегі бөбектің
Бақайшағы тоңбасын!
Қырсық ешбір шалмасын,
Қырғын әлек салмасын,
Ел сенімі – ерге жүк,
Екі иығы талмасын!
Көш бастаған көсемдер
Өрге тартсын арбасын!
Сөз бастаған шешендер
Әділдіктен таңбасын!
Ынтымақты кім бұзса,
Халық соны қарғасын!
Көл жиналып тамшыдан,
Асығым түссін алшыдан!
Құт-береке кетпесін,
Диқаншы мен малшыдан!
Бақыт ашсын қақпасын,
Жамандық бізді таппасын,
Әлемге келген індеттен,
Бір Алла өзі сақтасын!
Сабыр сақтап халқымыз,
Індет тездеп тоқтасын!
Бірлігіміз нығайып,
Тәртіп бұзу болмасын!