Жаңа талап індеттің ушығуына жол бермейді
Елдегі жағдайдың асқынуына байланысты облыстың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері А.Абдикаимованың жаңа қаулысымен таныстым. Жаңа қаулы карантиндік шараларды одан сайын күшейтуге бағытталған.
Әрине, бұл еріккеннің ермегі емес. Бұл қаулыда барлығы тайға таңба басқандай көрсетілген. "Көктемнің әр күні жылға азық" дегендей несібесін Жер Анадан алған диқаншы қауымның жұмысы қалай болады екен деген күдектің де болғаны рас. Алайда бұл ойымыздың негізсіз екеніне көзіміз жеткендей болды. Себебі көктемгі дала жұмыстарының басталуына байланысты шаруа адамдары қызмет орнынан анықтама ұсынып, дала жұмысын жүргізе береді.
Сонымен қатар облыстың Бас дәрігері адамдарға қажетті азық-түлік сататын дүкендердің жұмысы таңертеңгі сағат 10.00-ден бастап кешкі 18.00-ге дейін күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режиммен жұмыс жасауға рұқсат етілгенін айтты. Бұл да болса тұрғындарға үлкен көмек. Күнделікті тұтынатын заттарыңды еш кедергісіз сатып алуына болады. Жалпы тұрғындардың денсаулығына қауіп келтірмеу үшін банкомат, Қазпоштаның қызметі де жаңа талаппен жұмыс істеуге көшті. Адамдардың кезекке тұру арақашықтығы сақталып, топтасып тұруға жол берілмейді. Жалпы сыртқа өте қажеттілік болған жағдайда шығып, басқа кезде үйде болу ескертілді. Тәртіпке бағынуды өзімізден бастауымыз керек. Бұл індеттен тез арада құтылудың амалы талапты орындап, үйден шықпау керек екендігіне көзіміз жететін уақыт та келді.
Алма Сақыбекова,
жеке кәсіпкер