Журналистердің де еңбегін ескеру керек

Жасыратыны жоқ, біз оқыған дүниемізге, яғни газетке шыққан ақпаратқа ғана сенетін қоғам мүшесіміз. Тұрақты оқырман ретінде қалыптасқанымызға да бірнеше жыл болды. Кейде таңғы ас ішпестен бұрын аудандық басылымды парақтауға асығып тұрамыз. Бұл журналистер еңбегінің, ізденісінің нәтижесі.
Бүгінде қауіпті кеселмен күресте тәртіп сақшылары күндіз-түні еңбек етуде. Дәрігерлердің жауапты жұмысы айтпасақ та түсінікті. Осы ретте сала мамандарымен бірлесіп рейдтік іс-шаралар ұйымдастырып, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, сапалы ақпарат тарату қамымен жүрген тілшілерге де құрметпен қараған дұрыс. Тіпті, олар қауіпті індет анықталған ошаққа дейін барып, материал жинақтап, оқырманға ұсынуда. Бұл олардың мамандыққа адал екенін және кәсіби біліктілігін білдіреді.
Қазір әр өңірде мемлекеттік бас санитарлық дәрігерлердің қаулысы қабылданды. Соған сәйкес жергілікті атқарушы органдар жұмыс істеп, шектеу шараларын күшейтті. Кейде тәртіпке бағынғысы келмегендер «естімедік, білмедік» деп жалтарғысы келеді. Бірақ, бүгінгідей ақпараттық заманда бұл мүмкін емес. Журналистердің көмегімен шалғай ауылдарға дейін ақпарат таратылып, індет жүктеген міндеттер кеңінен ақпараттандырылды. Сондықтан тәртіпке бағынбағандар, бейқамдық танытқандар қатаң жазалануы керек. Мен ардагер ретінде бұл қиындықты еңсеретінімізге сенемін.
Итемір ПАЗЫЛОВ,
газет оқырманы