Тапсырмалар тиянақты орындалуда
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында атқарылуы тиіс міндеттерді айқындап, нақты тапсырмалар берді. Ел азаматтарының қауіпсіздігі мен амандығы үшін мемлекет тарапынан барлық қолдаулар көрсетілетінін айтты. Бұл көпшілік қауым үшін қуанышты хабар болды, ертеңгі күнге сенім ұялатты.
Мемлекет басшысы өз сөзінде бүкіл әлем коронавирус пандемиясының жағымсыз салдарынан зардап шегіп отырғанын айтып, елімізде қабылданған карантин шараларының арқасында індеттің жаппай таралуы бәсеңдегенін, күрделі жағдайдың күнделікті бақылауда екенін атап өтті. Пандемиямен күрестің алдыңғы шебінде жүрген барлық медицина қызметкерлерінің ерлікке пара-пар еңбектеріне алғыс білдіріп, оларға төленетін барлық қосымша төлемдерді уақтылы жүргізуді тапсырды. Бұл қауіп-қатерге басын тігіп, күндіз-түні еңбек етіп жатқан дәрігерлерге ғана емес, барша ел тұрғындарына зор қуаныш сыйлады.
– Дағдарыс барлық кемшіліктерімізді көрсетіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Біз осыны пайдалануымыз керек. Реформаларды дайындау жұмыстарын қазірден бастау қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Яғни, сындарлы сәтте әр саладағы кәсіби мамандардың адал еңбек етуі мен жоспарлы жұмыстардың толық жүзеге асуы маңызды. Осы ретте төтенше жағдай талаптарының ауданда сапалы орындалып жатқанын айта кету керек. Бүгінде барлық елді мекендерге тосқауыл бекеттері қойылды. Құқық қорғау саласының мамандары тәртіпті қамтамасыз етсе, ақ халатты абзал жандар халыққа медициналық кеңестер беруде. Еріктілер #Bizbirgemiz акциясы шеңберінде қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, мұқтаж отбасыларға жәрдемдесуде. Мұның бәрі Президент пәрменімен нақтыланған тапсырмалардың тиянақты орындалып жатқанын білдіреді.
Біздің ұлы халқымыз өзге ұлттардан рухының мықтылығымен ерекшеленген халық. Қай кезде де рухы мықты, өзіне сенімді адамды қиындықтар шынықтырады. Сондықтан уайым мен енжарлықтан арылып, тығырықтан шығудың жолын іздеген бүкіл әлем халқымен бірге ширыға, шыңдала түсуіміз керек. Карантин талаптарын сақтасақ, індетті жеңеміз. Бұл уақытша сынақ. Ең бастысы, біздің арқасүйер еліміз, тұғыр етер тәуелсіздігіміз бар. Аталған құндылықтарды бекем бірлікпен сақтап қалуымыз керек. Ол үшін тағы да әр азамат жауапкершілікті сезініп, індет жүктеген міндеттерді мүлтіксіз орындауы керек.
Бағдат ЕСНАЗАР,
аудандық мәслихат депутаты