Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » “Алаңдайтын, абыржитын еш негіз жоқ”

“Алаңдайтын, абыржитын еш негіз жоқ”

Өткен айдың 20 жұлдызында коронавирустың жаһандық індетке айналғанына орай, “Осындай ауыр кезеңде барлық қазақстандықтарды ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Үкімет тарапынан іске асырылып жатқан шұғыл шараларды қолдауға” шақырып, Қазақстан халқына Үндеу жасаған Тұңғыш Президент Н.Назарбаев араға біршама уақыт салып, сәуірдің 8-інде тағы бір Үндеу жасады.
Жалпы, “Нұрсұлтан Әбішұлы ертең Үндеу жасайды” дегеннен ел елең ете қалды. Қанша дегенменен алдындағы Үндеуде “Карантин жарияланған Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға атаулы көмек көрсетуге “Nur Otan” партиясының жобалары аясында 150 млн. теңге, сондай-ақ елде коронавирустың таралуына жол бермеу үшін Тұңғыш Президент қоры есебінен 200 млн. теңге бөлінді. Қиын шақта елді ұйыстырып, жол бастап, қолдау көрсетіп, көмек көрсеткен Тұңғыш Президентке елдің алғысы шексіз. Сол ризалық сезімдегі халық Тұңғыш Президенттің кезекті Үндеуін асыға күтті.
Жаһанды жайлаған індет бізге де келіп жетті. Әрине, қиындықтар болмай жатқан жоқ. Бірақ, халық тоз-тоз болмады, ел мұқалмады. Үкімет қиналған халықпен бизнеске қаржылай көмек көрсетуде. Ел Президентінің жасап жатқан қолдаулары кейбір дамыған елдердің өзінен де асып түсті. Әрине, мұның барлығы халықтың ауызбірлігі мен татулығының, билікке сенімінің арқасы, сондай-ақ Тұңғыш Президенттің өзі Үндеуде айтпақшы “Өмірдің өзі дәл бүгінгі қалыптасқан жағдай Қазақстан билігі ұстанған бірігу мен бірлесуге негізделген саясаттың бірден-бір дұрыс жол екендігіне көз жеткізді.
Жан-жақтан жеткен ақпараттар легінде, экономикалық дағдарыстар салдарынан қиындықтар тезінде қалған халқының жағдайына бей-жай қарай алмаған “Тәуелсіздік жылдары ел өмірінің күрделі кезеңдерінде кез-келген мәселені қадірменді отандастармен бірге бүкпесіз, ашық талқыға салып, туған халқымен үнемі ой бөлісіп келген” Нұрсұлтан Әбішұлы тағы да “Бүгінгідей бүкіл әлем алаң күй кешіп, ұлт саулығы сынға түскен қазіргі сәтте барлығын сабырға, байсалдылыққа шақырып, тағы да жұртына ақ тілеулі сөзін” арнады.
Тәуелсіздік алғаннан бергі Назарбаевпен бірге жүріп өткен жылдар жемісі текке кетпеді. Бүгінгідей қысылтаяң уақытта бұған дейінгі экономикада, әлеуметтік салада жасалған реформалардың арқасында халық қиындыққа мұқалған жоқ.
Тұңғыш Президент Үндеуде айтқандай “Халқымыздың төзімділігі, ерік-жігері және өзіне деген зор сенімі арқасында міндетті түрде жеңіп шығамыз! Ол үшін бізге қажетті нәрсе қаржы, қаражат, материалдық ресурс, техника, азық-түлік бәрі бар. Алаңдайтын, абыржитын ештеңе жоқ.
Бұл әншейін алдарқату, жұбату, немесе құр үміт сөздері емес. Бұл - нақты жағдай. Жоғарыда айтқандай Тұңғыш Президентпен бірге болған жылдар жемісі әрі ертеңгі күн түп қазығы. Тұңғыш Президент өз Үндеуінде аға ұрпақ пен зиялы қауым өкілдерін алға шығарды. “Халықты ынтымаққа
шақырып, жақсылыққа, ізгі амалдар жасауға, саламатты өмір салтын ұстауға үндеңіздер “Ырыс алды – ынтымақ” екенін ұмытпаңыздар”, - дей келе, жастарды еңбекке, білім алуға, қатарластарының алды болуға тәрбиелеу аға ұрпақтың міндеті екенін тағы еске салды.
Жаңа өскін жас ұрпаққа да жүрекжарды сөз арнады. “Еліміздегі ең қуатты күш – өздеріңсіңдер. Аға ұрпақ сендер үшін қолдан келгеннің бәрін жасады, енді сендердің де күш-қайрат жұмсайтын кездерің келді. Жамандықтан, жат әдеттен сақтанып, игі істер жасауға ұмтылыңдар. Үлкенге – ізетті, кішіге – қамқор, бір-біріңе дос болыңдар” деп көшбасшылық жол көрсетті.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті қай кезде де өз халқымен бірге, халық та онымен бірге. Біз біргеміз!

С.Бихожаева
“Ақмешіт ақшамы” газетінің бас редакторы, қалалық мәслихат депутаты

09 сәуір 2020 ж. 388 0