Рухы мықты ел бұл қиындықты да еңсереді
Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаев «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» мақаласында қазіргі еліміздегі жағдай күрделі екенін атаған. Шын мәнінде, небір қиын заманды басынан өткерген ұлы халықтың пешенесіне тағы сын сағаты келіп түсті. Тосыннан келген індет бір ғана қазақ елін емес, күллі әлем жұртын әбігерге салды. Миллиондаған адам вирусқа шалдығып, мыңдаған жан өмірден өтуде.
Қазіргі жағдайды ел-халыққа еш бүкпесіз айтып, одан шығудың амалын түсіндіру күн сайын жүргізілуде. Пандемия деп жарияланған күннен бастап елімізде сақтық шаралары күшейтілді. Тиісті қаржы да бөлініп, әлеуметтік жағдайдың әлсіремеуі назарға алынды. Үкімет тарапынан қолға алынған ауқымды шаралардың бірі ретінде халықты қаржылай қолдау мен карантин енгізу арқылы адамдарды оқшаулау болды. Қазір халықтың көп шоғырланатын нысандар толығымен өз жұмысын тоқтатты. Көліктік қатынасқа да шектеу қойылды.
Елбасы мақаласында: «Жаһан жұртшылығын әбігерге салған пандемия бүкіл әлемде жаңа экономикалық дағдарыс туғызды. Алып кәсіпорындардың жұмысы тоқтады, көлік атаулының қозғалысы шектелді. Мұнайдың бағасы құлдырады. Ел мен ел арасындағы шекаралар жабылып, алыс-беріс тыйылды. Мұның бәрі бұрын-соңды болмаған аса ауқымды рецессияға әкеліп соқтырып, жұмыссыздықты көбейтіп отыр» – деді. Дегенмен ел басына күн туған шақта елдің ауызбірлігі, төзімділігі өте қажет. Мұны оңай деп айту мүмкін емес. Зор ауыртпашылықты уақыт өте еңсереміз. Тек адамдардың өзіне деген зор сенімі болуы қажет. Сонда ғана бұл індетті жеңеміз.
Мемлекет тарапынан қабылданған шешім алаңдауға жол бермейді. Біздің елдегі озық медицина мен соңғы технология вирусты жеңуге мүмкіндік береді. Сондықтан байбалам салып, үрейленуге еш негіз жоқ. Бастысы өз Отаның – отбасыңмен бірге болып, тазалық шараларын күшейткенде дендеген дертті ауыздықтайтын боламыз. Ал мұндай тәртіпке бағынбайтындарды жазалау қажет. Себебі ондай адам өз өмірін және өзгенің өміріне қауіп төндіргенін білуі тиіс.
Сонымен қатар Елбасы өз сөзінде уақытша қиындықтан шығуға барлық күш-қуатты жұмылдыру қажет екенін жеткізді. «Рухы мықты, өзіне сенімді адамды қиындықтар шынықтырады. Сондықтан біз бойкүйездіктен, сарыуайымнан, енжарлықтан арылып, тығырықтан шығудың жолын іздеген бүкіл әлем халқымен бірге ширыға, шыңдала түсуіміз керек» – деді. Өзінің сөзін аға ұрпаққа, зиялы қауымға арнаған Елбасы халықты ынтымаққа шақырып, жақсылыққа, ізгі амалдар жасауға, саламатты өмір салтын ұстануға үндеді. Біртұтас елдің ұлы мұраты – «Мәңгілік ел» болуға лайық екенімізді бірлігіміз арқылы көрсетудің уақыты келді.
Жанарбек НҰРЫМБЕТОВ,
облыстық мәслихат депутаты
облыстық мәслихат депутаты