ЖЕТЕКШІ ПАРТИЯДАН ҮМІТКЕР ҰСЫНЫЛДЫ
Кезектен тыс өтетін президенттік сайлауға үміткер ретінде «Nur Otan» партиясынан Қасым-Жомарт Тоқаев түседі. Бұл туралы жетекші партияның кезектен тыс ХІХ съезінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан ӘБІШҰЛЫ Назарбаев мәлімдеді.
Съезде Елбасы алдымен, партияның бүгінгі жеткен жетістіктерін саралады. Партияластарының алдында сөйлеген сөзінде Тұңғыш Президент ауыр дағдарыс жағдайында басталған тәуелсіз Қазақстанды қалыптастыру жолы оңай болмағанын еске салды.
– Экономиканың жаппай күйреуі халықтың басым көпшілігін күйзеліске ұшыратты. Көптеген сарапшылар этносаралық шиеленістер мен қақтығыстар болады деп болжам жасады. Бірақ біз өзіміздің егемен елімізде бейбітшілік пен келісім жағдайында өмір сүруге лайықты екенімізді бүкіл әлемге дәлелдедік. Менің «алдымен экономика, сосын саясат» деген негізгі қағидатым дұрыстығын дәлелдеді, – деді Н.Назарбаев.
Мұнан соң Қазақстанның Тұңғыш Президенті әр саладағы толайым табыстарды атап өтті. Мәселен, дұрыс жүргізілген саясаттың арқасында қазақстандықтардың әлеуеті артты, табысы молайды. Білім, денсаулық, мәдениет, жол құрылысы, тұрғын үй мәселесінде айтарлықтай жетістікке жетіп, мемлекет аз уақыт ішінде қарқынды дамып келе жатқан елге айналды. Барлық тірліктер қиын-қыстау кезеңдерде жүзеге асты.
Елбасының сарабдал саясатының нәтижесінде цифрлы қоғамға жетіп, дамудың жаңа деңгейі қалыптасты. Өз сөзінде «Nur Otan» партиясының Төрағасы Қазақстанның одан әрі табысты дамуын байыпты бағдарымыздың сабақтастығы ғана қамтамасыз ететінін айтты.
– Төртінші өнеркәсіптік революция талаптарына сәйкес елімізді технологиялық және инфрақұрылымдық тұрғыдан дамытудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Цифрландыру және инновацияны енгізу есебінен еңбек өнімділігі мен экономиканың бәсекеге қабілеттілігі артты. Осы ауқымды жұмыстардың бәрі бүкіл қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған, – деді Елбасы.
Осы тұста Тұңғыш Президент таңдап алған саяси және экономикалық бағдар сабақтастығының сақталуына партия кепіл болуға және белгіленген міндеттердің бәрін жүзеге асыруға тиіс екенін атады.
Мұнан соң Елбасы Н.Назарбаев қазақстандықтардан өз атына көптеген хат келіп жатқанын айтып, ризашылығын жеткізді және еліміздегі жоғары лауазымға лайықты үміткер ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевты атады.
– Қасым-Жомарт Тоқаев менімен бірге тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап қызметтің түрлі саласында жұмыс істеді. Ол ұзақ жылдар Сыртқы істер министрлігіне жетекшілік етіп, Қазақстанның сыртқы саясатын бірге қалыптастыруға атсалысқандардың бірі. Оның дипломатиялық дәрежесі шетелде жоғары бағаланады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас хатшысының орынбасары болғанын және тәжірибелі мемлекет саясаткері екенін жақсы білесіздер, – деді партия Төрағасы.
Өз кезегінде мұндай құрмет көрсетіп, сенім артқанына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ дәстүр сабақтастығын сақтай отырып, игілік және әділет жолын ту етіп, еліміздің қарқынды дамуын жалғастыруға бар күшін салатынын айтты.
Кезектен тыс съезд қорытындысында Елбасы қазіргі жағдайда тұрақты дамып, өсіп-өркендеу үшін халықтың бірлігі бекем болуы және барша қазақстандықтардың бірлесе күш-жұмылдыруы қажет екенін атап өтті.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ