Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел болып қарсы тұру маңызды

Ел болып қарсы тұру маңызды

Әлем бойынша пандемия жарияланған коронавирус індетімен күресте ел халқына аса табандылық қажет. Жер-жаһанды жайлаған індеттің өршуіне тұтастай ел болып қарсы тұруымыз керек.
Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үндеуін «Егемен Қазақстан» газетінен оқып,  жіті таныстық. Елбасы сындарлы сәтте  сыр бермеген қазақ елін осындай ортақ істе сырт қалмауға шақырды. Біздің бірлігіміз – қазіргі қиындықты еңсерудің кепілі екендігін айтқан ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев барлық ауыртпалықты ел азаматтары жеңетіндігіне сенім білдірді. Осындай қиын-қыстау шақта ұлт болып ұйысу баршамыздың міндетіміз. Елдегі төтенше жағдайдың жариялануына байланысты талапқа сай тәртіпке бағыну керектігін қазыналы қариялар қашанда қолдайды. Мемлекетіміздің  тұтастай мүддесін қорғауда Елбасы көтерген мәселелер маңыздылығын жоймайды.
Біз ауызбірліктің арқасында талай ел басына төнген қауіп-қатерді көтере білдік. Бұл күнді де тарихтың қойнауына жібіріп, індеттің таралуын бірге тоқтатамыз. Еліміздегі көмекке мұқтаж  жандарға  әркез қамқорлық танытып, ұйымшылдықтың жарқын үлгісін қалыптастыру парыз. Жауапты кезеңде қайырымдылықты ұмытпайық ағайын!

Муса КЕЛДІБАЕВ,
Тереңөзек кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы

20 наурыз 2020 ж. 545 0