Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Онлайн оқуға дайынбыз ба?

Онлайн оқуға дайынбыз ба?

Ауданға қарасты 13 елді мекен мен Тереңөзек кентінде бүгінде барлығы 17 білім ошағы бар. Оқушыларға мыңнан аса ұстаз дәріс береді. Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты білім ошақтары өздерінің жұмысын ерте тоқтатты. Себебі сіз бен бізге айтпаса да ұғынықты болар. Ал алда оқу жылының соңғы һәм шешуші кезеңі тұр. Білім және ғылым министрі мәлімдеген, ел арасында дау тудырып жатқан «Қашықтан оқыту» жүйесіне біздің аудан қаншалықты дайын? Оқытушы мен оқушының құралдары сақадай сай ма? Аудандық білім бөлімнің басшысы Қалихан Омаровпен сұхбаттасқан едік, кеңірек тарқатайық.
– 6 сәуірден бастап ІV тоқсанды қа­шық­тан оқыту жүзеге асырылады. Қандай тиісті дайындық жұмыстар жүргізіліп жатыр?
– Педагогтардың дайындығын қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік желілерде арнайы чаттар құрылып, мәліметтер жинақталуда. Қазіргі таңда аудандағы 1150 педагогтың чаттар арқылы жұмыс жасауына білім бөлімінің әдістемелік кабинеті арқылы түсі­нік­теме берілуде. Барлық мектептегі  мұға­лімдер 100 процент ғаламторға қолжетімді және компьютер, смартфон, ноутбук, планшетпен қамтылған. Бүгінде аудан бойынша 8755 бала қашықтықтан білім алуға да­йын. Олардың 805-і мектепалды даярлық тобына кіреді. 3180 оқушы отандық «Elarna», «Balapan» телеарнасындағы арнайы бағдарламадан онлайн оқыса, қалған 4770-і түрлі платформалар,  яғни күнделікті өмірде қолданып жүрген телеграмм, мессенджер, ватсап желілері ар­қылы өз білімдерін жетілдіретін болады.
– Шалғайда жатқанда ауылдарда ға­ламтор жоқ­тың қасы. Бұл мәселе рет­тел­ді ме?
– Ата-аналар арасында «бізде интернет немесе компьютер жоқ» деп даурығып жатқандар бар екені жасырын емес. Алайда аудандық білім бөлімі оқушылардың 66 процентінде яғни 5247 балада компьютер, 6837 оқушыда гаджет бар екенін жеткіземіз. Бұл 86 процентті құрайды. Демек босқа даурығудың қажеті жоқ.
– Білім алушы дайын дейік, ал ұстаз­дардың жайы қалай?
 – 30-31 наурыз күні барлық мектеп директорлары мен олардың оқу ісі жөніндегі орынбасарларына арналған онлайн «zoom» конференциясы өткізілді. Конференция барысында барлық мектеп директорларына қашықтан оқытуға байланысты бағыт-бағдар көрсетіліп, толық түсініктеме берілді. Қашықтан оқытуды арнайы үлгіге сәйкес өткізуді ұсынып отырмыз. 
– Қашықтықтан оқыту біздің ауданда қандай форматта өтеді және онымен ұстаздардың барлығы таныс па?
– Сөз еткен үлгінің жобасы мынадай болады: кең жолақты интернетке немесе ұялы байланыс операторларының «4G»-ге қолжетімді оқушылар мен мұғалімдер үшін онлайн сабақтар өтеді. Сабақ ұзақтығы 30 минутты құрайды. Интернет платформаны мектеп немесе мұғалім таңдауға мүмкіндік бар. Мысалы, zoom, скайп, тағы сол секілді бағдарламалар. Бейне конференция арқылы жа­ңа сабақты түсіндіреді. Сұрақтарға жауап беріледі. Электронды күнделік арқылы кері байланыс жасап, тапсырма беріп, орындалуын тексереді, бағалайды, үй тапсырмасы сұралады. Екінші интернет жылдамдығы төмен оқушылар үшін жоғарыда атап өткен телеарналардан бейнесабақтарды көріп, элек­тронды күнделік немесе «Whatsapp» арқы­лы оқушының өз мүмкіндігіне қарай кері бай­ланыс жасалады.  Соңғысы – интернеті мүлде жоқ елді мекеннің оқушылары үшін телеарна немесе радио арқылы сабақты көру. Кері байланыс үшін интернет жоқ болуына байланысты мұғалім жаңа сабақтың жос­парын қысқаша жазады, тақырып бо­йынша қысқаша конспект сияқты тапсырмалар да­йындап, пош­та арқылы жіберуге болады. Алайда пошта қызметі жоқ алыстағы ауылдар да болуы мүмкін. Оларға жас педагогтар мен лобаранттар арасында еріктілер клубы құрылады. Оқытушы тапсырмасы мен оқушының үй жұмысын сол кісілер арқылы жеткізіп отырады. Біз осының алғашқы екеуін таңдап отырмыз. Яғни интернет платформа мен телеарналар арқылы.
– Онлайн оқытудың аталған форматын сынақтан өткізіп көрдіңіздер ме? Білім алушылар мен ұстаздарға қанша­лықты тиімді? 
– Қашықтан оқыту жүйесіне дайындық ретінде сынама сабақтар 1 сәуірден басталды. Алғашқы күні негізгі пәндер  қашықтықтан оқытылып үйретілсе, кейін ата-аналар жиналысында оқытудың жаңа форматы түсіндірілді және оқушыларға арналған сынып сағаты да назардан тыс қалмады. Індеттің алдын алу бойынша қосымша түсіндірме жұмысы жүргізілді.

Әңгімелескен Майя ҚОЖАБАЙ
04 сәуір 2020 ж. 702 0