Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Шыдамдылық сынға түскен шақта...

Шыдамдылық сынға түскен шақта...

Дүниені шарпыған коронавирус дертіне шалдыққандар саны күн сайын артып келеді. Еліміздегі ахуалға байланысты Үкімет бірқатар шара қабылдады. Мемлекет басшысы жариялаған төтенше жағдай адамдардың қауіпсіздігі үшін жасалған қадам. Мемлекет үшін маңызды – адамдардың денсаулығы. Дегенмен инфекциялық дертке шалдығу көрсеткіші артпаса, азаймай тұр.

Бұл мәселенің шешімі ретінде медицина саласының мамандары тазалық шараларын күшейтуді алға тартады. Және жеке бас гигиенасын сақтау талаптарын да орындау жұқпалы індеттің таралмауына әкеледі дейді. Бұл өте орынды және орындауға міндетті талаптар. Себебі ең алдымен біз өзімізді және жақындарымызды вирустан қорғауға міндеттіміз.

Жалпы бей-берекет сыртқа, яғни көшеге шығу, туысқандарға қонаққа бару, қонақ шақыруды мүлдем тоқтатудың кезі келді. Тәртіпке бағыну арқылы өзгені қауіптен қорғаймыз. Ал мұндай қиыншылықты бірге еңсеру біздің қолымыздан келеді. Ол үшін шектеу шараларына құлақ асып, шыдамдылық танытуымыз керек.

Білім саласының ардагері ретінде еліміздегі білім саласына қатысты жаңалықтарды да қолдаймын. Енді аз уақытта онлайынмен сабақ оқитын балаларымызға жағдайын жасау ата-ананың міндеті. Бұл бір жағынан жас ұрпақтың соңғы технологияны меңгеруге үйретсе, екіншіден, ата-аналар мұғалімнің жұмысын түсінеді деген ойдамын. Сондықтан күрделі шақтан тезірек өтіп, оқушылардың мектеп қабырғасына оралуына және барлық саланың қалыпты жағдайға көшуіне атсалысайық.

Анар ІЗБАСАРОВА,
ардагер-ұстаз, Ы.Алтынсарин атындағы медальдің иегері
02 сәуір 2020 ж. 418 0