Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Үрейге бой алдырмайық!

Үрейге бой алдырмайық!

Кешелі-бүгін басталмаған коронавирус дертінің таралуы адамдарға көп нәрсені аңғартты. Ең алдымен тәртіпке бағынудың қаншалықты маңызды екенін білсе, бей-қамдықтың соңы неге әкелетініне көз жеткізді. Мұны айтып отырған себебім – тұрғындардың көпшілігінде осы күнге дейін таралып жатқан індеттің бізді айналып өтетіндігіне деген сенім болса, бұл жайбарақаттық немен аяқталатынына көп уақыт өтпей-ақ көзіміз жетті.

Коронавирус – ажалыңнан бұрын келетін өлім. Оны жұқтыру арқылы өзіңді және айналаңдағы жақындарыңды қауіпке әкелесің. Бір ғана емес, бірнеше адамға бірдей жұғатын ауруға қарсы вакцина табылмай жатыр. Әлем ғалымдары ол үшін қанша уақыт керек екенін де дөп басып айта алмайды. Сондықтан әрбір адамның денсаулығы өзіне байланысты. Сыртқы ортамен уақытша қарым-қатынасты үзіп, дәл қазіргі кездегі қорғаның – өз үйің екендігіне сену.

Айтып келмейтін тажалдың қайдан сап ете қалады деп үрейленудің де қажеті жоқ. Дәрігерлердің айтуынша, өзіңізді жайсыз сезініп, инфекциялық аурудың белгілерін байқасаңыз, дереу медицина қызметкерлеріне жүгініп, анық-қанығына көз жетізу қажет. Ауруды ерте анықтаудың да маңызы зор. Себебі неғұрлым ерте сатыда анықтау – дерттен толық айығудың кепілі екендігін білген жөн.

Барлық тұрғындарды қауіпті індеттің жұғуынан сақтау үшін карантиндік режім енгізіліп, қызметкерлердің қашықтықтан жұмыс істеуге көшірілуі де құптарлық жағдай. Бұл қауіпсіздік шарасы ретінде қабылданған шешім. Алайда, жұмыстың барлығы мұнымен тоқтады, адамдар табыс көзінен айырылды деген қате ұғым. Жұмыс берушілер табыстан қол үзгізбей, барлық амалдарды жасауда. Яғни, жалақысы сақталатын демалысқа жіберіп, немесе әлеуметтік жәрдемақы алуына жағдай жасауды қолға алды. Ал мемлекет тарапытан әлеуметтік көмек көрсету тұрғындардың жағдайының төмендемеуіне жасалған бағдар. Барлық тұрғындарға қажетті ақпарат ресми түрде жеткізілуде. Сондықтан осындай сын сағатта елдің ауызбірлігін сақтап, барлық жағдайдың тезірек қалпына келтіруіне атсалысайық.

Бибісара ЖАНӘЛІ
02 сәуір 2020 ж. 611 0