Сын сағатта мызғымас бірлікте болайық!
Халиф Харун ар-Рашид қарапайым киім киіп, өзінің уәзірімен келе жатып бақтың ішінде құрма ағашын егіп жатқан қарт кісіні көреді. Қасына жақындап келіп:
– Не істеп жатырсыз? – деп сұрайды.
Қария:
– Құрма ағашын егіп жатырмын, – дейді.
Халиф:
– Бұл ағаш неше жылдан кейін өнім бере бастайды?
Егде тартқан кісі көшетті отырғызып жатып:
– Білмеймін. Мүмкін 10 жыл, мүмкін 20 жылдан кейін...
Харун ар-Рашид:
– Ал сіз осы ағаштың өнім бергенін көріп, оның дәмін тата аласыз ба? – дейді. Сонда қария сәл ойналып:
– Бұл ағаштың өнімін көріп, дәмін татуға өмірім жетпеуі мүмкін. Бірақ біз бізге дейін ата-бабаларымыз отырғызған жеміс ағашының өнімін жедік. Енді бізден кейінгілер осы құрма ағашының өнімін жейтін болады, – дейді.
Бұл сөзге риза болған Халиф қалтасынан алтын толы қапшықты шығарып, қарияға береді. Аллаға шүкіршілік айтқан қарт кісі:
– Мен отырғызған көшет алғашқы күннен-ақ өнім бере бастады, – дейді.
Қарияның осынша шүкіршілік қылғанына тәнті болған Харун ар-Рашид әлгі кісіге тағы да алтын толы қапшықты ұсынады. Қария қос қапшықты көтеріп тұрып:
– Бәрінің ағашы жылына бір рет өнім бергенде мен отырғызған көшет алғашқы күннен өнім бере бастады. Және де бір жылда бір емес, екі рет өнім берді, – депті.
Айтқым келгені, бізге дейін ата-бабаларымыз ынтымақ пен бірліктің арқасында талай қиындық пен зобалаңды еңсеріп, осы күнге жеткізді. Енді біз де болашақ үшін осындай сын сағаттарда мызғымас бірлігімізді танытып, қауіпті індетті жеңуіміз керек. Тек сабырлы болайық, шүкіршілік етейік, сақтық шараларын сақтайық!
Ердос БЕРКІНБАЕВ,
аудандық "Тіршілік тынысы" газетінің Бас редакторының орынбасары