Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Біздің көшенің тұрғындары

Біздің көшенің тұрғындары

1953 жылғы 5 наурыз. елеулі екі оқиға болған Бұл күнді Тереңөзек қыстағының 1 май көшесі тұрғындары ұмытпаған шығар. Біріншісі – бәрі­мізге белгілі Сталиннің қайтыс болғаны туралы хабар. Ол хабарды «Майжарма» каналының қа­зір­­гі Әділбек Серікбаевтың үйінің бұрышында орналасқан бағанадан дыбыс күшейткіштен әл­сін-әлсін хабарлап тұрды. Сол жерде кәзіргідей көпір­ден каналдың арғы-бергі бетіне өтетін кісілер қатты қайғырып, жылап-сықтап өтіп жатты. Баға­наны құшақтап, біреумен көрісіп тұрғандай жылағандары қаншама.
Екіншісі – ауданға белгілі Рахмет молда деген діндәр кісінің үйіндегі әжеміздің қазасы еді. Намазға келе жатқан кісілер дыбыс күшейткіштен Сталиннің қазасын естіп, біраз жылап алғаннан кейін, көздерін сүртіп үлгермей аяқ жолдың екінші жағында орналасқан Рахмет молданың үйіне кіріп, қайтадан көрісіп жатты. Молданың баласы, райпотреб­союзда қойма меңгерушісі болып жұмыс істейтін Әбжал ағамыздың таныстары да көп екен. Қараша ішінде туған-туысқандар, жекжаттар, көршілер, сыртта көсемнің қазасын естіген жүргіншілер де 2-3 күн улаған-шулаған болды. Сол күн біздің көшенің тұрғындарының есінде сол екі қаралы қазамен қалды.
Көшені әңгіме еткеннен кейін сол кездегі көше тұрғындары туралы айтпай кетуге болмас.
Көшенің темір жол жанынан санағанда ең бірінші Қазынаның үйі. Кезінде аудан басшылары тұрған үй. Кейін сол кездегі ауданның ішкі істер бөлімінің бастығы Алдан Аюпов деген кісі тұрды. Ол кісі бүгінде зейнеткер Сергей Тоқсанбаев ағамыздың қайын атасы, ауданға белгілі педагог Зоя Алданованың әкесі. Зоя апайдың інісі Кеңес бізбен бірге сол көшеде ойнап өскен еді. Кейін Алматыда ауыл шаруашылық институтын бітіріп, біраз жыл жұмыс істеп, кейін кәсіпкерлікпен шұғылданып, онда да әжептеуір жетістіктерге жетті. Қазір марқұм болып кетті.
Көшенің он жақ бетінде Ибадулла Бәйдәулетов, ағайынды Есімке, Оспан Алдамжаровтар тұратын. Ибадулла аға соғыстан оралғаннан кейін ауданда үрмелі аспаптар оркестірін ұйымдастырып, мейрамдарда патриоттық әндерімен айналаны жаңғыртып жіберетін. Есімке ағай да соғыстан келгеннен кейін көп жыл балалар үйінің директоры, №36 орта мектепте мұғалім болды. Оспан әке көп жыл қыстақта ішкі істер бөлімінде қызмет істеді. «Сонша милиция жүріп, тәртіп орната алмай жүр. Кезінде Оспан аға жалғыз өзі бүкіл қыстақты тырп еткізбейтін», – деген сөздерді талай естідік. Есімке ағаның ұрпақтары Тереңөзекте, Алматыда, Нұр-Сұлтанда елге қызмет етіп жүр.
Көшенің сол жақ бетінде темір жолда, ауруханада жұмыс істейтін Кадяев, Соловьева, Анпилов, Киселев, Пивцаев деген кісілер тұрды. Олардан кейін Ешпан деген етікші, Ахметәлі Қарсақбаев, Тағайбай деген кісілер тұрды. Ешпан әке Алтынай апайдың, менің досым Шынәлінің әкесі еді. Шынәлі мектеп бітіргеннен кейін үйленіп, Н.Ілиясов ауылында тұрды. Біздің көшедегі Ешпан әкенің үйінде қазір жиендері Сражадин Балмағанбетов пен Алтынай апаның балалары мен немерелері тұрып жатыр.
Ахметәлі Қарсақбаев бізге өте жақын туысқан болып келеді. Кезінде би болған Қарсақбай әке біздің атамыз Оспаннан жасы үлкен болғандықтан сол үйдегі әжені біздің әжем қатты сыйлайтын. Өздігінен ағатын суды бақшаларына біздің үстімізден алатын. Кейбір кезде «Майжармадан» келетін судың трубасын ұмытып, жаппай қойсақ, әжем – «Марсақбайдың кемпірі мен Тағайбай құрдасым ғой менің деп бізге ұрысатын». Ахметәлі әке, Майнұр әже елге белгілі азаматтар Қозытай Әбуов, Ізхан Досмағанбетовтің қайын ата-енесі, Күлжахан, Сара апалардың, Әнуар інімнің, Раушан қарындасымның ата-аналары.
Тағайбай әке райпотресоюздың қоймасында қарауыл болып жұмыс істейтін. Қолында рұқсат қағазы бола тұра, қоймаға кіргізу, кіргізбеу сол кісінің қолында деп еститінбіз. Бір күні қолында рұқсат қағазы бар бір бастықты ма, әлде журналисті ме қоймаға кіргізбей, «Тағайбай есікте тұр» деген мақала аудандық газетте жарқ ете қалып, сол мақала біразға дейін елдің аузында жүрді.
Көшенің екінші бетінде Ташкенттегі жаяу әскерлер училищесінде әкеммен бірге оқыған Ұзақбай Аталықов, Қапаш ағаммен мектепте бірге оқыған Әбіш Қошқаров, Қалыбек Бекенов деген кісілер тұрды. Ол кісілердің ұрпақтары еліміздің түкпір-түкпірінде, тіпті жақын шет елдерде өмір сүріп жатыр.
Көп жыл «1 май №13 үй» болған біздің үйімізді соғыстан бұрын әкем салдырған екен. Терезеге дейін сары күйдірілген қыштан оюлаған, бұрыштары сол сары қыштан өрілген кең екі бөлмелі үй еді. Ең жақын көршіміз Смайыл деген етікші кісі еді. Әжемнің арқасында шашымызды алу сол кісінің мойнында болатын. Бір күні «шаштарыңды алдырып келіңдер» деп Болат ағам екеумізді сол үйге жіберді. Келсек Смайыл әке етік тігіп отыр екен, қолы тимейтінін айтты. Әжеме жағдайды айтып едім. Екеумізді қолымыздан жетектеп Смайыл әкенің үйіне айқайлап кірді. «Әй, Смайыл саған сауап керек емес пе, сен ертең өлмейсің бе, мына жетімдердің шашын неге алып бермейсің?», деп ұрыса бастады. «Ойбай, Несеке етік тігіп жатыр едім», деп айтқанын тыңдамай, «Таста етігіңді, жетімдердің шашын алып бер, содан кейін етігіңді тіге берерсің», деп Смайыл әкені көндірді. Сол соғыстан кейінгі уақыт мұсылмандықтың, сыйластықтың, көршіліктің дәуірлеп тұрған уақыты екен ғой деп ойлаймын қазір.
Одан кейінгі көршіміз Рахмет молданың үй ішін мақаланың басында жазғанмын. Содан кейінгі үй облыстағы тұңғыш жоғары білімді мұрап Серікбай Бедебековтің үйі. Әжемнің қасында отырып, Серікбай әкенің өз ауызынан естіген әңгіме еді бұл. Өткен ғасырдың 30 – жылдары «халық жауы» болып ұсталып, чекистер мойындату үшін ұйықтатпай, жатқызбай тек түрегіліп тұрғызып азаптап күніне бір жұмыртқамен қоректендіргенін айтып еді. Бірақ ешқандай Кеңес үкімітіне қастандығы болмаған соң босатуға мәжбүр болыпты.
Келесі Сақтаповтардың үйі. Кезінде Мұхтар, Марат ағалардың әкесі Жаналхан әкені, Бибәйша әжені көрдік. Интернат үйімен Сақтаповтардың үйінің арасында үй жоқ еді. Олардың әпкесі Гауһар апа кезінде бірнеше кітабы шыққан үлкен ақын еді. Кейбір өлеңдері республикалық басылымдарда жарияланып тұратын. Гауһар апаның ұлы Мұрат өткен ғасырдың 80 - жылдары одақтық «Известия» газетінің Қазақстандағы тілшісі болып жүргенде ауылға келгенде бірге болғанбыз.
Одан әрі қарай Аманкелді көшесіне дейін Күдебаев, Әмзеев, Мырзабек Бекеновтер тұратын. Олардың ұрпақтары да ауданда еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етуде.

Ж.Мырхиев,
зейнеткер

27 наурыз 2020 ж. 553 0