ЖАЗЫҚТА КӨКПАР ТАРТҚАН САЙЛЫ АТПЕНЕН...

Жастар жылында ұлттық спортты дамыту ұлт үшін, қоғам үшін маңызды. Үнемі атқа мінетін адамда құйяң, ішкі ағзалардың сырқаты болмайтыны ғылымда дәлелденген. Кентте ұйымдастырылған көкпарға ат құлағында ойнайтын 20-дан астан жастар қатысуда екен. Тек кенттің ғана көкпаршылары ғана емес, О.Мәлібаев, А,Тоқмағанбетов ауылдарынан тақымы берік шабандоздар бар.
Көкпарды ұйымдастырушы Бекпенбет әулеті атынан Әбілқасым Бисенбайұлы Қауысов екен. Әбекең ұлттық спортты жанындай жақсы көреді. Өзі де қорасында жылқы ұстайды. Екі ұлы Жасұлан мен Нұрсұлтан аудандық спорт мекемесінде жаттықтырушы болып еңбек етеді. Бірі қазақ күресінен, екіншісі көгалдағы хоккейден.

– Жастардың спорт серігі болғаны жақсы. Бүгінгі көкпарға қатысушылар аттың бабын білетін, кейбірі үйірлеп жылқы ұстайтын жастар. ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы өзінің бағдарламалық мақаласында жылқы шаруашылығына ерекше мән берді. Біздің бүгінгі жарысымыз көптің көкейінде жүрген сол мақалаға үн қосу, – дейді Ә.Қауысов.
Көкпар тартысты өтті. Басы 2 мың теңгеден басталған салымның саны жиырмаға ұласып, соңы 1 мың теңгеден аяқталды. Мәселе ақшада емес, жігіттер өздерінің ептілігін, шеберлігін, жігерлілігін көпке паш етті.

Ш.НҰРСЕЙІТОВ