Ринат Ілиясов, Нағи Ілиясовтың ұлы: Атаулы жыл мәнді оқиғалармен есте қалады деп ойлаймын
Сырдария ауданынан екі Кеңес Одағының батыры шыққанын жақсы білеміз. Оның бірі – Жаппасбай Нұрсейітов болса, екіншісі – Нағи Ілиясов. Биыл даңқты батыр Нағи Ілиясовтың туғанына 100 жыл. Осыған орай ұлы тұлғаның ұрпағы Ринат Ілиясовтың Сырдария ауданына жасаған жұмыс сапары барысында сұхбаттасудың сәті түсті.
– Ринат Нағиұлы, редакцияға қош келдіңіз. Сұхбатымызды батырдың 100 жылдығына байланысты жоспарланып жатқан іс-шараларға дайындық барысы жөнінде бастасақ.
– Ең алдымен, аудандық газет ұжымының ақпараттық қолдау көрсетуге ынталы екеніне ризашылығымды білдіремін. Халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың «Жазудан асқан жаңалық жоқ» деген қанатты сөзі бар. Бүгін сіздердің жазған мұраларыңыз ертеңгі буын үшін аса қажет. Оның үстіне бұрын тарихты терең зерттеп, зерделеуге мүмкіндік болған жоқ. Ал қазіргі таңда бабаларымыздың ерлігі мен өрлігі лайықты бағасын алып, олардың ұлт үшін жасаған ұлы қадамдары мен іргелі істері анық жазылып, айтылуда. Бұл Тәуелсіздіктің жемісі екенін мойындауымыз керек. Әкем Нағи Ілиясовтың 100 жылдығы Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен тұспа-тұс келіп тұр. Атаулы жылға байланысты республикалық, облыстық, аудандық деңгейде бірқатар маңызды іс-шаралар жоспарланған. Атаулы жыл мәнді оқиғалармен есте қалады деп ойлаймын.
– Тарихқа көз жүгіртер болсақ, Нағи Ілиясовтың ұлтжандылығын анық байқауға болады. Осыған байланысты ұлттық нақыштағы іс-шараларға қаншалықты басымдық беріледі? Ұлтымыздың төл өнері айтыс өтеді ме?
– Бұған дейін біз әкеміздің 80, 90 жылдығын кең көлемде атап өттік. 100 жылдық мерейтойды жаңа форматта өткізгіміз келеді. Осыған орай бірнеше жылдан бері ізденіс үстінде жүрмін. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Елеуұлы Көшербаев Қызылорда облысының әкімі болған кезде қабылдауында болып, бұл мәселені талқылаған болатынбыз. Оның үстіне 100 жылдық мерейтой «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылуымен сабақтасу керек. Сондықтан міндетті түрде республикалық айтыс өткіземіз. Айтыстың өтетін орны бүгінде Сырдария ауданының Нағи Ілиясов ауылы деп белгіленді. Жыр бәйгесіне республикаға белгілі ақындар қатысады деп жоспарлануда. Мұнан бөлек кітаптың, бейнефильмнің тұсаукесері өтеді. Сырдария ауданының әкімі Руслан Рүстемовпен бірнеше рет кездесіп, іс-шаралардың ұйымдастырылу барысы жөнінде пікірлестік. Меніңше, ешқандай мәселе болмайды. Жергілікті әкімдік жан-жақты қолдау көрсетуде.
– Кітаптың және бейнефильмнің тұсаукесері өтеді дедіңіз. Осы жөнінде толығырақ айтсаңыз.
– Бұған дейін әкеміздің майдан даласындағы ерлігінен және соғыстан кейінгі өмірінен сыр шертетін кітап шыққан болатын. Бұл жолғы кітапта тарихи деректер қайта сүзгіден өтіп, тың мәліметтермен толықтырылып, бұрын жарияланбаған дүниелер енгізілуде. Кітаптың қазіргі таңда 80-90 проценті дайын. Ал бейнефильмді түсіруге Qazaqstan ұлттық телеарнасының облыстық филиалы қолдау көрсетуде. Режисерларға барлық мәліметтер берілді. Фильм қысқа әрі нұсқа болады. Ол болашақта телеарналардан көрсетіледі.
– Іс-шаралар қай уақытта өтеді?
– Басында мамыр айында өткіземіз деп жоспарлағанбыз. Бұл уақыт тығыздау болып тұр. Оның үстіне коронавирус ауруына байланысты елімізде төтенше жағдай жарияланды. Сондықтан күзге қалдырдық. Егін науқаны аяқталып, ел қамбасы алтын дәнге толған қуанышты шақта өткізсек деген ойымыз бар. Ал нақты уақыт жақындағанда қосымша хабарланады.
– Аудандағы бір ауылға, мектепке және көшеге Нағи Ілиясовтың есімі берілгенін білеміз. Тереңөзек кентінде де батырдың есімімен аталатын көше бар. Алдағы уақытта батыр есімін ұлықтау бағытында қандай жоспарларыңыз бар?
– Иә, әкеміздің атына ауыл, мектеп, көше атауы берілді. Ол үшін ономастикалық комиссияға алғысымыз зор. 100 жылдыққа байланысты облыс әкімінің қолдауымен қала орталығындағы бір мектептің алдына ескерткішбюст орнатылмақ. Қазіргі таңда Қызылорда қаласының құрамындағы Қараөзек ауылының құрылуында да әкеміздің еңбегі зор. Алдағы уақытта аталған ауылға да арнайы ескерткіш-белгі орнатқымыз келеді. Ал руханитанымдық іс-шаралар жыл сайын өткізіледі. Бүгінде ол дәстүрге де айналды.
– Батырдың ұрпақтары жөнінде көп айтыла бермейді...
– Батырдың ұрпақтары жөнінде көп айтыла бермейді...
– Әкем отбасында бізге барлық қырынан үлгі-өнеге болды. Анамыз Гүлбаршын да текті жерден шыққан. Атақты Шомбал бидің тікелей ұрпағы Жүсіп бидің шөбересі. Ал әкемізден тараған ұрпақтың үлкені 1947 жылғы Нұрлан деген ағамыз. Ол кісі Шымкенттегі химия-технология институтын бітіріп, біраз жыл түрлі салада жұмыс істеді. Сосын Алмагүл деген әпкеміз бар. Әпкем професор, педагогика ғылымдарының докторы. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде 25 жыл кафедра меңгеруші болып еңбек етті. Одан кейінгі бауырымыз Темірлан да техника ғылымдарының кандидаты және ірі кәсіпкер болды. Ол ауылға әкеміздің аты берілгенде барлық мерейтойлық іс-шараларды қаржыландырып, демеушілік көрсетті. Отбасындағы төртінші перзент өзім. Мен химия ғылымдарының кандидатымын. Еңбек жолым Қазақстан Ғылым академиясының химия ғылымдары институтында еңбек етуге арналды. Сондай-ақ қазақ-неміс біріккен жобаларына жетекшілік еттім. Үйдің кенжесі Болат бірнеше тілді меңгерген, Қазақстан Республикасының Венгриядағы елшілігінде қызмет етеді. Бұлардан тараған немерелер де егемен ел дамуының әралуан саласында абыройлы жұмыс істеп жүр.
– «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген. Меніңше батыр бабамыздың ерлігі өздеріңіздей іздеуші ұрпағы, ел-жұрты бар да ұмытылмайды.
– «Іздеушісі жоқ болса, ұлы адам да ұмытылады, ал іздеушісі мықты болса, қарапайым адам ұлы болады» деген тәмсіл бар. Сол секілді бәрі қалың жұртшылықтың, ұлағатты ұрпақтың және уақыттың еншісінде. Кеңес Одағының Батыры атанған әкеміздің есімін ұлықтау шаралары кең көлемде өтуде. Біз, ұрпақтары ол үшін тек алғыс айтамыз. «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран» деген осы шығар...
Сұхбаттасқан Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ