Сындарлы сәтте сыр бермейік
Әлемді алаңдатқан індет елімізде таралуына байланысты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бір ай мерзімге төтенше жағдай режимі енгізілді. Коронавирустың күннен-күнге өршіуі сан мыңдаған халықтың өміріне қауіп төндірді. Мұндай қиын-қыстау күндері бір-бірімізге демеу болып, барынша қолдау көрсету азаматтық борышымыз.
Қазіргі таңда аудан жастары төтенше жағдайға байланысты үйлену тойларын кейінгі шегеруді қолдайды. Жастарды бүгінде сән-салтанат, той-думанның орнына коронавирус ауруын алдын алу шараларын бірлесе атқаруға шақырамын. Ойын-сауық, көңіл көтеру орындарына бармай сақтыққа көңіл бөлу абзал.
Егемен елдің белсенді жастары барынша сабыр сақтап, дүрбелеңге салынбауы керек. Жалған ақпараттардан бойымызды аулақ ұстап, тәртіпке бағыну міндет. Қазақ елі қай кезде де сындарлы сәттерде сыр бермеді. Сондықтанда аудан жастары қауіп-қатермен күресте қашанда белсенділік танытуға дайын.
Балтабай ОРДАБЕКОВ,
Сырдария ауданы әкімінің «Өрлеу» жастар сыйлығының иегері