Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауылдан шыққан ғалымдардың ұстазы

Ауылдан шыққан ғалымдардың ұстазы

Мен бұл кісімен университетті бітірген 1997 жылы өзімнің алғашқы еңбек жолымды бастаған Іңкәрдария ауылындағы №191 орта мектепке мұғалім болып барғанымда таныстым. Тәжірибелі ұстаздан  бағыт-бағдар алып, сабақ берудің әдіс-тәсілін үйрендім. Қамқоршы ұстаз – Фатима Байзілдаева ұзақ жыл осы ауылдағы мектепте еңбек етіп, бейнетінің зейнетіне жеткен жан. Өнегелі өмір иесі өзінің саналы ғұмырын ауылдағы №191 орта мектеппен байланыстырады.
 Іңкәрдария аулының іргетасы қаланған 1965 жылдары ауылға тұрғын үй құрылысын жүргізуге өзге ұлт өкілдері көптеп тартылған. Қазіргі ТМД елдерінің түкпір-түкпірінен келген құрылысшылар отбасыларымен ауыл тұрғындарына арнап көптеп үй құрылысын жүргізген. Бірнеше жылға созылған құрылыс жұмыстары жаңа ауылдың құрылуына, ауыл тұрғындарының орнығуына мүмкіндік берді.
Ал сол жылдары құрылысшылардың балаларына арналған ауылда орыс тілді бастауыш сыныптың болғанын қазір біреу білсе, біреуі білмес. Бастауыш сыныпқа біріншіден бастап төртінші сыныпқа дейін бір ғана мұғалім сабақ берген. Барлық өзге тілді оқушыны жастарына қарамастан бір сыныпқа отырғызып, мұғалім әрқайсысын топқа бөліп бөлек дәріс жүргізген. Шағаннан келген мұғалім жаңадан құрылып жатқан ауылдың тірлігіне үйренісе алмай, қиындыққа шыдамай, жұмысын тастап кетеді. Бұл 1968 жылдары болуы керек. Мұны айтып отырған себебім – менің кейіпкерім Фатима Байзілдаева осы жұмысты жалғастырып алып кеткен ұстаз. Ауылға келін болып түскен күні ертесіне, қалада орыс тілді мектебін бітіргендіктен ғана оқушыларға сабақ беруге кірісіп кеткен жылдары бүгінде естелік болып қалды.
 Қаланың қызы Фатима 19 жасында іңкәрдариялық азамат Берікбол Елеукеновпен қол ұстасып, шалғайдағы ауылға келін болды. Берікбол аға ауылда өмірінің соңына дейін фельдшер болған ақ халатты абзал жан. Ол кісі 2006 жылы 56 жасында марқұм болды. Фатима апай жоғарыда айтып өткенімдей қаладағы мектепте орысша оқығаны, мектепке мұғалім болуына септігін тигізсе керек. Негізі политехникумды бітіріп, инженер-техник мамандығын алған жас маман өз мамандығымен жұмысқа орналасқанда, Іңкәрдарияның жолын салуға байланысты жұмыс жобасымен танысады. Сол ауылға жол құрылысын жүргізудің аяғы жас қыздың келін болып түсумен аяқталады.
– Өзім көп балалалы отбасында туып-өстім. Жұбайым ата-анасының жалғыз ұлы, одан үлкен апасы ғана бар екен. Менің келін болып түсіп, ертесіне мектепке сабақ беруге кіріскенім кездейсоқтық болғанымен, шын мәнінде мұғалім болу бақыты бұйырғанын кейін білдім. Ауылдағы өзге ұлт өкілдерінің балалары 15 күннен бері сабақ оқымай жүргендіктен, 45 баланы бір сыныпқа отырғызып, тақтаны төртке бөліп, әрқайсысымен бөлек-бөлек сабақ жүргіздім. Орыс тілінде оқитын балаларға осылайша 1972 жылға дейін сабақ бердім. Ауылдан көшкен молдаван, белорусь, украин, шешен ұлтының өкілдері құрылысты аяқтағанша мен де мұғалімдік қызметтен біраз тәжірибе жинадым, – дейді ардагер-ұстаз Фатима Байышқызы. Ұстаз ауыл мектебінде мұғалім бола жүріп, Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы институттың орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша жоғарғы білім алады. Міне содан бері үздіксіз 42 жыл ұстаздық етіп, талай шәкірттің жүрегінен орын алды. Ауылдағы мектептің балаларына орыс тілін үйреткен ұстаздың өткізген сабақтары тәжірибе ретінде аудан мұғалімдеріне таратылып, семинар өткізді. 1993 жылы оқушысы Бағлан Мырхиев облыстық пән олимпиадасына қатысып, жүлделі орын алғанда ұстаз жоғарғы санатты мұғалім атанды. 40 жасында "Білім беру ісінің үздігі" төсбелгісімен марапатталып, "Еңбек ардагері" медалін кеудесіне тақты. Облыстық, аудандық білім басқармасы басшысының Құрмет грамотасымен наградталды.
Бүгінде ардақты ұстаздың, ауылдың атын республикаға, тіпті шет елге танытып жүрген шәкірттері де баршылық. Олардың қатарында Қали Омаровтың есімін ерекше атайды. Ол Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеттің профессоры. Бірнеше ғылыми еңбектің авторы. Осындай ғылым жолын қуғандардың қатарында Бекмұрат Тыныштықбаев та бар. Бекмұрат аға Мәскеуде оқып, қазір Алматы қаласындағы жоғарғы оқу орындарының бірінде оқытушы, профессор. Сондай-ақ Жанұзақ Байманов та ұстаздың мақтанышы. Мектепті өте жақсы бітірген шәкірті қазір профессорлық атағы бар белді күріш маманы. Ауылдан түлеп ұшқан Айман Райымбекова Қызылорда қаласындағы "Болашақ" университетінде дәріс береді. Матаматика ғылымдарының кандидаты, ол да профессор. Қуаныш Дабысов есімі елге белгілі кәсіпкер. Мұнай саласында, туған ауылын өркендетуге үлесін қосқан азамат. Нұрсұлу Қасымова – белгілі журналист. Нұрсұлу жеті тілді меңгерген, қазір шет елде тұрады, телевизия саласында еңбек етеді. Жұлдызбай Ақпанов –теміржолшы, Амангелді Есімов ұстаздың жолын қуған ұстаз, тарихшы.
Кішкентай ауылдан түлеп ұшқан шәкірттер аяулы ұстазының мерейін асырып, құрмет көрсетуді дәстүрге айналдырған. Ұстазға деген ілтипатпен былтыр ардагерге Қорқыт ата атындағы университеттің мерекелік алтын медалі табыс етілді.
Ұстаздардың ұстазы атанған Фатима апай бүгінде қарашаңырақтың үлкен анасы. Тәрбиелеп өсірген ұл-қыздарынан немере сүйіп отырған бақытты әже. Анасының жолын қуған үлкен қызы Эльмира Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетте әскери кафедрада қызмет етеді. Екінші қызы Мира – медбике, үлкен ұл Бердіқұл – кәсіпкер, кенжесі Бердібек – банк қызметкері. Балаларының ғана емес, бүкіл елдің тілеуін тілеп отыратын ана ауылдағы қоғамдық жұмыстың бел ортасында жүреді. Қоғамдық кеңестің мүшесі. Қандай да ізгі шара болмасын, өзінің белсенділігін көрсететін ардақты жан мектеппен байланысын үзбеген. Жас мұғалімдерге тәжірибесін, білген-түйгенін айтудан жалықпайды.
Ауыл балаларының білімге деген құштарлығын арттыру мақсатында 2013-2016 оқу жылдары аралығында өз атынан шәкіртақы тағайындады. Сабақты үздік оқыған 14 оқушыға оқу жылы соңында бес мың теңгеден қаржылай сыйақы беруі үлгілі іс.
– "Өмірде өз орныңды табу" деген сөз бар. Шүкір Аллаға өмірде өз орнымды таптым. Мұғалім болып өз мамандығымды шын сүйдім. Шәкірттер алдымды кесіп өтпейді. Олардың жетістігіне әлі күнге дейін марқайып, мақтанып отырамын. Көңілім құлазыған емес. Әлі талай шаруаны атқаруға шамам жетеді. Кітап оқып, рухани дүниемді байытып отырамын. Мерзімді баспасөзді жібермеймін. Елдің ішіндегі жақсы-жаманды таразылап, ой түйемін. Қартайған шағымда жақсы зейнетақы алып, балаларым қолымды жылы суға малынтып отырғанына шүкірлік етемін. Анаға мұнан артық бақыт бар ма? Ендігіде шөбере сүйіп, қолынан су ішсем, арманым жоқ, – дейді бүгінде сөзі де, өзі де тың, жаны сергек ел анасы – Фатима апай.

Бибісара ЖАНӘЛІ
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
05 наурыз 2020 ж. 1 056 0