Ұлттық құндылығымызды дәріптеу – ортақ мақсат
Елбасы Н.Назарбаевтың«Рухани жаңғыру» атты тарихи еңбегі елімізде үлкен рухани серпіліс туғызды. Өйткені Ұлт Көшбасшысының идеясы ұлтымыздың тұтастығы мен мемлекетіміздің жарқын болашағына бағытталған құнды құжатқа айналып, барша қоғамға тың серпіліс әкеліп, үлкен деңгейде оң қоғамдық пікір қалыптастырды. Аталған мақалада тағылымы мол тарихымызды зерделеуге, төлтума мәдениетімізді қолдауға қатысты нақты міндеттер атап көрсетілді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасына ел тұрғындарының ықылас-пейілі ерекше. Рухани жаңғырудың жарқын жолына айналған маңызды мақала жан-жақты талданып, таяу жылдарға ауқымды міндеттер қойып отыр. Осы орайда ауданымызда бағдарламаның басым бағыттарын ілгерілету мақсатында 2019 жылға арналған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспары әзірленіп, ауқымды 30 іс-шара аудан әкімімен бекітілді және жоспардан тыс 80 іс-шара өткізілді.Кешенді іс-шаралар жоспары бағдарламаның басым бағыттарын және қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған түрлі форматтағы іс-шараларды қамтыды.
Елбасы мақаласы жарияланғалы бері аудан тұрғындарының қатысуымен түрлі шаралар халықтық сипатқа ие болды. Кездесулерде мақаладан туындайтын міндеттер түсіндіріліп, бірлікті, тұрақтылықты сақтауға атсалысуға шақырып, ұлттық құндылықтарды ұлықтау насихатталды.
«Туған жер» жобасы аясында аудан орталығы мен елді мекендерде бірқатар кәсіпкердің демеушілігімен жаңадан әлеуметтік нысандар бой көтерді. Атап айтар болсақ, «Туған жерге тағзым» акциясы аясында Ақжарма елді мекенінде «Ақжарма 2» ШҚ төрағасы М.Бисеновтың демеушілігімен жастар жылы аясында ауыл жастарына «Жастар аллеясы» орталық демалыс саябағын ашып, ауылға 1 электротрансформатор мен кіре беріс және шығу жолына заманауи 150 дана электр бағанасы, жарық үнемдейтін шамдарын орналастырды. Сондай-ақ «Ақжарма және К» ШҚ төрағасы Қ.Нұрсейітовтың демеушілігімен жас отбасыға бір үй тарту етті.
2019 жылдың 27 маусым күні демеушілер есебінен кент орталығындағы «Рәміздер алаңы» ашылды. Сондай-ақ Майжарма каналы бойында тағы бір көпір салынып, халықтың иігіліне пайдалануға берілді. Көпір «Қыран» ЖШС демеушілігімен салынса, А.Иманов көшесінде аудан тұрғындарының атсалысуымен асар әдісімен 150 метр жерге жаяу жүргіншілер жолы салынды.
Шаған ауылының кіре берісінде бой көтерген қақпа (арка) «Шаған Жер» ЖШС-нің демеушілігі арқылы жүзеге асса, тағы бір ауыл ажарын айшықтай түскен қақпа (арка) Айдарлы жастарының айрықша тартуы болып табылды. Сонымен қатар ауыл жастарының тағы бір сыйлығы көпбалалы отбасы Ж.Тайғараевқа тұрғын үй сатып алып берді.
Айдарлы елді мекенінде Айдарлы клуб үйіне Ұлы Отан соғысының ардагері, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері Ғафурдин Жанұзақов есімі беріліп, өз ұрпақтары атынан ғимарат алдына Ғ.Жанұзақовтың ескерткіш бюстін орналастырды.
Айта кету керек, 2015 жылы аудан орталығында ашылған «Әлеуметтік дүкен» 90 әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасындағы 411 адамды азық-түліктің 5 түрімен нарықтық бағадан 30 процент жеңілдікпен қамтамасыз етіп келеді. Жоба «Қазақстандағы үздік әлеуметтік жобалар» байқауына қатысып, облыс бойынша жүлделі 3 орынды иеленді. Туған жердің тыныс-тіршілігіне атсалысып, мұқтаж азаматтарға қолдау көрсетіп келе жатқан облыстық мәслихат депутаты, «Углесбыт» серіктестігінің директоры Р.Есенов бірқатар отбасыларды тегін қатты отынмен қамтамасыз етті. Мұнан бөлек қайырымдылық іс-шараларға тұрақты түрде өз үлесін қосып келеді.
2017 жылы кент орталығындағы саябақта «Құрметті азаматтар» аллеясы, «Еңбек даңқы» залы және Парасат алаңына ауданнан шыққан Кеңес Одағының Батырлары,Социалистік Еңбек Ерлері, Мемлекет және қоғам қайраткерлеріне, барлығы 10 ескерткіш-бюсттер орнатылды.
2019 жылдың қараша айында көркем сөз, көркем ойды кестелеген, әдет-ғұрыпты барынша байсалды насихаттап жүрген сүбелі сөз зергері Сәпен Аңсатов, айтыскер ақындар Мамыр Байдаулетов, Мұхтар Ниязовтың аудан жастарымен кездесу кеші болып өтті.
«Туған жер» жобасы аясында жалғасын тапқан «Үлгілі ауыл» байқауы өткізіліп, Қызылорда облысының елді мекендері арасында тіректі елді мекендер бойынша 3 орынды Ақжарма елді мекені иеленді. Айта кетейік, бұл шара республика бойынша тек Қызылорда облысында дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы үздік маман, нағыз үлгі боларлық жастарды көпшілікке насихаттайтын айтулы жоба аясында екінші кезеңіне аудан бойынша әр түрлі салада қызмет атқарып жүрген білім мен мәдениет, спорт пен қоғам саласынан (білім саласы- 3, мәдениет саласы - 3, спорт саласы - 4, қоғам - 1) 11 маманның есімі ұсынылды.
Ақжарма ауылының тумасы, қазақ айтысының майталманы Замаддин Ибадуллаевтың 80 жылдығына орай аудандық мәдениет үйінде «Заңғар ақын – Замаддин» атты облыстық ақындар айтысы өткізілді. Айтыстың ашылу салтанатында ақынға «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағы беріліп, «Бағдары ауған пенделер» атты кітабының тұсауы кесілді. Ақынды келер ұрпаққа насихаттау, жастарды өнерге баулу мақсатында аудандық мәдениет үйі жанынан Замаддин Ибалуллаев атындағы «Дәстүрлі жыршы-термешілер мен жас ақындар» клубықұрылды. Клубқа айтыскер, ақын, «Алтын домбыраның» 2 мәрте иегері Мұхтар Ниязов жетекшілік жасайды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөнінде2020 жылға арналған іс-шаралар жоспары аудан әкімімен бекітіліп, жоспарға 67 шара енгізілді.
Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында бізге Абайды танумен қатар, қазіргі ХХІ ғасырдағы Қазақстан қандай болу керек,біздің жасап жатқан қадамдарымыз қай бағытта болуы керек жөнінде айтып өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы мақалада Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында елдің рухани дамуына септігін тигізетін маңызды шараларды ұйымдастыру қажет екендігіне тоқталды. Осыған орай ауданымызда биылғы жыл республикалық деңгейде атап өтілгелі отырған А.Құнанбайұлының 175 жылдығы, әлемге мәшһүр ұлы ғұлама, данышпан Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған шаралар, Алтын Орданың құрылғанына 750 жыл толуына орай аудандық және облыстық деңгейдегі шаралар ұйымдастырылады.
Шіркейлі ауылының тумасы, ақын, әншілігімен жастайынан аты шыққан Күдеріқожа Көшекұлының 200 жыл толуына орай қазан айында облыстық ақындар айтысын өткізу жоспарланды.
Ауылдардың жағдайын жақсартып, ауыл халқының тұрмысын көтеру үшін «Ауыл – ел бесігі» жобасы қарқынды жұмыс істеуде. Елбасының тікелей бастамасымен қолға алынған жоба шеңберінде елді мекендерді дамытуға бағытталған ауқымды істер жүргізілуде. ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Ауыл тұрмысының сапалы болуын қамтамасыз етпей, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру мүмкін емес. Біз Елбасының «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасын жүзеге асыруды жалғастырамыз. Біз шағын елді мекендерді дамытуға қатысты өте күрделі мәселені шешуіміз қажет. Үкіметке «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыру үшін биыл бөлінген қаражат көлік, ауыз су және газбен қамтамасыз ету сияқты инфрақұрылымдық мәселелерді шешумен қатар, мектеп, аурухана, спорт алаңдарын салуға және жөндеуге жұмсалады», – деп атап өтті.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 2020 жылға республикалық және аудандық бюджеттен Ақжарма ауылында бірқатар нысанға қаржы бөлінді. Атап айтар болсақ, Садық ахун, А.Есентұров, Т.Балапанов, М.Аукенов көшесін электрлендіру, ауылішілік көшелерін (8 көше) орташа жөндеу жұмыстары және А.Есентұров, Е.Омаров, Садық ахун көшелерінде темір-бетон лотоктар орналастыру жұмыстары жоспарланды. Ақжарма елді мекенінде «Ақжарма және К» ШҚ төрағасы Қ.Нұрсейітовтың демеушілігімен тағы екі үй салу жұмыстары жүргізілуде.
Сырдария ауданы әкімдігінің қолдауымен ауданнан шыққан танымал өнер иелерінің шығармашылығына арналған 8 бөлімнен тұратын аудиодиск шығару жұмыстары биылғы жылдың қаңтар айынан бастап жүргізілуде. Аудиодискіге Сырдария ауданынан шыққан тұлғалар жайлы радио хабарлар жинағы, жазба ақындардың өлеңдерінің жинағынан аудиоантология, ауданнан шыққан күйшілердің шығармаларын жергілікті өнерпаздардың орындауындағы күйлердің және жыршы-термешілердің орындауындағы жыр-термелер топтамасы, ауданда өткізілген республикалық, облыстық айтыстардың және ауданнан шыққан композитор, сазгерлердің әндері мен елімізге танымал әншілердің аудиожазбасы енгізілетін болады.
«Тарихи маңызды жерлерді түсіріп, қазақ, орыс, ағылшын тілдеріне аударылып бейне бағдарлама дайындау қызметтері» және «Сырдария ауданына қарасты шет жақтарындағы таңбалы тастарды тауып, ғалымдарға оқытып, музейге суреттер дайындап беру қызметтері» жобасы іске асырылатын болады.
Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы тәуелсіз еліміздің рухани, мәдени, идеологиялық дамуының басымдықтарын айқындап бергенін тағы бір мәрте келтірді. Бұл міндеттерді жүзеге асыру – бүкілхалықтық іс, өз игілігімізді өз қолымызбен жасау, балаларымыздың жарқын болашағын айқындау деген сөз.
Руслан Рүстемов,
Сырдария ауданының әкімі