Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Майдангер естелігі

Майдангер естелігі

Ұлы жеңістің 75 жылдығына орай соғыс және еңбек ардагері Яхия Тасыровпен жүргізілген сұхбатта жазып алынған  естеліктерді аудандық газет бетіне жариялауды жөн көрдік. Майдан даласынан сыр шертетін ескірмейтін естеліктерді осыдан бес жыл бұрын ауданға белгілі азамат Тұрғанбай Болғанбайұлы жазып алған екен. Бұл туралы бізге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайролла Әбенұлы хабар берді.

ҚАРУЫН ТАСТАМАҒАН ЖАУЫНГЕР

1942 жылдың қысы. Біздер Сібірде жа­сақталған дивизия жауынгерлері Ста­­­­лин­град тү­біне келіп орналастық. Не­містер қоршауда. Мені станковый пулеметке оқтаушы етіп белгілеген болатын. Атқышым – Сібірден келген орыс жігіті. Пулеметті бір жерден екінші жерге көшіргенде мен дөңгелектерін көтеремін, салмағы 70 келі келеді, қалған бөлігін (16 келі) орыс жігіті көтереді. Немістер қоршаудан шығу үшін жанталасып, бір шабуылдан соң бір шабуылға шығуда. Көптеген шабуылдың бетін қайтарып, өзіміз біртіндеп алға жылжып отырдық. Сондай шабуылдың бірінде біз де қарсы шабуылға шығып, немістерді 4-5 шақырым жерге қуып тастап, жаңа шепке ор қазып, орналаса бастадық. Бір кезде: «Танкілер келіп қалды, Герасим сайына қарай кері шегініңдер» деген айқай шықты. Дереу мен дөңгелектерімді, атқышым қалғанын арқалап, шегінуге дайындалып, жан-жағымызға қарасақ, қаптаған неміс танкілер келіп қалыпты. Окоп қазып жатқандардың бірқатарын таптап, жаныштап өтіп, бізге төнді. Біз арттағы сайды бетке алып, шегіне қаштық. Танкілер қуып келеді. Атпайды, ниеті тек таптап өту. Арқада 70 келі салмақ, үстімде тон, жерде қалың қар, жүгіру өте қиын болды. Бірақ жан ұшырып, жүгіріп келемін. Бір қарасам, танк жетіп қалыпты. Қасымдағы жігітім көрінбейді. Жалт бұрылып танкінің артына түстім. Артта келе жатқан танкінің астына түспес үшін алдағы танкіден қалмай жүгіріп отырдым. Қанша жүгіргенімді білмеймін, бір кезде алдағы танк тоқтап, бұрыла бастады. Сөйтсем терең сайдың жар қабағына жеткен екен. Мен сол бойы терең сайдағы қалың қарға күмп еттім. Біраз жатқан болуым керек, үстім зіл қара тас, дөңгелектер басып қалған. Танкілері кері кеткен болу керек, бір кезде «Тірілерің бері жиналыңдар!» деген айқай шықты. Пулеметші жігітім көрінбейді. Сол жерде командир менің дөңгелектерді арқалап тұрғанымды көріп, «Пулеметші қаза тапты, енді мұның еш пайдасы жоқ, таста. Бірақ қаруды қанша ауыр болса да тастамай алып шыққан саған үлкен рақмет» – деп қолымды қысты.


11 ақпан 2020 ж. 600 0