Ауыл – ел бесігі
Ақжарма ауылында тұрғындарды жұмыспен қамтып, елді мекеннің дамуына зор үлес қосып келе жатқан іргелі екі шаруашылық бар. Екі шаруашылық та аудандық газеттің тұрақты қолдаушысы. Жақында бірлігі бекем ауылдағы шаруашылықта жұмыс істейтін Айгүл Рисбембетова есімді ана редакцияға соқты. Айтуынша, қызы Аида Әбілхан аудандық басылымның әрбір нөмірін үзбей оқиды екен. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының есімі берілген мектепте білім алатын талапты оқушы болашақта журналист болуды армандайды. Газетіміздің бүгінгі нөміріне талапты жастың ауыл туралы жазылған шағын мақаласын жариялауды жөн санадық.
Халқымыз үшін ауылдың алатын орны ерекше. Өйткені, аңызға айналған абыздың, ел басқарған дананың, саңлақ спортшылардың басым көпшілігі ауылдан түлеп ұшқан. Ауылдың қадір-қасиетін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мен үшін ауыл – бақытымның бастауы және өмірдегі ең қымбат мекен.
Бақыттың, қызықтың, берекелі тірліктің бәрі ауылдан бастау алады. Ауыл – ел бесігі. Кейде адамдар қала мен ауылды салыстырып жатады. Көпқабатты үйлер мен сәулетті нысандар орналасқан үлкен қалаларда мүмкіндіктің көп екенін айтады. Десе де ауылда да жақсы өмір сүруге болады деп ойлаймын.
Ауыл десе, еске төрт-түлік малдың оралатыны белгілі. Мен тұратын Ақжарма ауылы да мал шаруашылығымен айналысады. Сонымен қатар ауылда екі ірі шаруашылық күріш егеді. Тіректі елді мекенде соңғы жылдары жақсы жұмыстар атқарылды. Ауылымызда ауыз су тәулік бойы беріледі және жарықтан мәселе жоқ. Біз сабаққа баратын орталық алаң жөнделді, жазда бұл маңда гүлдер жайқалып тұрады. Бұл – біз үшін зор қуаныш.
Ауылымызда ардақты ақсақалдар мен аналар көп. Елді мекенде оларға құрмет көрсетудің үрдісі қалыптасқан. Мектебізде де тәрбиелік мәні зор тағылымды іс-шаралар ұйымдастырылады. Бәріміз бір үйдің баласындаймыз. Ұстаздарымыз алдымызда үлкен өмір күтіп тұрғанын, білім қуып, адал еңбек ету керектігімізді айтып отырады. Болашақта білікті журналист болуды армандаймын. Сондықтан оқушыларға арналған мерзімді басылымдарды, облыстық «Сыр бойы», «Ақмешіт жастары» және аудандық «Тіршілік тынысы» газетін үзбей оқимын. Алдағы уақытта білім берген ұстаздарымның сенімін ақтап, баспасөз саласында еңбек етіп, ауылымның жаңалықтарын ақпараттандырғым келеді.
Аида ӘБІЛХАН,
№130 Абай атындағы
орта мектептің
11 сынып оқушысы